top of page
Search

«Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды

«Жас маман» жобасы аясында еліміздегі 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін заманауи жабдықтар сатып алынды. Бұл туралы «Желіге шолу» айдарында Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахимберлин айтты.


@Асылбек Жаннұр есімді оқырман әлуметтік желіде: «Колледждерге биыл грант көп бөлінген екен. Бірақ студенттер қандай жағдайда оқып жатыр? Колледждердің материалдық-техникалық базасы қандай жағдайда?», - деген сұрақ қалдырыпты.

Алтай Рахимберлин бүгінгі таңда еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының маман даярлаудағы әлеуеті жоғары екенін айтады. Сөзінше, материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Еліміздегі 180 колледждің базасы Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Швейцария, Италия, Ресей және т.б. елдерден сатып алынған оқу жабдықтарымен жаңартылды.

«Президенттің тапсырмасы бойынша «Жас маман» жобасы аясында еліміздің 180 колледжі заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Бұл жабдықтар жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес сатып алынды. Сонымен қатар жоба аясында 20 құзыреттілік орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Жалпы осы «Жас маман» жобасы колледждердің жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 30 колледжде «WorldSkills» чемпионаттары өтіп, жаттығу лагерлері құрылды. Жоба аясында еңбек нарығындағы сұранысқа ие 100 мамандық бойынша халықаралық тәжірибені енгізуді көздеп отырмыз»,- деді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы.

«Жас маман» жобасы аясында 2 000 педагог пен колледж басшысы біліктілікті арттыру курстарынан өткен болатын. Бүгінгі таңда осы 180 колледжде 30 мыңнан астам студент жаңа бағдарламалар бойынша білім алып жатыр.

Биыл еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 180 мыңнан астам талапкер қабылданды. Оның ішінде 120 мыңнан астам студент мемлекеттік грантқа ие болды.


ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі



Commentaires


bottom of page