Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев университтердегі тәрбие жұмысын сынады.
Оның айтуынша, жоғары оқу орындарындағы тәрибе жұмысын сапалы деңгейге көтеру үшін тиісті шаралар қабылдануы қажет.
Күрішбаев вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысына тоқталды.
Күрішбаевтың мәліметіне сүйенсек, бас прокуратура жыл сайын колледждер мен университеттердің шамамен 1,5 мың студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы хабарлаған.
"2020 жылы 18-30 жас аралығындағы 4 207 жас есірткі қолданғаны үшін есепке алынды. Олардың ішінде университеттерде оқитындар аз емес", – деді сенатор.
Депутат университет басшылары студенттерге "тұлға" емес, университетке "қаржы түсірудің көзі" ретінде қарайды.
"Анығын айтсақ, көптеген жоғары оқу орнында кадр даярлау қарапайым бизнеске айналып кетті. Тіпті, университеттерді аккредиттеу жүйесінде студенттердің тәрбие жұмысы қарастырылмаған. Жалпы, біздің тәрбие жүйеміз ұлттық құндылықтарымызға негізделуі керек. Өкінішке қарай, соңғы кезде, әсіресе, халықаралық деңгейдегі университеттерде батыстық ұстанымдарға еліктеу орын алуда", – деп қапаланды депутат.
Ол көптеген оқу орнында тәрбиелеу үдерісі есеп беру үшін ұйымдастырылатын имидждік шаралар деңгейінде қалып отырғанын айтты.
"Кураторларға қосымша ақы аз төленетіндіктен, педагогтердің жұмыс істеуге ынтасы жоқ. Оқу орындарында психологтар жетіспейді, кәсіби теолог мамандар жоқ", - деді ол.
Оның айтуынша, қазір жастар арасында әскери кафедралардың курсанты болуға сұраныс көп. Сондықтан әскери кафедралардың рөлін отансүйгіштікке баул бағытында пайдаланып, квота санын арттыру қажет.
Депутат білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктері әкімдіктермен бірігіп, жастарды жаппай спортқа тартудың кешенді жобасын әзірлеп, спорттық кешендерді қолжетімді етуі керектігін айтты.
Ол жоғары оқу орындары мен колледждерде тәрбие жұмысын сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін қажетті шаралар қабылдауды ұсынды.
Commentaires