top of page
Search

Президент Республика мұғалімдерінің съезінде сөз сөйледі

Президент Қ. Тоқаев Республика мұғалімдерінің съезінде сөз сөйледі, «Современное образование» журналы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.


«Баршаңызды Республикалық педагогтер съезінің ашылуымен құттықтаймын. Ұстаздар күні құтты болсын! Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал, ұстаз болу – қастерлі міндет.

Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты.

Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет».


«Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды.

Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді.

Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз».


«Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан, бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет.

Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек».


«Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді. Мұғалімдердің қажырлы еңбегі және оқушылардың дарыны мен талабы нақты жемісін беруде. Өрендеріміз ширек ғасырда әлемнің ең беделді пән олимпиадаларынан 12 мыңға жуық медаль иеленді. Бұл – Израиль, Түркия, Канада сияқты білім сапасы жоғары мемлекеттермен шамалас көрсеткіш.

Осының бәрі – сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасы. Мен түрлі қиындыққа қарамастан, міндетін адал атқарып келе жатқан барша ұстаздарға зор алғысымды айтамын».


«Енді, білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталғым келеді.


Бірінші мәселе. Ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек.


Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген. Халқымыз келешектің кілті – білімде екенін терең түсінген. Сол себепті, ұстазды ерекше қадірлеген».


«Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды.


Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар.


Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет»

«Жоғары курс студенттерінің педагогикалық тәжірибесіне айрықша мән беріледі. Болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет.


Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қатары артып келеді. Қазір таңда олардың саны 21 мыңнан асты. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады. Жалпы, педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет»

«Сонымен қатар салалық министрлік біліктілік талаптарын жиі өзгерту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатуы керек екенін айтқым келеді. Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне тосқауыл қою қажет. Мұғалімдер тыныш, тұрақты және алаңсыз жұмыс істеуге құқылы.


Педагог кадрлардың 60 пайызға жуығы өңірлік жоғары оқу орындарында даярланады. Сондықтан өңірлер деңгейінде жас мұғалімдерді қолдаудың маңызы зор. Әкімдер педагогтерді даярлау және жұмысқа орналастыру үшін қолайлы жағдай жасауы керек».


«Екінші мәселе, балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет.


Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеруде. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтуда.


Сондықтан, азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет».


«Үшінші мәселе. Мектептегі орын тапшылығын жою – өте маңызды міндет.


Адам капиталы – ең басты байлық. Халқымыздың саны 20 миллионға жуықтап қалды. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Демек, мектепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбейеді деп жоспарланып отыр.


Алдағы үш жылда 1 миллионнан астам жеткіншек студент атанады. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Қазірдің өзінде мектеп тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.


Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет».


«Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз.


Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын.


Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың

заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептердегі білім беру деңгейі жоғары болуы керек».


«Төртінші мәселе. Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс.


Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады.


Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе, көп жыл бұрын салынған ескі мектептер талапқа сай емес.


Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ, жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс».


«Өкінішке қарай, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне ол жұмсауға, яғни суицидке дейін баруда.


Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді. Сондай-ақ, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтырады.


Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет».


«Соңғы уақытта маған зорлық-зомбылық көрген балалардың ата-аналарынан өтініштер келіп түсуде. Ашығын айтқанда, мұндай хаттарды оқу оңай емес. Жасөспірімдердің қылмыстық психологиясы мен кейбір мұғалімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады.


Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ.


Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз»

«Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек.


Сондықтан осы жиынға Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың бірінші орынбасарларын арнайы шақырдым. Тапсырманың орындалуын талап етеміз»

«Мен кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырдым. Бұл бастама жақын арада жүзеге асады.


Жалпы, балаға психологиялық қысым жасалмауына, ең алдымен, ата-ана жете көңіл бөлуі керек. Ондай оқиға болса, мектептегі медиация қызметі мұғалімге және ата-анаға ескертіп, кәсіби медиаторлармен бірге балаға барынша көмек беруге тиіс».


«Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зорлық-зомбылық жасауына, қоғамдық тәртіпті бұзуына ерік бермеңіздер. Әсіресе, оларды мұғалімдердің алдында қорғамаңыздар. Баланың бетінен қақпаймын деп, оның теріс қылықтарына көз жұма қараудың соңы келешекте қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.


Алдағы уақытта заңға қайшы әрекеттерге бармас үшін мектеп тәртібін бұзушыларға алдын алу шараларын қазір қолданған жөн»

«Бесінші мәселе. Тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою.


Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды.


Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды».






Comentarios


bottom of page