top of page
Search

Алматы қаласы білім беру мекемелерінің ресми интернет-ресурстарына мониторинг жүргізілді

9 қарашада Алматы қаласында орналасқан білім беру мекемелерінің ресми интернет-ресурстарына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша семинар өтті. ҚР ҒЖБМ Тіл саясаты комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. «Современное образование» журналы хабарлайды.


Шараның мақсаты: білім беру мекемелеріндегі ресми сайттарды қолданыстағы заң талаптарына сәйкестендіре отырып, көпшіліктің ақпаратқа жаппай қолжетімділігін қамтамасыз ету.


Мәселен, Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңның 7-бабына сәйкес азаматтардың құқықтарын тілдік белгісі бойынша кемсітуге жол берілмейді. Ал Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның 16-бабына сәйкес ақпарат иеленушінің интернет-ресурсындағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуі тиіс.


Бұл орайда Тіл саясаты комитетіне ел азаматтарынан ақпарат алу құқықтарының шектеліп жатқаны туралы арыз-шағымдар көптеп түсуде.


Семинарға Алматы қаласы білім басқармасының жауапты қызметкерлері, Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту бөлімі, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен жекеменшік мектеп директорлары қатысты.

Мониторинг қорытындысы бойынша Алматы қаласында орналасқан балабақша, мектеп сайттарының көпшілігі қолданыстағы тіл заңының талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.


Мәселен:

- бірқатар сайттар тек орыс немесе ағылшын тілінде ашылған;

- ақпараттар тек орыс тілінде берілген;

- сайттар алдымен орыс тілінде ашылады;

- қазақ тіліндегі ақпарат орыс тіліндегі ақпаратқа қарағанда жұтаң, қысқа, сапасыз;

- мемлекеттік тілдегі ақпараттар сайтқа дер кезінде орналастырылмайды. Керісінше, орыс тіліндегі ақпараттар мерзімінде орналасады. Бұл қазақтілді оқырмандардың ақпаратқа қолжетімдігін шектейді.


ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төраға орынбасары Ходжабергенова Гүлнар Махақызы кемшіліктерге жол берген балабақша, мектеп, гимнация, жекеменшік мектептерге тоқтала келіп «Интернеттегі ақпарат мемлекеттік тілде көпшілікке қолжетімді болуы тиіс. Қазақтілді контентті дамыту, ресми сайттардағы маңызды ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету, тіл тазалығын сақтау, ақпаратты сауатты орналастыру – бүгінгі күні өзекті мәселесі» - деді.

Білім мекемелері басшыларына ресми сайттарын заң талаптарына сәйкес келтіруге 1 ай мерзімінде уақыт берілгенін атап өту керек.



Comentarios


bottom of page