top of page
Поиск

Елімізде Тұңғыш Президент күніне орай жалпыреспубликалық ашық сабақ өтті


Ызғары бар демесең, желтоқсан қазақ үшін қашаннан қастерлі. Мәселен, 1991 жылы тап осы айда тарихи оқиғаны бастан кешіріп, егемен еліміздің алғашқы Президентін сайладық.


Қазір мұқым жаһан жұрты Нұрсұлтан Назарбаевты көреген саясаткер ретінде мойындайды. Ал Қазақстанмен дамуы қарқынды мемлекет ретінде санасады. Жоғарыда аталған жалпыреспубликалық ашық сабақтар осыны жас ұрпақтың санасына құюды көздейді.


Еліміздің тұтқасын ұстап, туын көтерген тұғырлы басшы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының ерең ерлігін паш етуге арналған ашық тәрбие сағаты Солтүстік Қазақстан облысындағы барлық мектептерде өтті. Оған 71 мыңннан астам оқушы қатысты. Петропавлдағы қазақ мектеп гимназиясының тәрбиеленушілері болса, осы күні алдымен «Жас Ұлан» ұйымына қабылданды. Кейін Елбасы жайлы арнайы фильмді тамашалап, өз ойларын ортаға салды.


Бекзат Бағдат, оқушы:

- 1 желтоқсан тарихымыздың ақ парағы ашылған күн. Тәуелсіздікті тұғырына қондырған, елді бірлікке шақырған Ұлт көшбасшысы 1 желтоқсанда ел тізгінін ұстады. Осы мереке қарсаңында «Жас Ұлан» ұйымына қабылданып, ант бердім. Сабағымды жақсы оқып, Елбасы секілді елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді.


Ал Тараздағы нөмірі 30-мектептегі сабақ әңгімелесу форматында ұйымдастырылды. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі туралы қалам тербеген қоғам қайраткері Мейрамбек Төлепберген оқушыларға еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен Елбасының ел дамуына қосқан үлесі туралы айтып берді.


Мейрамбек Төлепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Мен енді «Егемен Қазақстан» газетінде журналист болып жүргенде, Елбасымен талай іссапарда бірге болдым. Сол кездерде, әсіресе шетелде біздің қазақ Президентінің ерекше беделге ие екенініне талай куә болдым. Сондай-ақ әр ацмақты аралаған кезде Елбасы Қазақстан осы облыстардағы әрбір азаматты, диқанды да, шағын бизнесте жүрген азаматты немесе мықты ісер азаматтың барлығын таниды. Бұл деген сөз туған елінің барлық азаматына өзі сияқты қарайтынын білдіреді.


Жалпыреспубликалық ашық сабақ Атырау қаласындағы 59 мектепте бір мезетте ұйымдастырылды. Ол «Қазіргі Қазақстан: Елбасының көшбасшылық сабақтары» деген тақырыпта өтті. Шара барысында Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен оның әлемдегі тарихи оқиғаларға қосқан үлесі сөз болды.


Сұлухан Мақсұт, оқушы:

- Біз үшін Президент көптеген жақсылықтар жасады. Осыған орай біздің мектепте көптеген шаралар өткізілуде. Ол біз үшін елі сүйген, елін сүйген Елбасы боп қала береді.


Елбасының ел үшін сіңірген ерен еңбегін насихаттауға арналған тәрбие сағаты Ақтөбе өңірдегі 400-ден астам білім ұясымен 43 техникалық және кәсіптік оқу орнында өткізілді. Онда Елбасының өмірбаяны мен көшбасшылық қызметі, халыққа арнаған жолдаулары, жас мемлекеттің жаңа астанасын тұрғызуы, ел аумағының шекарасын белгілеу бағытында әңгіме өрбіді. Шараға мұғалімдерден бөлек ардагерлермен танымал тұлғалар да қатысты.


Амангелді Айталы, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Әрине жастар үлкен ықыласпен Елбасының өмір жолын, өткен кезеңдерін тыңдап, маған сұрақтар да беріп жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы салған үлкен жолды бұлардың өмір жолына, олардың болашақ қадамдарына қарай арнау. Сондықтан бұл сағаттардың тәрбиелік мәні міне осында деп ойлаймын.


Өскемендік балалар ашық тәрбие сағатына ерекше дайындалған. Әсіресе жоғарғы сынып оқушылары Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын өздігімен оқып, сол арқылы Елбасы портретін бейнеледі. Ал сабақ дебат түрінде өтті.

bottom of page