top of page
Поиск

Алдағы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 2 есеге көбеймек


2025 жылға қарай білім мен ғылымға жұмсалатын шығындар еліміздің жалпы ішкі өнімінің 7 процентіне дейін өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».


Осылайша алдағы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 2 есеге көбеймек. Үкімет білім мен ғылымды дамытудың жаңа 5 жылдық бағдарламасын мақұлдады. Бұған дейін жоба жергілікті жерлерде талқылаудан өткен болатын. Бағдарлама келесі жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды. Салада қандай өзгерістер болмақ? Жаңа жобада неге басымдық беріледі?


2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару облыстық деңгейге ауысады. Қаржыландыру да облыстық деңгейге көтерілетін болады. Енді білім мекемелерінің басшылары жаңа жүйемен тағайындалады. Яғни ротациялау арқылы ауыстыру жүйесі қолданылады. Сондай-ақ жуық арада лицензиясы тоқтатылған жоғары оқу орындарының мұнан кейінгі тағдырының қалай болатындығы да белгілі болмақ.


Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, елімізде талапқа сай келмейтін универсиеттер жабылуы мүмкін. Қазіргі таңда 5 жоғарғы оқу орнының лицензиясы уақытша тоқтатылған. 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді. Олардың нақты қандай жоғары оқу орындары екендігі жақында жарияланады.


Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Жоғары оқу орындары мемлекеттің қойған талаптарына сәйкес келмесе, жабылуы мүмкін. Олардың ғимараттары, санитарлық гигиеналық талаптары бойынша, олардың балаларды қабылдағанда, мысалы, біріңғай тестілеудің нәтижесі бойынша сертификаттарды қабылдау бойынша. ЖОО тиісті білім беру керек.


Білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағдарламасына сәйкес, қауіпсіздік мәселесі басты назарға алынады. Осыған орай 1-2 жылдың ішінде барлық мектеп бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілмек. Қауіпсіздік демекші, соңғы уақытта ата-аналардың жауапкершіліксіздігі салдарынан балалардың терезеден құлап кету деректері көбейіп барады. Бұл мәселеде бүгін назардан тыс қалмады.


Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Соңғы кездері балалардың қауіпсіздік мәселесі балаларды алаңдатып отыр. Президент те осы мәселеге ерекше көңіл бөледі. Біз үшін ең басты мәселе – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін арнайы күзет, бейнебақылау және қауіпсіз тасымалдау мәселесін 100 пайыз шешеміз деп жоспарлап отырмыз.


Қауіпсіздік пен қоса мектептерде орын тапшылығын да шешетін күн алыс емес. 2025 жылға қарай ондағы орын тапшылығы 500 мыңға жуықтамақ.


Аталған түйткілді екі тарап бірге қолға алмақ. Атап айтқанда, білім ошақтарын мемлекеттік бюджет пен жеке инвестиция тарту арқылы салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұстаздардың еңбекақысын да өсіру көзделген.


Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Президент тапсырмасын орындау аясында мұғалімдердің жалақысы 2020 жылдан бастап 4 жылдың ішінде 2 есе ұлғаятындығы жоспарланған. Мемлекеттік бағарлама аясында балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Осы жылдары елде 800-ге жуық жаңа мектеп салынады. Әлеуеті жоғары елді мекендерде 114 интернат ашылады. Білім саласы инвестициялық тартымдылығы жоғары болуда. Алдағы 5 жылдың ішінде салаға 14,5 трлн теңге инвестиция бөлу жоспарланған. Соның ішінде 1,3 трлн теңге жеке инвестиция тартылады.


Бұрын білім грантына мемлекет орташа алғанда 340-420 мың теңге көлемінде қаржы бөлсе, енді ол 900 мың теңгеге дейін өседі. Осы арқылы оқытушылық құрамның еңбекақысын көтеріп, университеттердің материалдық базасын жақсарту қарастырылып отыр. 10 университетте академиялық басымдық орталықтары құрылып, әлемнің үздік 500 университетінің қатарына кірмек. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 90 мың орынға арналған жатақхана салынады. Бұған қоса Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру электронды форматқа көшіріледі.

bottom of page