Атыраулық ағылшын тілі мұғалімі Ислам Қадыров TikTok платформасын бағындырып жатыр. ҚР ОАМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды. Ол онда мектептегі сабақтарының бір бөлігін жариялайды. Сабақтағы шығармашылық тәсіл мен ойындар мұғалімнің оқушылармен жақсы байланыс орнатуына, шет тілін үйренуге қызығушылықтарын арттыруға көмектесті.
Ислам Қадыров Атыраудағы №41 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол сабақта ойын тәсілін қолданады. Соның арқасында ұстаздың сабақтары әрдайым қызықты өтеді. Оқушылардың ата-аналарының айтуынша, Ислам Қадыров келгелі ағылшын тілі балалардың сүйікті пәндерінің біріне айналған.
«Ұлым 4-сыныпта оқиды. Маған мұғалімнің сабақты өткізу тәсілі мен әдістемесі ұнайды. Бұрын сабаққа барғысы келмейтін ұлым енді мектепте ағылшын тілі ең сүйікті пән екенін айтады. Басқа балалардың да ағылшын тілін үйренуге қызығушылықтары артты. Балалар мектепке қуана барып, әрқашан жақсы көңіл-күймен оралады. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын», – дейді балалардың ата-аналарының бірі.
Ислам Қадыров алты жылдан бері ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келеді. Айтуынша, бала кезінен ұстаз болуды, алған білімін балалармен бөлісуді армандаған.
«Мен бала кезімнен мұғалім болғым келетін. Маған балалармен жұмыс істеп, оларға ағылшын тілін үйрету және оқушыларыма үнемі жаңа ойындар ойлап табу ұнайды. Егер өз мамандығыңды сүйсең, онда бала жүрегіне әрқашан жол табасың деп ойлаймын. Менің мақсатым – шет тілін үйрену жолын жеңілдету. Ол үшін алдымен өзімді дамытуға тырысамын, жаңа әдіс-тәсілдерді іздеймін, сондай-ақ сабақты еркін форматта өткіземін», - деп айтты Ислам Қадыров.
Бүгінгі таңда мұғалімнің TikTok парақшасында 5 мыңға жуық оқырман бар. Ұстаз еліміздің кез келген өңіріндегі балалар білім алуы үшін өз парақшасын дамытуды және оқушыларына түрлі байқаулар мен олимпиадаларда қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
ความคิดเห็น