top of page
Search

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында пәнаралық байланыс картасы арқылы оқушылардың дәлелді ойлау қабілеттерін дамыту

Ж. К. КАНАФИНА, Д. Б. ЕСИМОВА, С. Қ. ШАРИПОВА,

Петропавл қ. ХББ НЗМ мектебінің

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері 



Оқушылардың дәлелді жазу дағдыларын дамыту білім берудің маңызды міндеті болып табылады, өйткені ол сыни ойлауды, аналитикалық қабілеттерді дамытуға және өз пікірін білдіруге ықпал етеді. Бұл зерттеуде қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында дәлелді жазуды үйрету үшін пәнаралық байланыстар карталарын пайдалану мүмкіндігі қарастырылады.

Орыс сыныптарында қазақ тілін меңгертуде көптеген қиындықтар бар екені сөзсіз. Алайда НЗМ қазақ тілін оқыту бағдарламасы барлық қиындықтарды ескеріп, жақсы құрастырылғанын оқушылардың нәтижелері арқылы көз жеткіземіз. Жалпы барлық пәндер арасындағы байланыс өте жақсы үйлесім табады.  Қазақ тілі мен әдебиет пәнінін лексикалық тақырыптары басқа пәндермен тығыз байланысты болып келеді.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мектеп бағдарламасындағы өзге пәндермен кіріктіріліп оқытылуының негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына лайықталған әртүрлі тақырыптарға ұсынылған оқылым, тыңдалым материалдарының негізінде сөздік қорларын молайту, таным көкжиегін кеңейту және көпмәдениетті әлемнің кез келген заманауи мәселесі төңірегінде өз ойын білдіруге, түрлі тақырыптарда талқылауға үйрету, яғни коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастыру. Қазақ тілі мен әдебиетін басқа пәндермен интеграциялау оқушылардың эрудициясын, логикалық ойлауын дамытады, кәсіби және жалпы мәдени құзыреттіліктерін қалыптастырады, оқушылардың тарих, география, биология, өнер, физика және басқа пәндер бойынша қосымша білім алуына жол ашады. Сонымен қатар шығармашылықтың негізі болып табылатын интеллект, есте сақтау және шығармашылық қиялды дамытады [1].   Бағдарламада пәнаралық байланыстың тілді меңгертудегі маңызы айқын көрсетілген. Биылғы жылдан бағдарламаға «Пәнаралық концепті» ұғымы енгізілген, ол концепт оқушылардың функционалды сауаттылығын дамытуға әсер етеді. Дегенмен барлық оқушылар осы байланысты анықтап, басқа пәндерден алған білімдерін қолдана алмайды, сондықтан осы мәселе зерттеу тақырыбымыз болып отыр.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің негізгі мектебінде (6-10 сыныптар) «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша оқушылардың білім, білік және  дағдыға қойылатын талаптары «Шет  тілін меңгерудің жалпы еуропалық құзыреті» (CEFR) деңгейлерін (С1)  негізге ала отырып айқындалған және әр деңгей соңында күтілетін нәтижелер түрінде берілген [2].  Сол күтілетін нәтижелердің қатарында өз ойын еркін, дәлелді жеткізу деген критерий де белгіленген. Сондықтан дәлелді сөйлеуге, дәлелді жазуға пәнаралық байланыс арқылы дағдыландыруды жүзеге асыру мақсатында өз зерттеуімізді жүргіздік.   

 

Зерттеу мақсаты

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың дәлелді жазу дағдыларын дамытуда пәнаралық байланыстар карталарын пайдаланудың тиімділігін бақылау.

 

Зерттеу әдістері

Теориялық: Пәнаралық байланыс, НЗМ көлденең жоспарлау үрдісі, оқушылардың дәлелді ойлау қабілеттерін дамыту

Эксперименталды-теориялық: сабақты зерттеу, әзірленген пәнаралық байланыстар карталарын құрастыру.

Күтілетін нәтижелер

-   Тиімді пәнаралық байланыс картасын құрастыру;

-    Пәнаралық байланыс картасынның тиімділігін анықтау;

-    Жазбаша/ауызша жұмыстарда басқа пәндерден алған білімдерін қолдана алуларын бақылау/

Теориялық бөлім

Зерттеуіміз сапалы болуы үшін пәнаралық байланысқа қатысты түрлі ақпарат көздерін зерделедік.

Пәнаралық байланыстар – біріншіден, оқу пәндері арасында объективті түрде болатын мақсатты және мазмұнды сәйкестіктер, екіншіден, белгілі бір құбылыстарды зерттеу барысында осы материалды пайдаланудың ұйымдастырушылық формалары.

Джон Хэтци (Джон Хатти) сияқты зерттеушілердің еңбектерінде ақпаратты, соның ішінде пәнаралық байланыс карталарын визуализациялау оқу процесін  және оқу сапасын жақсартуға ықпал ететіні көрсетілген. Мұндай карталар әртүрлі пәндер арасындағы білім мен қатынастарды құрылымдауға көмектеседі, бұл оқушылардың оқу материалын толық түсінуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар Жером Брунсфорд (Джером Брунер) мен Льюис Терманның (Льюис Терман) зерттеулері пәнаралық карталар сияқты визуалды оқыту құралдарын пайдалану студенттердің материалды тереңірек және өнімді игеруіне ықпал ететінін көрсетті [3]. 

Дәлелді жазу/сөйлеу үшін басқа пәндерден алынған білімді пайдалану маңызды:

1. Сенімді сөйлеу: барлық пәндерден алған білім сенімді түрде дәлелді сөйлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, егер технологиялардың қоғамға әсері туралы информатика пәнінен алған білімдер тереңірек және негізді талдау жасауға көмектеседі.

2. Дүниетанымның кеңеюі: әртүрлі пәндерден алған білім ой-өрісті кеңейтеді және проблемаларды әртүрлі тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл мазмұнды және сапалы сөйлеуге/жазуға мүмкіндік береді.

3. Мысалдар мен иллюстрациялар: басқа пәндерден алған дәлелдерді қолдану үшін мысалдар келтіруге және иллюстрациялар жасауға болады. Мысалы, тарихи фактілерді немесе географиялық деректерді пайдалану дәлелді көрнекі және түсінікті ете алады.

4. Кешенді талдау: әртүрлі пәндерден алынған білім проблеманы немесе құбылысты тереңірек және жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Бұл неғұрлым негізделген және сапалы дәлелді сөйлеуге/жазуға көмектеседі.

Осылайша, дәлелді жазу үшін басқа пәндерден алынған білімді пайдалану сенімділікті арттырады, ой-өрісті кеңейтеді, мәтінді мысалдар мен иллюстрациялармен байытады және проблеманы немесе құбылысты тереңірек талдауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда әртүрлі пәндерден алынған білімдерін қазақ тілінде идеяларды дәлелдеу үшін пайдаланылуы мүмкін.

Қазақстан тарихы:

Тарихи фактілер мен оқиғаларды білу тілдің тарихи аспектілерін, оның дамуын және басқа мәдениеттердің әсерін дәлелдеуге көмектеседі. Қазақ тіліндегі тарихи дереккөздерден алынған дәйексөздерді қолдану мәтіндегі дәлелді қолдай алады.

География:

Қазақстанның географиялық ерекшеліктерін білу тиісті терминологияны қолдануға және құбылыстар мен жергілікті жерлерді қазақ тілінде сипаттауға мүмкіндік береді. Дәлелдерді немесе мәтінді иллюстрациялауды күшейту үшін географиядан мысалдарды қолдану.

Информатика:

Қазақ тіліндегі информатика терминдері мен ұғымдарын білу қоғамның технологиялық аспектілері туралы мәтіндер жазу кезінде пайдалы болуы мүмкін. Қазақ тілін ақпараттық технологияларда және интернет-ортада қолдану пайдасына дәлелдеу.

Химия және биология:

Экологиялық проблемаларға, салауатты өмір салтына және т. б. қатысты мәтіндерде дәлелдеу үшін қазақ тіліндегі химия және биология терминдерін қолдану. Әртүрлі құбылыстар мен фактілерді түсіндіру үшін қазақ тіліндегі химиялық және биологиялық процестердің сипаттамасы.

Дене шынықтыру: Салауатты өмір салты мен дене белсенділігі туралы аргументтерді қолдану үшін қазақ тіліндегі спорттық іс-шаралардың, дене шынықтыру және спорт сабақтарының сипаттамасы.

Мәселені айқындау мақсатында 9-сынып оқушыларынан сауалнама алынды. Сауалнамаға 32 орыс тілінде білім алатын оқушылар қатысты. Олардың барлығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің тақырыптары басқа пәндермен тығыз байланысы бар екенін байқайтындары анықталды.

Сауалнамаға қатысқан оқушылар география, информатика,физика, биология, Қазақстан тарихы сынды пәндермен үндестік бар екенін байқағандарын көрсетті. Сауалнама барысында Қазақстан тарихы пәнімен байланысты 22 оқушы атап өтті. 19 оқушының көзқарасы бойынша орыс тілі мен әдебиеті пәнімен байланыс болса, 16 оқушы география пәнін,12 оқушы ағылшын тілі пәнін  белгіледі. Пәнаралық байланыста төмен көрсеткіш математика пәні екені байқалды. (сурет №1)


Сурет №1



Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бір ерекшелігі ретінде Көлденең жоспарлау үрдісі жүргізілетіндігін атап өтуге болады. Біздің зерттеуімізге тікелей қатысы бар үдеріс. Көлденең жоспарлау үдерісінде оқыту мен білім берудің келесі аспектілері мен тәсілдері қарастырылуы мүмкін:

·  саралау;

• ресурстарды бөлісу;

• білім алушылардың жүктеме мәселелерін шешу (үй тапсырмасының көлемі);

• орта және интеграциялау және теңестіру;

• бірлескен міндеттерді жобалау;

• бір параллельде оқитын білім алушылар үшін оқу үдерісін жоспарлау.

Көлденең жоспарлаудың сипаттамалары:

- әртүрлі пән мұғалімдеріне белгілі бір оқу жылында қалай оқыту керектігін түсінуге көмектеседі;

- білім алушылардың дағдыларын дамыту мүмкіндігі бар;

- оқуға біртұтас көзқарасты дамыту [4].

Жоспарымызға сай зерттеуіміздің ең көлемді жұмысы 9-сыныптың тақырыптарын басқа пәндерімен байланысты нақты анықтау үшін басқа пән мұғалімдерімен берлесе отыра Көлденең жоспарлауды жүргізу болып табылады. Осы жоспарлау кезінде басқа пән мұғалімдерімен бірлесе отыра, ортақ тақырыптар мен оқу мақсаттары анықталды.

Зерттеу объектісі ретінде орыс тілінде білім алатын 9Т2 сыныптары алынды, зерттеу кезеңі бағдарламаның «ЖаҺандану» бөліміне сәйкес келді. Тақырып көлемді болғандықтан, тақырыпты ықшамдап, нақтыладық. Жаһанданудың мәдениетке, демография, технология мен информатика, климатқа әсері қарастырылды. Осыдан Қазақстан тарихы, география, информатика, биология, химия пәндерімен байланыс анықталды.

Сурет №2

 



Зерттеу үшін фокус топқа А оқушы деп сауалнамада пәнаралық байланысты қолдану керек екенін білетін және іс жүзінде қолданатын оқушы, В оқушы сауалнамада пәнаралық байланысты қолдану керек екенін біледі, бірақ қолданбаймын деп жауап берген оқушы алынды, ал С оқушы ретінде сауалнамада пәнаралық байланысты қолдану керек екенін білмеймін және қолданбаймын деген оқушылар белгіленді. (сурет №2)

Зерттеулер, сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында пәнаралық байланыстар карталарын пайдалану ассоциативті ойлауды, логикалық ойлауды және дәлелді сөздер құра білуді дамытуға ықпал ететіндігін көрсетті.

Зерттеуіміздің бірінші циклында «Жаһандану үрдісінің Қазақстанға әсері» тақырыбы бойынша оқушыларға пәндер ғана көрсетіліп берілді. Пәнаралық картасы ретінде бос ұяшықтары бар графикалық органайзерді толтырулары тиіс.


Сурет №3



Алайда сабақтан кейінгі және мұғалімдердің А, В, С оқушыларын бақылауын талдау кезеңде ұсынылған органайзер алған білімдерін өздігінен естеріне түсіруге шектеулі түрде мүмкіндік берді. Әрі қазақ тілінен сөздік қоры шектеулі оқушылар үшін алған білімдерін қазақ тілінде жеткізу қиынға тигені талданды. Ал С оқушысы сауалнамада көрсеткендей пәнаралық байланыстың маңыздылығын түсінеді, бірақ қолданбауынының себебін көрсетеді. Сондықтан зерттеуіміздің келесі сабағын жоспарлау кезінде осы кедергілерді ескере отырып, пәнаралық байланыс картасына өзгертулер енгізілді. С оқушысына пәнаралық байланыс картасына қажетті сөз тіркестері мен арнайы терминдер енгізілді. Бұл сабақта топтық жұмыс формасы қолданылды, бұл жерде мықты оқушылардың жұмысы басым болғандығы анықталды.  Сондықтан келесі зерттеу сабағына топтың әр мүшесі өз үлесін қосатындай етіп, органайзердің әр бөліктеріне жауапты оқушыны белгілеу керек екеніне көзіміз жетті. (сурет №3)


Сурет №4



Жетілдірілген органайзер түріндегі картамыз үлгерімі төмен оқушыларды ынталандырады: ақпаратты өз бетінше іздеуге деген қызығушылық артады; ұжыммен жұмыс істеуге деген сенімділік және дәлелдер келтіре отырып, көпшілік алдында сөйлеу, логикалық ойлау қабілеті артқандығын байқадық.

Зерттеуіміздің екінші сабағында енгізілген өзгерістер А,В,С оқушыларынның жұмысын жақсартуға әсер еткендігін негізгі бақылауда ұстадық. Жаһандану үрдісінің Қазақстанға

әсерін талдау барысында барлық оқушылар басқа пәндерден алған білімдерін қолдануға тырысты, алайда мұғалімнің бағыттауы көмек ретінде үнемі жүргізіліп отырды. Зерттеу циклының үшінші сабағында әр пәнге қатысты тірек сөздер беру керек екені анықталды. Ол оқушыларға мұғалімнің көмегінсіз-ақ алған білімдерін қолдануға мүмкіндік береді деген нәтиже күтілді және нақты статистикалық деректер өңделген мәтіндер мен ресурстарын ұсыну оқушылардың білімдерін тереңдеуге көмектесетінін ескердік. (сурет №4) 


Сурет №5



Зерттеуіміздің сабақтан кейінгі әңгіме бізге пайдаланылған пәнаралық байланыс картасы жұмыс істеуге қалай көмектескенін, қандай сөз тіркестері мен арнайы терминдерді дайындау керек екенін, бейімделген мәтіннің немесе басқа ресурстың қаншалықты көмектескенін, пайдаланылған лексиканың қабылдау үшін қолжетімді болғанын және т.б. түсінуге мүмкіндік береді.

Үшінші сабағында барлық талданған мәселелерді ескеріп, жетілдірілген пәнаралық байланыс картасы қолданылды. Сабақты бақылау кезінде бұл картаның тиімділігі анық байқалады. Оқушылардың жазбаша жауаптарынан сенімділік, мықты дәлелдер кетірілгендігін байқадық. (сурет №5) 



Қорытынды сауалнама ашық сұрақтар түрінде жүргізілді. Сауалнама барысында оқушыларға ашық сұрақтар берілді. 1. Пәнаралық байланыс картасы дәлелді жазуға ықпалы болды ма? деген сұраққа 5 оқушы «иә, көмектесті», 6 оқушы «ықпалы болды», 3 оқушы «карта жасау арқылы дәлелді жауап бердім» деп жауап берді. 2. Пәнаралық байланыс картасы бойынша топта жұмыс жасау ыңғайлы ма? деген сауалға 6 оқушы «картаны топта жасауға маған ыңғайлы болды», 3 оқушы «Топтық жұмыс арқылы басқа сыныптастарымның көмегін ала алдым», 4 оқушы «карта жасауда топтық шешім шығару қиын болмады» деген жауап берілді. Оқушылардың кері байланысы арқылы қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында топтың жұмыста пәнаралық байланыс картасының тиімді екені анықталды.

Осылайша, пәнаралық байланыс карталарын пайдалана отырып, оқушылардың дәлелді жазу дағдыларын дамыту бойынша зерттеулер оң нәтижелерді көрсетті. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқытудың осындай тәсілінің тиімділігін растайды. Осы саладағы қосымша зерттеулер пәнаралық байланыс карталарының оқушылардың дәлелді жазу дағдыларын дамытуға әсер ету механизмдерін егжей-тегжейлі зерттеуге көмектеседі.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі: 

1. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламасы. – NIS-Programme, 2023 ж.

2. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламасы. – NIS-Programme, 2018 ж.

3. «Видимое обучение для учителей», Джон Хэтти, 2017.  

4. Орта білім беру ұйымдарында сабақтарды қысқа мерзімді жоспарлау бойынша әдістемелік ұсынымдар – Астана қаласы: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2023 – 176 б.

 

 

АННОТАЦИЯ

Авторы рассматривают использование межпредметных связей на уроках казахского языка на примере программы Назарбаев интеллектуальных школ. Исследование показывает, что интеграция казахского языка с другими предметами, такими как история Казахстана, география, информатика, химия, биология и физическая культура, способствует более глубокому и системному пониманию учебного материала. Применение карт межпредметных связей помогает развивать ассоциативное мышление учащихся, улучшает их умение строить аргументированные высказывания. В заключение авторы отмечают, что использование межпредметных связей на уроках казахского языка способствует более эффективному обучению и развитию учащихся.


ANNOTATION

The article examines the use of interdisciplinary connections in Kazakh language lessons using the example of the Nazarbayev Intellectual Schools program. The study shows that integrating the Kazakh language with other subjects such as the history of Kazakhstan, geography, computer science, chemistry, biology, and physical education contributes to a deeper and more systematic understanding of the study material. The use of interdisciplinary connection maps helps develop students' associative thinking and improves their ability to construct reasoned arguments. In conclusion, the authors note that using interdisciplinary connections in Kazakh language lessons contributes to more effective learning and student development

bottom of page