Қазақстанда жаңа ереже бойынша аттестациядан өтпеген мұғалімдерді жұмыстан шығармайды. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова хабарлады.
Аттестация ережесіне сәйкес, педагогикалық шеберлікттің төрт санаты -модератор, сарапшы, зерттеуші немесе шебер бойынша тестілеуден өтіп, эссе жазу қажет. Педагог төрт санаттың біреуін растаса, соған қарай қызметтік жалақысына 30-50 проценттік үстемеақы алады.
"Аттестация педагогтерді жұмыстан шығару процедурасы емес, бұл - олардың ынталандыру механизмі. Аттестация педагогтердің біліктілігіні және жалақысын көтеру мақсатында өткізіліп тұрады. Жаңа ережеге сәйкес, педагог қызметтік жалақысына 30-50 проценттік үстемеақы алады. Қазіргі аттестацияны 2018 жылғымен салыстырсақ, дәл осы үстемеақылар жағынан үлкен айырмашылық бар", – дейді Каринова.
Осы орайда вице-министр нақты мысалды да келтірді. Мәселен, педагогтың жалақысы 100 мың теңге болса, аттестациядан кейін тағы 50 мың теңгелік үстемеақы алуға мүмкіндік бар.
Айта кетері, білім және ғылым министрі 12 қараша күнгі бұйрығымен балабақшада, мектепте, колледжде және басқа да білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді аттестациядан өткізу туралы ережеге өзгеріс енгізген болатын.
Commenti