top of page
Search

Астанада «WorldSkills Kazakhstan 2022» республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты басталды

Бүгін Астанада «WorldSkills Kazakhstan 2022» кәсіби шеберліктің VII республикалық чемпионаты басталды. ҚР ОАМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 500-ден астам жас мамандар, WorldSkills өңірлік турларының жеңімпаздары қатысып жатыр. Олар 30 ресми құзырет бойынша сайысқа түседі. Олардың ішінде электрлік жұмыстар, бизнеске арналған IT шешімдер, веб-технологиялар, мобильді робототехника, мехатроника, прототиптеу және т.б. бар.

Дәстүрлі кәсіби шеберлік байқауының басталуына Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Ол еліміздің түкпір-түкпірінен келген чемпионатқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Баршаңызды жарыстың басталуымен құттықтаймын. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз WorldsSkills қозғалысына қосылдық. Әлем чемпионатына қатысқан алғашқы жылы 50-орын иеленсек, бүгінгі күні 55 қатысушы елдің арасында үздік 15-тік қатарындамыз. Бұл - үлкен нәтиже. Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен колледждерімізді жетілдіру, өндірістік кәсіптердің беделін арттыру, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін бұған дейін министр Асхат Аймағамбетов мәлімдегендей, колледждерге академиялық еркіндік берілді. Қазіргі күні жұмыс берушілер колледждермен белсенді түрде ынтымақтасып, студенттердің білім алуына атсалысып жатыр. Министрлік 2025 жылға дейін қажетті кәсіптер бойынша 100% тегін техникалық және кәсіптік білім беруді жоспарлап отыр», - деді вице-министр Ғани Бейсембаев өзінің құттықтау сөзінде.

«WorldSkills Kazakhstan 2022» республикалық чемпионаты 7-9 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығы мен колледждер алаңында өтеді. Байқауға қатысушылардың, колледждер мен жоғары оқу орындары студенттерінің, сондай-ақ кәсіпорындардың жас қызметкерлерінің жұмысын 500-ден астам сарапшы бағалайды.

Жоспар бойынша чемпионатқа мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік органдардың, әлеуметтік серіктестіктердің өкілдері, кәсіпорын қызметкерлері мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары қатысады.

WorldSkills халықаралық қозғалысы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және танымал етуге бағытталғанын, сондай-ақ білікті кадрларды даярлауда жаңа тенденцияларды туғызатынын атап өткен жөн. Оған әлемнің 60-тан астам елі қатысады. Қазақстан WorldSkills International (WSI), WorldSkills Europe (WSE) және WorldSkills Asia-ның (WSA) толыққанды мүшесі. 2021 жылы Еуропа чемпионатында алғаш рет қазақстандық Дина Афанасьева «Веб-әзірлеу» құзыреттілігі бойынша қола медаль жеңіп алды.





Comments


bottom of page