top of page
Поиск

Тарихы терең, тағылымды – білім ордасы



Семей қаласының № 37 гимназиясы Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады.

Гимназияның өзекті-ізденіс тақырыбы: «Білім сапасын арттыруда инновациялық әдіс-тәсілдерді оқу үрдісіне енгізуді жалғастыра отырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу».

Мақсаты: Оқыту мен оқуда жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып, жан-жақты психологиялық – педагогикалық жағдай туғызу арқылы білім сапасын көтеру.


Гимназияда «Тағылым» орталығы, «Абай әлемі» кабинеті, профессор Қ.О. Бітібаеваның зертханалық кабинеті, Бәттәш Сыдықұлы атындағы «Шешендік сөз өнері» орталығы, кәсіптік білім беру кабинеті, шахмат кабинеті, «Өзін-өзі тану» кабинеті, робототехника кабинеті жұмыс жасайды.

Бізде музейде жұмыс жасайды. «Өлкетану» музейінің конкурсына бірнеше рет қатысып қала бойынша бас жүлдені иеленсе, облыстық конкурстан да жүлделі орынға ие болды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ШҚО әкімі Д.К. Ахметовтың бастамасымен «Менің мектебім» жобасы аясында 2018 жылдың қыркүйегінде жаңадан жабдықталған физика кабинеті, 2020 жылы биология кабинеті ашылды.

Гимназияда 1265 оқушы, 53 сынып-комплектісінде оқиды. Гимназияның педагогикалық ұжымында 124 ұстаз жас ұрпаққа білім беруде.

Сапалық құрамы – 83%, 71 – жоғары санатты, 18 – бірінші санатты, 14 – екінші санатты мұғалімдерден тұрады, оның ішінде – 6 мұғалім «педагог-шебер», 51 мұғалім «педагог-зерттеуші», 10 мұғалім «педагог-сарапшы», 10 мұғалім «педагог-модератор», 2 мұғалім – «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің озаттары», 1 мұғалім «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері, 4 мұғалім «Ы. Алтынсарин» атындағы медаль иегері, 3 мұғалім «Білім көшбасшысы» медалімен марапатталған. 3 мұғалім «Үздік авторлық бағдарлама» Республикалық конкурсының жүлдегерлері.

Көп жылғы жинақтаған тәжірибесінің нәтижесінде тарих пәнінің мұғалімі Оразалин Қуат Аманжолұлы «Үздік педагог – 2015» республикалық сайыста, ал математика пәнінің мұғалімі Сагатбекова Жанар Каликановна «Үздік педагог – 2020» республикалық сайыстың жеңімпаздары «Үздік педагог» атағына ие болды.



Қалалық білім бөлімінің жоспарына сәйкес мектеп директорларына арналған «Білім жолы – ізденіс, даму жолы – өзгеріс» тақырыбында онлайн – ашық есік күні өтті. Ашық есік күнінде зерттеуші мұғалімдер өз іс-тәжірибелерінде «Зерттеу сабақтары – оқушы дарындылығын дамытудың бір жолы» атты шеберлік сағаттар өткізді. «Оқушы жетістігі – ұстаз абыройы» тақырыбындағы бейнетаныстырылымда оқушылардың сыныптан тыс жұмыстары, оқу-тәрбие жұмыстары бойынша олимпиада, ғылыми жоба, шығармашылық сайыстары мен спорттағы жетістіктері көрсетілді. «Бүгінгі мектеп түлегі – ертеңгі елдің тірегі» деген бөлімде гимназия түлектерінің бүгінгі күнгі жетістіктері туралы айтылды. Сонымен бірге оқушыларға арналған қосымша білім беру саласы бойынша үйірме жетекшілерінің шеберлік сағаттары өткізілді.

«Идеядан – шығармашылыққа» әлеуметтік жобада 11-сынып оқушылары жиын залының заманауи үлгідегі жобасын ұсынып, нәтижесінде табысты ата-аналар жобаны қабылдап, жиын залы жабдықталды.

2021-2025 жылдарға арналған «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту жоспары негізінде «Кітап оқуды насихаттау ісіндегі жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында гимназия директоры Жанат Зейнелевна Малгаждарова облыс көлемінде іс-тәжірибе таратты. Мектеп директорлары арасында челлендж өткізіліп, әрі қарай жалғасын табуда.

«Кітаппен бірге өсеміз» акциясында ұжым мүшелері, ата-аналар және оқушылар тарапынан кітапхана қоры толықтырылды. Мақсаты: кітаптың мәртебесін көтеру, өмір бойы өзін-өзі жетілдіруді және білім беруді қолдау. Гимназия кітапханасындағы көркем әдебиеттер қорын көбейту. Сонымен қатар гимназияда әрбір қабаттар бойынша кітап оқу бұрыштары ұйымдастырылды. Болашақтағы кітапхананың жалпы көрінісі де көпшілікке ұсынылды. Пән бірлестіктері арасында «Көркем әдебиетті оқу» атты челлендж ұйымдастырылып, өткізілді.

Гимназия оқушылары қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша білім алады. 2020-2021 оқу жылында гимназия оқушылары ғылыми негіздегі пәндік олимпиадада қала бойынша – 69; облыс бойынша – 9 оқушы жүлделі орынды иеленді.



Ғылыми жобалар сайысы бойынша: 2020-2021 оқу жылында қалалық деңгейде 29, облыс – 8, республика – 2 оқушы қатысып, жүлдегер атанды.

Мемлекеттік білім стандарты бойынша оқу бағдарламасы толық орындалды. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 89,9 %-ды, үлгерімі 100%-ды құрайды.

Қазіргі таңда гимназиядан түлеп ұшқан түлектер саны – 2190, оның ішінде 100 түлек «Алтын белгі» белгісін иеленіп, 82 түлек «Үздік аттестатқа» бітірді.

Білім сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – ҰБТ нәтижесі.

2020-2021 оқу жылында 89 оқушы емтихан тапсырып, нәтижесінде 9 оқушы «Алтын белгі» белгісін, 6 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 79 оқушы қатысты. Орта балл: 85. Гимназия түлектерінің 47-сі жоғарғы оқу орнындарының мемлекеттік грант иегері атанса, 2 оқушы әкімнің грантын иеленді, 1 оқушы Назарбаев Униветситетінің студенті, 15 түлек Қазақ Ұлттық Университеттерінің студенттері атанды.

Көптеген талантты түлектер Қазақстанның өркендеп өсуіне өз үлестерін қосып әр түрлі салада еңбек етуде.

Оның ішінде ерекше танылған түлектер: 1999 жылғы түлек Каражанов Малик Дулатович – Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетінің заң факультетінің деканы, РһD докторы; 2000 жылғы түлек Кабижанов Нурбек Несипбекович – теміржол көлік Минстрінің орынбасары, экономика ғылымдарының РһD докторы; 2000 жылғы түлек Омаров Назарбек Бақытбекұлы – Семей қаласы облыстық аурухана хирургі, медицина ғылымдарының РһD докторы; 2001 жылғы түлек Ибраев Бейбит Максатович – Қазақ Ұлттық университетінің проректоры, ғылым кандидаты.

Гимназияның 12 түлегі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің жоғарғы оқу орындарын тәмамдап, Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда 4 оқушы Назарбаев Университетінде білім алып жатыр.




Гимназия ұжымы инновациялық іс-әрекеттер арқылы мұғалімдердің кәсіптік құзіреттілігін дамытуда жаңашылдықты енгізу және зерделеу, қабілетті оқушыларды анықтау, дарындылығын дамыту жолында аянбай қызмет етеді.

2019 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-ның ұйымдастыруымен өткен «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» тақырыбында ХІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Султанова Жанар Темирбулатовна «Приём ПОПС как средство развития у учащихся среднего звена способности формулировать аргументированные ответы» тақырыбында баяндама жасап, іс-тәжірибесімен бөлісті.



«Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы» аясында «Химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдер арасында бейнесабақ көріністері» бойынша республикалық конкурсқа қатысып, «Үш тілде білім беруді дамытуда атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі» тақырыбында өткен конференцияда биология пәнінің мұғалімі Толеубаева Гаухар Толеубайқызы II орынға ие болды. «Үш тілде білім беру – табысты болашақ кепілі» атты облыстық семинарда іс-тәжірибесі таратылды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай және 2020-2021 оқу жылын қорытындылау мақсатында ұстаздардың жетістіктері сарапқа салынып, «Үздіктер шеруі» өткізілді.

«Қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері: ұлттың рухани зияткерлігін дамытудағы тәжірибелер мен ізденістер» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Семинарда республикамыздағы жоғары оқу орындарының ғалымдары ағартушының педагогикалық мұралары туралы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері «Ыбырайтану» таңдау курсын мектепте оқытудың тиімділігі туралы практикалық жұмыстарымен бөлісіп, республика бойынша іс-тәжірибе таратты.

2021 жылдың 5 қарашасы күні «Шығыс» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен ШҚО білім беру ұйымдарындағы күзгі демалыс мектебінің жоспарына сәйкес «Білім сапасын арттыру негізі – нәтижеге бағытталған білім» тақырыбында облыстық деңгейде іс-тәжірибе таратылды.



«Дарынды дамыту – ұстаз парызы» бөлімінде дарынды және қабілеті жоғары оқушыларды олимпиада, ғылыми жоба, шығармашылық сайыстарға дайындаудың алгоритмі, тиімді жолдары айтылды.

«Үздік педагогтың іс-тәжірибесінен...» атты бөлімде гимназияның математика пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог-2020» республикалық сайысының жеңімпазы, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері Ж.К. Сагатбекова «Жемісті еңбек – жетістік баспалдағы» тақырыбында іс-тәжірибесімен бөлісті.

«Мұғалімнің озық педагогикалық тәжірибесінен үзінді» бөлімінде негізгі пән мұғалімдері төңкерілген сабақ, Lesson Study әдісі, тұлғаның құзыреттіліктерін, функционалдық сауаттылықтарын дамыту жолдары туралы тәжірибесімен бөлісті.

«Жаңашылдық үлгісі – қосымша білім беру» бөлімінде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту, «Робототехника» үйірмесі, «Ыбырайтану» курсы, профессор Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы зертханалық кабинетінің іс-тәжірибесі таратылды.

Қала бойынша инновациялық мектептер арасындағы оқу-тәрбие жұмыстарының рейтингілік көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша жеті жыл қатарынан ауыспалы «Білім» рәмізіне, «Қаланың үздік инновациялық мектебі» аталымында жүлделі І орынға ие болды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Үздік орта білім беретін ұйым-2016» номинациясымен марапатталды.

2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Қаланың үздік инновациялық мектебі» аталымында жүлделі І орынға және ауыспалы «Білім» рәмізіне ие болды.

Соңғы үш жылдағы гимназия ұжымының жұмысы сараланып, Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Үздік орта білім беретін ұйым – 2021» грантының иегері болып, 34 миллион теңге сертификатын жеңіп алды.

Тарихы терең, тағылымды білім ордасының толағай табыстарға, жоғары жетістіктерге қол жеткізер болашаққа бағдарланған, мұғалімдер мен оқушыларға жаңа технологияларды меңгерту, материалдық-техникалық базаны нығайту, жоғары талапқа сай жұмысты жоспарлау – алға қойған міндеттерінің бірі.


Жанат Малгаждарова,

гимназия директоры Ы. Алтынсарин

атындағы № 37 Семей қаласы


АННОТАЦИЯ

Одна из самых успешных школ Восточно-Казахстанской области – гимназия № 37 им. Ы. Алтынсарина г. Семей. О ее больших достижениях, освоении новых технологий обучения, устремленности учащихся и педагогов в будущее рассказывает директор гимназии Жанат Малгаждарова.

bottom of page