top of page
Search

Білім министрі: Басқарушы элитаны үнемі жаңартып отыру қажет


Кез-келген саланың серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін басқарушы элитаны үнемі жаңартып отыру қажет екені белгілі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Реформаларды жүзеге асыратын – білікті кадрлар. Сондықтан оңтайлы өзгерістер орын алуы үшін тәжірибелі және өзіндік жаңа көзқарасы қалыптасқан жаңа буын өкілдерін тарту қажет.


Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті жастарды мемлекетті басқару ісіне тарту мәселесіне көп көңіл бөледі. Мәселен, Жастар кадрлық резервін қалыптастыру, мемлекеттік қызметті реформалау және Мемлекет басшысының басқа да бастамалары қолға алынды.


Біз Президенттің саясатын, соның ішінде білім беру жүйесіне жаңа көшбасшыларды тарту бойынша жұмыстарды жалғастырып келеміз.


Жаңа көшбасшылар - өз елін, жерін сүйетін патриоттардан құралған жас ұрпақ. Көбінің халықаралық тәжірибесі бар, олар - кәсіби ортада кеңінен танымал және маман ретінде қалыптасқан тұлғалар.


Тағайындалған басшылардың басым бөлігі «Болашақ» бағдарламасының түлектері және әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алған болса, енді бір бөлігі Назарбаев Университетінде оқыған немесе жұмыс істеген мамандар», - деді министр.


Оның айтуынша тек соңғы үш айдың ішінде Абай атындағы ҚазҰПУ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, Қыздар ұлттық университеті, Сәтбаев Университеті, Қозыбаев Университеті сияқты жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары болып зор әлеуеті мен мол тәжірибесі бар көшбасшылар тағайындалды.


«Бұл ретте адами капиталды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру кезінде жергілікті жерлердегі жағдайды неғұрлым сапалы және толық ескеру үшін біз өңірлерде қызмет атқарып жатқан мамандарды жұмысқа белсенді түрде тартуға тырысамыз.


Жас көшбасшылар өз білімі мен тәжірибесін еліміздің гүлденуі жолында пайдаланып, еңбек үлестерін қосқылары келеді. Олардың әрқайсысына үлкен үміт артылып отыр», - деді министр.



Автор: Руслан Ғаббасов


#ҚР Білім және ғылым министрлігі #Президент тапсырмалары #Жастар #Президенттік кадр резерві #Президент Жолдауы 2020


Comments


bottom of page