top of page
Search

Мемлекет басшысы елорданың білім беру саласындағы негізгі мәселелерін атап өтті

Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы елорданың білім беру саласындағы негізгі проблемаларын атап өтті. Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, "Современное образование" журналы хабарлайды.


Қасым-Жомарт Тоқаев Астана дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс деп есептейді. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір балабақша кезегінде 45 мың бала тұр.

Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді. Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі керек. Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн. Сонымен қатар педагог мамандардың тапшылығын толығымен жою – маңызды міндет. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі басты назарда болуға тиіс. Жалпы, қаланың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтерген жөн. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай ештеңе жасалып жатқан жоқ, – деді Мемлекет басшысы.




bottom of page