top of page
Search

Отандық ғылымды қолдау: гранттық жобалар мен бөлінетін қаражатты арттыру

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки отандық ғылымды қолдау туралы баяндама жасады. ҚР ҒЖБМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «Современное образование» журналы хабарлайды.


Бүгінде елімізде 22 мыңнан астам ғылыми кадр бар. Оның 36%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Бір миллион тұрғынға 1172 ғалымнан келеді.

«Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысының қолдауымен соңғы жылдары ғылым саласында айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Негізгі міндеттерді айқындадық. Олар ғалымдар санын көбейту, ғылыми экожүйені нығайту, ғылымның экономикаға үлесін арттыру және ғылымды басқаруды жетілдіру. Ең әуелі, ғылымды қаржыландыру жүйесі өзгерді», – деп атап өтті Дархан Ахмед-Заки.

Еліміздегі ғылым саласын және қазақстандық ғалымдарды қолдауға арналған келер жылғы қаражат көлемі ұлғайтылды. Министрлік 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға үш конкурс жариялады: бюджет көлемі 3 млрд теңге болатын «Жас ғалым» жобасы бойынша; қаражат көлемі 9 млрд теңге болатын 2023-2025 жылдарға арналған жас ғалымдар конкурсы; бюджеті 74 млрд теңгеден асатын 2023-2025 жылдарға арналған жалпы конкурс.


Cоңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру 70%-ға өсті. Егер бұрын гранттық және нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар үш жылда бір рет жарияланса, енді конкурстар жыл сайын өткізіледі


Сонымен қатар, Дархан Жұмақанұлы Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысының форматындағы өзгерістер туралы айтты. Апелляциялық комиссия құрылғанын жеткізді.

«Қазіргі уақытта Министрліктің басты міндеттерінің бірі – ғалымдардың кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайту. Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасында және ҚР Ғылымды дамыту тұжырымдамасында ғалымдардың жалпы санын 1,5 есеге, яғни 34 мың адамға дейін ұлғайту және жас ғалымдардың үлесін 50%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылған», – деді Ғылым комитетінің төрағасы.

Жалпы, аталған шаралардың барлығы қазақстандық ғылымды кешенді дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресіне қосқан үлесін арттыруға бағытталған.

Жан-жақты қолдау мен барлық қабылданған шаралардың арқасында жас ғалымдардың үлесі 2025 жылға қарай кемінде 50%-ға жетуі тиіс деп болжануда.




bottom of page