top of page
Поиск

Темірді қызған кезде соқ- деген қазақ даналығы мен іскерлігі тәрізді, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қыркүйек 2020 жылы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты екінші Жолдауы Пандемиядан шаршаған халықтың көкейкесті сұрақтарына жауап берген, халық көптен күткен, тарихи маңызы бар ерекше құжат болды. Шын мәнінде, бұл жолдау - еліміздің даму жолындағы бүгінгі күннің басты бағдарын айқындап бергендей, сал­мақты тұжырымдамаларымен, өз жаңалықтарымен, құнды идея­ларымен басты мәселелерді дер кезінде қамтыған жолдау болуымен маңыздылығы арта түсті.

Президент өзінің кіріспе сөзінде, «Алдағы айларда күш жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек. Барлық шешімдер мұқият тексерілген болжамдарға негізделуге тиіс» - деп атап көрсетті. Шынында елімізде тосыннан келген, дүние жүзіне зор қауіп төндірген пандемияға қарсы тиісті дайындықтардың аз болғаны белгілі болды. Оның бірінші себебі, мемлекеттік басқару саласындағы реформалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы қажет екендігін баса айтылды.

Сондықтан, Жолдаудың алғашқы бөлімінде мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі ретінде тікелей Президентке бағынышты болатын, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылданды. Кезінде бұл агенттік қайта ұйымдастырылып, 1999 жыл 13 қазанда Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау агенттігі болып қайта құрылып, 2002 жылы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен ол ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне қосылған болатын. Және сындарлы сағаттарда да ол өз жұмысын ойдағыдай жүргізгенін Президент атап өтті.

Жаңадан құрылатын агенттік Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, стратегиялық жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламалар әзірлеу және іске асыру кезінде мемлекеттік органдардың қызметін жүзеге асыратын, тұтас мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналатын агенттік болып саналады. Сондай-ақ, бұл агенттік жоспарлы түрде ұсынған құқықтық реформалар барлық мемлекеттік органдар үшін орындалуы міндетті саналатын және нақты іске асатын реформа болады. Оны бақылап қадағалау өкілеттілігін жаңадан құрылатын реформалар жөніндегі Жоғары Президенттік Кеңеске беріледі. Кеңес шығарған шешімдер қайта қарауға жатпайды және түпкілікті болады. Сонымен бірге, Пандемия жағдайында тез өзгеріп жатқан жағдайларға шынайы, адал баға беру үшін Статистика комитеті агенттік құрамына ауысады.


Бұл дегеніміз еліміздің жаңғыруына, өркендеуіне негіз болатын, Президенттік билікті күшейту үшін өте маңызды қадам еді. Өйткені, барлық билікті Президент өз қадағалауына, бақылауына алды деген сөз.

Президент Қасымжомарт Тоқаевтың жолдаудағы тағы бір назар аударған мәселесі – мемлекеттік жоспарлау жүйесі болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысында, Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын өсіруге және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды- деп аталған.

Осындай жауапты Мемлекеттік жоспарлау, орындау, бағалау қызметін тек мемлекеттік аппарат емес, оған жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктестер ретінде барлық кезде жұмысқа тартылса, барша азаматқа әрі түсінікті, әрі дұрыс болатынын атап көрсетті. Ол үшін сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалардың орнына, қысқа әрі нұсқа және түсінікті болатын ұлттық жобалар форматына көшу керек – деді.

Еліміздегі мемлекеттік жоспарлау қағазбастылықтан арылып, сөзден іске көшіп, жұмыстың барысы мен нәтижесін бағалау үшін мемлекеттік аппаратты қайта қарап, мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіру үшін қысқарту керектігі де сөз болды.

Шын негізінде, саны барда сапасы жоқ, бір-бірінің қызметін қайталайтын, тек тапсырма берумен шектелетін мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту, өте өзекті мәселе екені кімге де болса белгілі. Өйткені, бір ғана қызмет атқаратын бірнеше қызметкердің орнына бір ғана қызметкер алынатын болса, және оның айлық жалақысы істеген жұмысына қарай, балдық-факторлық жүйе бойынша көтерілетін болса мемлекеттік қызметкерде өзіне берілген жауапкершілікті толық түсінетіні айдан анық. Бұл «Әркімнің еңбегіне қарай, әркімнің қабілетіне қарай» - деген нарықтық қағиданың жүзеге асуының кепілі болар еді. Және Президентіміз айтқандай, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілік пен бастамашылықтан айырылуға, сондай-ақ, жемқорлықтың алдын алуымызға сеп болар еді.

Сонымен бірге, жолдауда «жауапты хатшылар институтын жойып, олардың міндеттерін министрліктің аппарат басшыларына жүктелетіндігі, негізгі жауапкершілік бір адамға яғни, Президент тағайындайтын Министрге жүктеу тиіс екені айтылды. Бұлда болса қазіргі пандемия жағдайындағы Президентіміздің көрегенділігімен қабылданған оң шешімдердің бірі дер едім.

Өйткені, «Қойшы көп болса......»- дегендей, бір-бірімен ортақ шешімге келіп, бірге жұмыс атқара білмеген, кәсіби және этикалық нормалардың құлдырауына жол берген ондай институттар еліміздің дамуына, көтерілуіне өз кедергісін келтірер еді.

Сондықтан, Президент Қасымжомарт Кемелұлының : «Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс» - деген сөзімен қорытындылағым келеді. Бұл халқымыздың көптен асыға күткен, көкейлерінде жүрген мәселелерді қамтыған және ойларынан шыққан жолдауының маңызды бір бөлімі ғана!

bottom of page