top of page
Поиск

Ақтөбелік ұстаз оқушыларға онлайн дәріс беріп жүр



Химия пәнінің мұғалімі онлайн дәріс беруде, деп хабарлайды «Хабар 24».


Ақтөбелік ұстаз Ғалымжан Төлеуішев Назарбаев зияткерлік мектебінде еңбек етеді. Бұған дейін ол жоғарғы класстарды жауапты емтихандарға бейне таспа арқылы даярлаған болатын. Енді бұл тәжірибесі күнделікті сабақ үшін де пайдалы боп тұр.


Ғалымжан Төлеуішов мұндай дәрістерді өзінің интернеттегі парақшасында жиі өткізіп тұрады. Себебі кез келген көрермен теориялық біліммен қатар түрлі химиялық тәжірибені тамашалағанды ұнататыны белгілі. Алғашында оқушыларға қосымша ақпарат болсын деген бастама қазір көпшіліктің көңілінен шыққан. Оның себебін мұғалім химия пәнін қазақ тілінде жетік түсіндіретін ақпараттық арналардың аз болуымен түсіндіреді.


Ғалымжан Төлеуішев, химия пәнінің мұғалімі:

– Менің оқушыларым көп болса қазір елу шақты шығар. Қалғанының барлығы шеттен келген. Соңғы кезде оқушылардан сұраныс түсіп жатады. Арасында ҰБТ-ға қатысты да видео түсіріп, каналыма саламын.


Жас ұстаз оқушылар демалысқа кеткен уақытын пайдаланып, кезекті видео-дәрістерін түсіруге кіріскен. Алдағы 3 ай ішінде 8-кластың кестелік тақырыптарын шығаруды жоспарлап отыр. Себебі қашықтан білім беру қажеттігі туған сәтте интернет таптырмас көмекші.


Ғалымжан Төлеуішев, химия пәнінің мұғалімі:

– Енді келесі тоқсан, сегізінші класта біздер көміртегі бойынша тақырыптар өтеміз. сосын су бойынша. Соған қатысты видеолар түсірейін деп отырмын.


Сондықтан жас педагогтың интернет парақшасындағы мыңға жуық көрермені үшін сегізінші класс тақырыбын терең игеруге мүмкіндік туындайды. Күнделікті онлайн байланысқа шығу арқылы оқушылардың сұрақтарына да жауап беруге дайын.

bottom of page