top of page
Поиск

«Ханбок және мен: сауығуға апарар жол» корей ұлттық киімдерінің көрмесі ашылды

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музейінде «Ханбок және мен: сауығуға апарар жол» корей ұлттық киімдерінің көрмесі ашылды. Көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасы аясында Қазақстан Республикасы мен Корей Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Ханбок сөзі «корей костюмі» дегенді білдіреді. ХХ ғасырда ханбок заман талабына сай икемделгенімен, әлі де суретшілерге шабыт сыйлап, корей мәдениетінде байырғыдай ерекше орын алады.

Іс-шараны аталмыш кітапхана директоры Әмірхан Рахымжанов ашты.

– Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үн қатысу» халықаралық жобасы көп жыл бойы өзінің қажеттілігін дәлелдеп келеді. Бүгінгі оқиға – Корей мәдени орталығымен бірлесе өткізіп отырған үшінші іс-шарамыз. Біз бүгін корей ұлттық киімі - ханбок туралы көптеген қызықты мағлұматтар аламыз. Бұл аса құнды ақпарат, өйткені жаһандану жағдайында ұлттық киім халықтың тарихы мен дәстүрінен сыр шертетін «зәкір» тәрізді,-деп атап өтті ол.

Көрменің ашылуына Әзірбайжан, Ватикан, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ресей, Румыния, Польша, Жапония мемлекеттерінің елшілері мен дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, музейлер мен мәдени орталықтар, ҚР суретшілер одағы және басқа да ұйым өкілдері қатысты.

- Көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Елбасы кітапханасының басшылығына алғыс білдіремін. Сондай-ақ көрменің ашылуына арнайы Корей Республикасынан келген дизайнерлерге де алғыс айтамын. Соңғы кезде корей сериалдары, музыкасы, мәдени іс-шаралары арқылы адамдардың халқымыздың мәдениетіне деген қызығушылығының артуы мені қуантады. Бүгін сіздер корей ұлттық киімі - ханбоктың сұлулығын тамашалап, оның уақыт ағынымен көркем бейнесінің, дизайнының өзгеруін байқайсыздар. Келушілер бүгінгі көрмеден ләззат алады және Корей мен Қазақстан арасындағы мәдени қатынастар одан әрі жақсарып, дами береді деп ойлаймын, - деп атап өтті Қазақстандағы Корей Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсик.

Көрменің ашылуы барысында корей ұлттық киімдері топтамасының көрсетілімі – дефиле өтті.

Көрмеде ұсынылған суретші Квак Гончжу мен сәнгер Ро Чжухённың шығармашылық одағынының туындылары өзіндік композицияларымен ерекшеленеді. Суретшілер өз шығармаларын өмірбаяндық сипатта көрсетеді: туындылар өткен, қазіргі және болашаққа қатысты өмірдің маңызды кезеңдерін қамтиды. Көрмеге 10-нан астам ханбок костюмдері мен «Ханджи» корей қағазына түсірілген 45-ке жуық заманауи графикалық шығармалар ұсынылған, олар көрермендерді киім арқылы адамның тұлғалық бейнесі туралы ойлануға жетелейді.

– Корей тілінде «сызықты салу» тек іс-әрекетті ғана емес, қоршаған ортамен қарым-қатынасты да білдіреді. Кейбір жағдайда байланыс орнату үшін оларды біріктірсек, басқа жағдайда жеке кеңістігіміздің сызығын бөліп қоямыз. Сызықтар – бізді туғандарымызбен, достарымызбен және қоршаған ортамен біріктіретін дәнекер. Туындыларым арқылы сезімдерімді, эмоцияларымды, уайымдарымды жеткіздім, өзімді және өзіндік жолымды ұғындым. Осы көрме арқылы сіздер де сауығудың өзіндік жолын, өз жолдарыңызды табасыздар деп сенемін, - деді графикалық дизайнер Квак Гончжу.

Көрме 5 қарашаға дейін жалғасады.

bottom of page