top of page
Поиск

Жоғары колледж: өткені, бүгіні, ертеңі





Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Геодезия және картография жоғары колледжі» ММ 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Колледж үшін бұл маңызды күн Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар» екенін айтады.

Геодезия және картография колледжі – Қазақстандағы геодезия және картография саласындағы мамандарды табысты дайындайтын жалғыз колледж.

Колледж 1946 жылы Семей топографиялық техникумы ретінде құрылды. Колледждің тарихы Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Отанымызда қираған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарымен тікелей байланысты. Елдің табиғи байлығын зерттеу күшейтіле басталды, ал бұл үшін дәл карта қажет болды.

Алғашқы түлектері 1949 жылы бітіріп шықты. Жиырма жыл көлемінде (1960-1980 жж.) техникумда әскери дайындық бөлімі жұмыс істеді. Техникум қабырғасынан офицерлер, лейтенанттар, әскери топографтар шыға бастады.



Техникум өмірінің тарихы жалғасын тапты. Қызметкерлердің, оқытушылардың, студенттердің құрамы өзгеріп, колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи оқу-құрал жабдықтарымен жабдықтала бастады. Техникумның түлектері Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде қызмет етті. Көпшілігі жоғары білім алып, оқытушы ретінде техникумға қайта оралды. Қазір колледждегі арнайы пәндерден сабақ беретін оқытушылардың 100 пайызы – колледждің түлектері.

1995 жылы Топографиялық техникум Семей геодезия және картография колледжі болып өзгерді, ал 2019 жылы Жоғары колледж мәртебесіне ие болды.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Геодезия және картография жоғары колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны деп аталады.

2021-2022 оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 21 шілдедегі «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышын бекіту туралы» № 354 бұйрығына сәйкес

07310200 «Геодезия және картография» мамандығы және 4S07310201 «техник-геодезист», 4S07310202 «техник-аэрофотогеодезист», 4S07310203 «техник-картограф» біліктіліктері бойынша техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлауды бастайды.

07310200 «Геодезия және картография» мамандығы және 4S07310201 «техник-геодезист», 4S07310202 «техник-аэрофотогеодезист», 4S07310203 «техник-картограф» біліктіліктері бойынша техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлауды бастайды.

2021-2022 оқу жылының басынан бастап колледждегі білім беру бағдарламалары кредиттік-модульдік оқыту жүйесі бойынша іске асырылуда. Оқыту мен білім беру сапасын арттыру қажеттілігі кредиттік-модульдік жүйеге көшудің негізгі факторлары болып табылады. Бұл оқыту жүйесінде академиялық еркіндік берілген, демек, жұмыс берушілермен бірлесіп білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдері айқындалатын болады. Білім беру бағдарламалары студенттерге қажетті біліктілікті игеріп, ең қысқа мерзім ішінде олардың жұмысқа орналасуларына, қажет болған жағдайда оқу орнына қайта оралып, тиісті қосымша біліктіліктерді игеруіне мүмкіндік береді. Бұл оқу жүйесі геодезия және картография колледжі дайындайтын мамандықтар үшін өте қолайлы.

Оқу орны қызметінің негізгі бағыты – студенттерді кәсіби даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету, еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындап шығару.

Колледж құрылғаннан бері 18 мың маманды дайындап шығарды. Колледж түлектері Қазақстанда, алыс және жақын шет елдерде табысты еңбек етуде.

Колледж базасында «Геодезия және картография» мамандығы бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі жұмыс жүргізеді. Колледж оқытушылары жұмыс берушілермен және жоғары оқу орындарының өкілдерімен бірлесіп «Геодезия және картография» мамандығы бойынша үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлейді.

Қазіргі таңда колледж өзінің материалдық-техникалық базасын жетілдірді. Мекеме арнайы компьютерлік сыныптармен жабдықталған. Мамандарды даярлау заманауи геодезиялық жабдықтарда жүзеге асырылады: сандық теодолиттер мен нивелирлер, электрондық тахеометрлер, пилотсыз ұшу аппараты, GPS қабылдағыштар, 3D стереомониторлар, Credo және PHOTOMOD лицензиялық геодезиялық бағдарламаларын пайдаланумен кең форматты плоттер және т.б. Колледжде TRIMBLER 3 GPS жүйесінің базалық станциясы, GATEWING X ұшақ түріндегі ұшқышсыз ұшу аппараты және басқалары орнатылған.

Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында осы бағдарлама бойынша іс-шаралар жоспарына 52 тармақпен «Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» жобасы енгізілді, бұл кеңістіктік деректер туралы ақпаратты интеграциялау мен құрылымдаудың бірыңғай тәсілін қалыптастыруды көздейді.

Геодезия және картография жоғары колледжі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысады. Осы жылы бұл жоба аясында 1942 жылғы координаттар жүйесін жаңарту үшін іргелі астрономиялық-геодезиялық және мемлекеттік іргелі гравиметриялық желілер орнатылды.

Қазіргі уақытта жерді қашықтықтан зондтаудың заманауи электрондық аспаптарын, геодезиялық өлшеу нәтижелерін өңдеудің цифрлық әдістерін қолдануға негізделген инновациялық технологиялар сәтті енгізілуде.

Колледж топографиялық-геодезиялық, инженерлік-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындайтын Қазақстан Республикасының кәсіпорындарымен серіктестік қатынасын үздіксіз кеңейтуде. «Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығы» РМК (бұрынғы Қазгеодезия), жер комитеттері, жол-құрылыс ұйымдары, жобалау институттары сияқты республикамыздың 100-ден аса ұйымымен ынтымақтастықта бірлесе қызмет атқарады. Ұйымдармен тығыз ұзақ мерзімді байланыс орнатылып, өндірістік технологиялық практиканы өткізу үшін үлгілік келісімшарттар жасалды.

Колледж геодезия және картография саласында кадрларды дайындауды үйлестіру үшін Екатеринбург қаласындағы «ГЕО» жобалау-іздестіру институтымен, Мәскеудегі «SOVZOND», «РАКУРС» фирмаларымен, Қазақстандағы «DIGITAL ORB» ЖШС-мен, Швейцариядағы «EATS Leica Geosistems» ЖШС-мен, Беларусиядағы «КРЕДО-ДИАЛОГ» ҮЕҰ-мен, Алматы қаласындағы «Геокурс» ЖШС-мен халықаралық байланыстар орнатуда.

2012 жылдан бастап колледж КОНКОРД ЕВРОТАЛАНТ халықаралық академиясының құрамына мүшесі (Париж-Франция) болып енді.

2016 жылы «Геодезия және картография колледжі» КМҚК ұлттық сертификаттармен расталатын «Сала көшбасшысы – 2016», «Білім берудегі көшбасшы» мәртебесін алды.

Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Геожүйе және технология Сібір мемлекеттік университетімен, Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетімен, Алматы қаласындағы Satbaev Universitiy-мен, Қарағанды қаласындағы мемлекеттік политехникалық университетімен, Мәскеудегі геодезия және картография политехникалық колледжімен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты іске асырады.

2021-2022 оқу жылында әскери топографтарды оқыту бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті және «Геодезия және картография жоғары колледжі» КМҚК арасында үшжақты шарт жасалды. Елдің әскери саласы үшін мамандар даярлауды қайта бастау жоспарлануда. Оқудың бірінші сатысы колледжде жүзеге асырылады. Колледжден алған білімдері оқуын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл мамандарды жұмысқа орналастыруды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қамтамасыз ететін болады.

2021-2022 оқу жылынан бастап геодезия және картография колледжі 4S07310201 «техник-геодезист» біліктілігімен 07310200 «Геодезия және картография» мамандығы бойынша дуальды оқыту технологиясын енгізді. Бұл кәсіптік практикаға оқу уақытын ұлғайтуға, жұмысқа орналасу кезінде өндірістік процеске тезірек ену үшін жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесіне пәндерді қосуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта «GEOID» ЖШС, «ArgoResources» ЖШС, «ҚАРАҒАНДЫ СУ ҚОЙМАЛАРЫ» КМК, «Семстройпроект» ПИИ ЖШС, «Астана-Авто-Строй» ЖШС серіктестік туралы келісімшарттар жасалды. Оқу жоспарлары, жұмыс бағдарламалары, практикалық сабақтарды өткізу кестесі бірлесіп әзірленді және бекітілді. Кәсіпорындардан біздің студенттер тобына жауапты маман-тәлімгер бекітілді. Нәтижесінде студент тек білім алып қана қоймай, таңдаған мамандығы бойынша дағдыларды игеріп, жұмысқа орналасудың бірінші күнінен толыққанды жұмыс істеуге дайын болады.

Сонымен қатар, дуальды форматта оқу мерзімі студенттердің еңбек өтіліне есептелетін болады. Бұл колледж түлектеріне еңбек өтілімен жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

2018 жылдан бастап Қазақстан колледждерінде білім берудің жаңа стандарты қолданылады – орта білімнен кейінгі, қолданбалы бакалавриат кафедралары пайда болып, өз жұмысын бастады. «Геодезия және картография жоғары колледжі» КМҚК жақын арада осы бағытты жүзеге асыру бойынша жұмысты бастауды мақсат етіп отыр. Бұл колледж бітіруші бакалавр маманға бір уақытта мықты теоретик, практик және жетекші сияқты кәсіби дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мамандарды даярлау мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Колледждің алдыңғы орында тұрған міндеті – оқытуды ағылшын тілінде де жүргізу. Қазірдің өзінде біздің түлектеріміз ағылшын тілі басымдыққа ие шетелдік компанияларға жұмысқа орналасуда.

Осы мақсатта колледждің арнайы пәндер оқытушыларына арналған тілдік курстар ұйымдастырылатын болады, бұл мамандарды шет тілінде дайындаудың алғашқы кезеңі болады.



76 жыл – аз да, көп те емес. Оқу орнының қалыптасу, құрылу және даму жолындағы көпжылдық еңбегі игілікті, абыройлы болды. Көптеген жылдар бойы біздің оқу орнымыз еліміздің картографиялық-геодезиялық саласы үшін және мемлекеттің қорғанысы үшін – геодезистерді, топографтарды, картографтарды, фотограмметристерді, аэрофотогеодезистерді, жер-мүліктік қатынастар саласындағы мамандарды және басқа да мамандарды даярлауды жүзеге асырады. Алда үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Біз кәсіби мамандардың жаңа буынын даярлауды жалғастырамыз!


Қаныш ТУЛЕУОВ,

«Геодезия және картография

жоғары колледжі» КМҚК директоры

 

АННОТАЦИЯ

В статье рассказывается об истории создания Высшего колледжа геодезии и картографии, который в прошлом году отметил свой 75-летний юбилей, о переходе на кредитно-модульную систему обучения в образовательных программах. Автор рассматривает вопросы обес­печения высокого уровня профессиональной подготовки студентов, конкурентоспособных квалифицированных специалистов, востребованных на рынке труда.

bottom of page