top of page
Поиск

Қарағандылық студенттер медицинамен қатар ақпараттық технологияны меңгеріп шығады


Медицина саласына қызмет көрсететін болашақ мамандарды дайындау ісі заман талабына сай жетілдірілді. Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті әмбебап кадрлар дайындау үшін арнайы 6 жаңа мектеп ашқан. Мұнда болашақ дәрігерлер медицина қызметімен қоса IT технологияны меңгеріп шығады. Бұл жөнінде бүгін қоғам алдында есеп берген университет ректоры мәлімдеді.


Заманауи университетте жалпы медицина, қоғамдық денсаулық, фармация, медбикелік іс, биология, зерттеу жұмысы мен ғылыми мамандарды дайындайтын мектеп өз жұмысына осы жылы кірісті. Болашақ дәрігерлер заман талабына сай оқу процессін толық цифрлық жүйемен жүргізеді. Сонымен қатар биыл медициналық университет өз қаражатына жаңа клиника ашты. 100 орындық заманауи медициналық мекемеде университет студенттері де тәжірибе жинайды.


Раушан Досмағамбетова, ҚММУ ректоры:

- Біздің университет ақпараттық кешендік медициналық жүйеге қосылған. Барлық оқытушылар мен студенттер осы жүйемен жұмыс жасайды. Биыл Қарағанды облысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пилоттық жобасы аясында бірқатар жұмыстарды жүзеге асырды. Қазір біздің үш клиникамыз бар. Оның екеуі жалпы медициналық қызмет көрсететін мекеме болса, үшіншісі стамотологиялық клиника. Айта кету керек, аталған барлық медициналық мекемелер халыққа міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсетті.

Биыл қарағандылық медициналық жоғары оқу орыны зерттеу университет мәртебесін алды. Алдағы уақыттарда биомедицина мамандығы ашылмақ. Мұның ішіне фундаменталдық ғылым мен цифрлық зерттеу кіреді. Сонымен қатар қазір студенттер электронды құжат айналымында жіті меңгеріп жатыр. Бұл жаңашылдық елімізде іске қосылған міндетті медициналық сақтандыру бойынша болашақ дәрігерлердің халықпен жұмыс істеу барысына қажет.


Вилен Молотов-Лучанский, ҚММУ ректор кеңесшісі:

- Зерттеу университеті мәртебесі бізге ғылыми зерттеулер жүргізіп, жаңашылдықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біздің ғылым әлемдік ғылымнан қалыс қалмауы қажет. Сондықтан қазақстандықтар біздің университеттің жаңа мәртебесіне сеніп, бізден ғылыми жаңалықтар күтеді деп ойлаймын. Қазір университет ғалымдары алдарына талап қойып,болашақ дәрігерлерге ғылыми тұрғыданда сапалы білім беруді көздейді.


Қарағанды Медициналық университеті ғылыми-зерттеу жобалары бойынша республикада көш бастап тұр. Барлық бағдарламалар тәжірибеге бағытталған. Яғни білім беру жүйесінің он проценті ғана теория болса, 75 проценті тәжірибе жүзінде жүргізіледі.

bottom of page