Мұғалімдерден Білім және ғылым министрлігі бұйрығында жоқ есепті талап еткендерге қатаң шара қолданамыз. Республикалық педагогикалық кеңесте ҚР Білім министрі Асхат Аймағамбетов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз бұл мәселені бірнеше мәрте көтердік, тағы да қайталап айтамын. Директорларға, олардың орынбасарларына, білім бөлімдері мен білім басқармаларына ескертемін. Министрліктің бұйрығында жоқ есептерді талап ету фактілері расталатын болса, онда өте қатаң шаралар қолданамыз. Оны сіздер оқымайсыздар да, оқуға да ешкімнің уақыты жоқ. Оның әкетіп бара жатқан ешқандай тиімділігі де жоқ. Бостан босқа әйтеуір есеп жинау. Дегенмен, мұның алдында болған жағдаймен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылық бар. Бірақ, кейбір мектептерде әлі күнге дейін мұндай фактілер тіркеліп отыр», - деді министр.
Сонымен қатар ол мұғалімдер өзіне жүктелген қызметпен ғана айналысуы тиіс екендігін, құзыретіне кірмейтін басқа жұмысқа тартылмауы керектігін баса айтты.
«Мұғалім өзінің сабағын жүргізуі және оны сапалы өткізуі тиіс. Міне, біз осыны талап етуіміз қажет. Бұл жерде ешкім дауласа алмайды», - деді Асхат Аймағамбетов.
Автор: Марлан Жиембай
Comments