Ұлттық тамырдан негіз алған тәрбие адастырмайды. Бұл Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің берік ұстанымы. 70 жылдық тарихы бар білім ордасы сапалы кәсіби білім берумен қатар шәкірттерінің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп келеді.
Білім мекемесі өткен ғасырдың 50-жылдары «Алматы қаласының кәсіптік кооперация техникумы» болып құрылған. Содан бері мұнда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярланады. Заман талабына сай шәкірттерді кәсіби шыңдауға баса назар аударылған. Осы мақсатта «Жас маман» жобасы аясында колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ.
Жарқын Жаниязова, Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің директоры:
- Егер шәкірттеріміз оқу-тәжірибе барысында заманауи құрал-жабдықтарды қолданып, жоғары жылдамдықтағы кәсіби автоматтарда жұмыс істесе, олар болашақта өнеркәсіптің жұмысына тез бейімделеді. Біз де өндіріске құрал-жабдықтарды басқара алатын дайын мамандарды жібереміз. Бұл өте тиімді.
Әлемдік сән талаптарына жауап беретін жаңа компьютерлік машиналар тігіншінің шығармашылық ойын дәл жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ұлттық киім тігудің ерекшеліктерін зерттеп, зерделеп жүрген колледж шәкірттеріне бұл ауадай қажет дейді мамандар.
Мөлдір Әбдірейімова, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- «Бір ұл тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген қазақта дана сөз бар. Біздің колледждің студенттерінің негізгі дені қыздар болғандықтан бізде қыздардың тәрбиесіне арналған «Сырғалым» қыздар клубы және «Үкілім» сән театры жұмыс жасайды.
Еңбек нәтижесіз де емес. Колледж шәкірттерінің қолынан шыққан ұлттық үлгідегі мына топтамалар Мәскеуде өткен халықаралық «Этно эрато» байқауында жүлделі орынды жеңіп алған.
Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
Ақпарат көзі: 24.kz
Comments