top of page
Search

Білім министрі Жамбыл облысындағы вакцина зауыты жөнінде айтып берді


ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жамбыл облысындағы вакцина шығаратын зауыт құрылысы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Жамбыл облысындағы зауыт бойынша құрылыс жүріп жатыр және өңір әкімдігі бірнеше рет ақпарат берді. Ережеге сәйкес біз Білім және ғылым министрлігі ретінде зауыттар салу, дәрілік препараттар, вакциналар шығару бойынша құзыретіміз жоқ, сондықтан заңнамаға сәйкес зауытты да өзіміз сала алмаймыз. Сондықтан бұл қаражат Жамбыл облысының әкімдігіне берілді. Қазіргі уақытта Жамбыл облысының әкімдігі тапсырыс беруші ретінде конкурс өткізіп, жобалық-сметалық құжаттама дайындап, аталған құжатқа мемлекеттік сараптама алды. Бұдан әрі мердігермен шарт жасасып, зауыт салуды бастады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Оның айтуынша, қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Жабдықтары шамамен 100% жеткізілген.


«Біздің алдымызда үлкен міндет тұр – жалпы зауыттың өзі GMP жоғары талаптарына сай келуі тиіс: таза ғимараттар, арнайы талаптар, алдын ала валидацияға, вакцинаның тұрақтылығына, таңбалауға қойылатын талаптар бар. Осыған байланысты зауытты іске қосу алдында ауқымды жұмыс жүргізу қажет, оны қазір Жамбыл облысының әкімдігі мен мердігер жүргізеді», - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.


Автор: Айжан Серікжанқызы


#Жамбыл облысы #ҚР Білім және ғылым министрлігі #Коронавирус #Вакцина


Comentarios


bottom of page