top of page
Search

Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарына құжаттар қабылдауды жалғастыруда

Қорғаныс ведомствосының әскери жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген азаматтар 15 маусымға дейін өтініш бере алады. ҚР Қорғаныс министрілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Қазақстанда үш әскери жоғары оқу орны мен екі колледж жұмыс істейді.

Жоғары білікті әскери кадрларды дайындайтын білім ордалары – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Алматы қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты және Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты болып табылады.

Жоғары оқу орындарын бітіргендер «лейтенант» әскери атағын алып, тактикалық буын командирі болып шығады.


Құрлық әскерлерінің әскери институтында әскери істегі менеджмент бағыты бойынша мотоатқыштар, танк, десанттық-шабуылдау, барлау, зымыран әскерлері мен артиллерия командирлері дайындалады. Логистика бағытында курсанттар материалдық-техникалық, тылдық, азық-түлік, заттай қамтамасыз ету және зымыран-артиллериялық қару-жарақ мамандықтарын меңгереді. Сондай-ақ, «әскери істі инженерлік қамтамасыз ету», «әскери істегі РХБ-қорғау», «әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс» бағыттары бойынша да білім алады.


Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты радионавигация, радиотехника және инжиниринг, автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік және киберқауіпсіздік жүйелері бойынша мамандар оқытады.


Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты «әуе кемелерін ұшуға пайдалану», «авиациялық техника және технологиялар» бағыттарында мамандар даярлайды. Сондай-ақ, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінде әскери дәрігерлер дайындауды жүзеге асырады.


Кәсіптік-техникалық білім ордасы – Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігінің елордалық әскери колледжі. Онда әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету, әскери істегі кіші буын менеджменті сияқты мамандықтарға сержанттар даярлайды. Мұнда оқу мерзімі екі жыл он ай.


Ақмола облысы Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінде мотоатқыштар, танк және артиллерия бөлімшелерін басқару мамандықтары бойынша сержанттарды даярлайды. Колледжде оқу мерзімі бір жыл он айды құрайды.


Мемлекеттік үлгідегі диплом алып, «кіші сержант» әскери атағы берілгеннен кейін түлектер сержанттар құрамының әртүрлі лауазымдарында әрі қарай әскери қызмет өткеру үшін Қарулы күштердің әскери бөлімдеріне жіберіледі. Келешекте олардың мансаптық өсуіне, сондай-ақ көп деңгейлі білім беру жүйесі шеңберінде, оның ішінде шетелде одан әрі оқуға мүмкіндіктер ашылады.


Бұл ретте әскери оқу орындарына түсу үшін жергілікті әскери басқару органына өтініш беру қажет. Оқу барысында әскери жоғары білім беру мекемелерінің курсанттары мен колледж кадеттері тамақпен, заттай мүлікпен, тұрғын жаймен және ақшалай үлеспен қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн.



Commentaires


bottom of page