top of page

Жетісу университетіндегі Марке политехникалық университетінің филиалы: халықаралық білім мен өңірлік дамудың жаңа бағыты

Жетісу университетіндегі Марке политехникалық университетінің филиалы

Жетісу облысындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті – өңірдегі жетекші ғылыми-білім беру орталығы. Университеттің білім беру бағдарламалары, ғылыми және инновациялық қызметі, ең алдымен, Жетісу облысының аграрлық-индустриялық мамандануын ескере отырып, өңірдің қажеттіліктеріне бағытталған. Сонымен қатар, университет құқық, педагогикалық білім беру, ақпараттық технологиялар, экономика және туризм салаларында кадрлар даярлауды жүзеге асырып, ғылыми зерттеулерді дамытады. Университет халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Осы бағыттағы жұмыстың маңызды нәтижесі – Жетісу университетінің базасында Италияның Марке политехникалық университеті (Università Politecnica delle Marche) филиалының ашылуы. Бұл халықаралық академиялық әріптестікті кеңейтуге және бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруға ықпал етеді.

Халықаралық серіктестік Жетісу университетінің стратегиялық басымдықтарының қатарына кіреді. Университет әлемнің 100-ден астам жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған. Бұл байланыстар білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, ғылыми әлеуетті біріктіруге, көпмәдениетті академиялық орта қалыптастыруға және студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын кеңейтуге бағытталған.

2025-2026 оқу жылында 50-ге жуық студент Еуропа, Шығыс Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия және көршілес мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алды.

Швейцария, Италия, Қытай, Түркия, Словакия, Польша, Ұлыбритания, Литва, Пәкістан, Ресей және Өзбекстан университеттерінен 20 ғалым дәріс оқып, факультеттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты, олардың 8-і «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» қос дипломды бағдарламасы бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізді.


Жетісу университетіндегі Марке политехникалық университетінің филиалы

2026 жылы Халықаралық бағдарламалар орталығының «500 ғалымы» жобасы аясында университет оқытушылары АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінде, Ұлыбританиядағы Рединг университетінде және Австралиядағы Квинсленд университетінде бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өту гранттарын жеңіп алды.

Осы көрсеткіштер университеттің халықаралық академиялық кеңістікке жүйелі кірігуін және білім беру мен ғылыми қызметті жаһандық тәжірибемен сабақтастыру бағытын айқындайды. Марке политехникалық университетінің филиалын ашу осы саясаттың институционалдық жалғасы болды.

 

Флагмандық жоба: Марке политехникалық университетінің филиалы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жандандырылды. Осы бастама аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен 2024 жылы Università Politecnica delle Marche (UNIVPM) – Марке политехникалық университетінің (Италия) филиалы ашылды.

Серіктес университетті таңдау кезінде Жетісу өңірінің аграрлық мамандануы, экономикалық даму басымдықтары және болашақ кадрлық сұранысы ескерілді. 

Ауыл шаруашылығы бағытында маман даярлайтын бірқатар шетелдік университеттің білім беру тәжірибесі, ғылыми-зерттеу әлеуеті, материалдық-техникалық базасы, халықаралық байланыстары және рейтингтік көрсеткіштері сараланды. Талдау нәтижесінде Università Politecnica delle Marche университетінің академиялық профилі өңірлік міндеттерге сәйкес келетіні анықталды.

UNIVPM 1969 жылы Анкона қаласында құрылған мемлекеттік университет инженерия, медицина, экономика, аграрлық және жаратылыстану ғылымдары салаларында білім береді. Оқу үдерісі ғылыми зерттеулермен тығыз байланысты. Аграрлық, азық-түлік және қоршаған ортаны қорғау ғылымдары департаменті Италиядағы осы бағыттағы жетекші орталықтардың қатарына жатады, ал Марке аймағының агроклиматтық жағдайлары мен бау-бақша, жүзім және зәйтүн шаруашылығындағы тәжірибесі Жетісу облысының ауыл шаруашылығы мамандануымен мазмұндық тұрғыдан үйлеседі.

UNIVPM-дің интернационалдандыруға бағытталуы тең құқылы академиялық ынтымақтастық негізінде серіктестік құруға мүмкіндік берді. Филиалдың басты мақсаты – халықаралық білім беру тәжірибесін өңірдің ерекшеліктерімен ұштастыру арқылы ауыл шаруашылығының жаңа технологияларын меңгерген мамандарды даярлау.


Жетісу университетіндегі Марке политехникалық университетінің филиалы

 

Марке университетінің халықаралық беделі

Università Politecnica delle Marche, қысқартылған атауы UNIVPM, халықаралық рейтингтерде тұрақты көрініс табады.

2025-2026 оқу жылындағы Censis рейтингінде университет Италияның ірі мемлекеттік университеттері санатында екінші орын иеленді. 

QS World University Rankings тізімінде 662-орынға көтерілді. Times Higher Education 2026 рейтингінде 401-500 орындар тобына, Шанхай рейтингінің 2025 жылғы нұсқасында 601-700 орындар аралығына енді, ал Лейден рейтингінде 352-орында көрсетілді.

Халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштер серіктес университеттің білім беру және зерттеу әлеуетінің халықаралық академиялық ортада танылғанын айғақтайды.

 

Білім беру бағдарламалары

Марке политехникалық университеті филиалының білім беру бағдарламаларының портфелі аграрлық, инженерлік-цифрлық және экономикалық бағыттағы үш қос дипломды бағдарламаны қамтиды. 2024 жылы 6В08102 «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» бакалавр бағдарламасы бекітілді. 2026 жылы 6В06106 «Ақпараттық жүйелер – Компьютерлік инженерия және автоматтандыру» бакалавриат және 7М04116 «Экономика – Халықаралық экономика және коммерция» магистратура бағдарламасы іске қосылды.



Бакалавриат бағдарламалары 3+1, магистратура бағдарламасы 1+1 форматында іске асырылады. Студент оқу кезеңінің негізгі бөлігін Жетісу университетінде өткізіп, қорытынды кезеңін Италияда жалғастырады. Бағдарлама талаптарын толық орындаған түлек екі мемлекеттің заңнамасына сәйкес танылатын екі диплом алады. Оқу жоспарлары екі университет арасында үйлестіріліп, кредиттер ECTS жүйесі бойынша есептеледі, ал оқыту нәтижелері бірлесіп бекітіледі.

Бейіндік пәндер ағылшын және итальян тілдерінде жүргізіледі. Осыған байланысты Жетісу университеті студенттерге осы тілдерді меңгеру бойынша тегін курстар ұйымдастырады. Тілдік дайындық студенттердің Италиядағы оқу кезеңіне бейімделуіне және халықаралық академиялық ортада еркін білім алуына жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта филиалда 6В08102 «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша 38 және 6В06106 «Ақпараттық жүйелер – Компьютерлік инженерия және автоматтандыру» білім беру бағдарламасы бойынша 7 білім алушы оқиды.


Жетісу университетіндегі Марке политехникалық университетінің филиалы

2026 жылдың қазан айында «Агрономия – Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» білім беру бағдарламасының алғашқы бес студенті республикалық бюджет қаражаты есебінен Марке политехникалық университетіне оқуға аттанды. Олар серіктес университеттің зертханаларында, практикалық алаңдарында және өндірістік базаларында білім алады. UNIVPM-мен академиялық ұтқырлықтағы бұл алғашқы қадам қос дипломды бағдарлама бойынша оқыту траекториясын жүзеге асырудың және кейінгі қабылдау мен ұтқырлық көлемін жоспарлаудың практикалық негізін қалады.


Филиал студенттері – оқу туралы

Малика Арынова: «Мен филиалда "агрономия" мамандығы бойынша екінші курстан бастап оқып жатырмын. Қазақстанда жүріп Италия университетінің профессорларынан дәріс алу және еуропалық білім беру тәжірибесімен танысу бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Қазір итальян тілін қарқынды меңгерудеміз. 4-курста Марке политехникалық университетінде оқуымызды жалғастырып, жаңа кәсіби тәжірибе жинауды мақсат етеміз».

Балым Сексенбай: «Филиалда оқу маған халықаралық деңгейдегі білімді өз елімде алуға мүмкіндік берді. Италиядан келген профессорлар агрономиядағы заманауи әдістер мен технологияларды таныстырады. Итальян тілін үйрену де оқуымыздың маңызды бөлігіне айналды. Италиядағы оқу кезеңінде білімімді тереңдетіп, жаңа академиялық ортада тәжірибе жинағым келеді».

Мерей Полат: «Марке университетінің профессорлары теориялық білімді практикалық тәжірибемен байланыстырып түсіндіреді. Мұндай сабақтар агрономиядағы заманауи тәсілдерді тереңірек меңгеруге көмектеседі. 4-курста Италияда білім алып, жинаған тәжірибемізді Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға қолдануды жоспарлаймыз».



Шетел азаматтарын қабылдау және қолдау

Шетел азаматтары филиалға мемлекеттік грант конкурсы немесе ақылы оқу негізінде түсе алады. Мемлекеттік грантқа үміткерлер Халықаралық бағдарламалар орталығының Study in Kazakhstan платформасы арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысады. Ақылы негізде түсетін талапкерлер де жалпы қабылдау талаптары мен тілдік даярлық деңгейі бойынша бағаланады.

Университет құжаттарды рәсімдеу, шақыру хатын дайындау және виза алу рәсімдері бойынша шетелдік студенттерге ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.

Қабылданған студенттер жатақханаға орналасып, кампус инфрақұрылымын пайдалана алады.


Бірлескен ғылыми зерттеулер мен жобалар

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Жетісу облысының ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға, мамандардың жаңа буынын даярлауға және зерттеу нәтижелерін қоғамдық тәжірибеге енгізуге, зерттеу инфрақұрылымын ұдайы кеңейтуге және ғылым нәтижелерін қоғам мен экономиканың сұраныстарына бейімдеу тетіктерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде.

Университетте «Аксиологиялық зерттеулер және медиатехнологиялар», «Арнайы білім беру мәселелерін зерттеу», «Заңдарды, экожүйелерді және тұрақты дамуды зерттеу», «Пәнаралық әлеуметтік зерттеулер», «Мектепке дейінгі ұйымда инклюзивті білім беруді педагогикалық қолдау» ресурстық орталықтары; «Өсімдіктердің микроклоналды көбеюі» зертханасы жұмыс істейді.


Жетісу университетіндегі Марке политехникалық университетінің филиалы

Жетісу Ғылыми-білім беру орталығының құрамына STEM lab жаратылыстану ғылымдары мен технологияларының ғылыми-оқу зертханасы, сондай-ақ EcoAnalysisLab кешеніне кіретін молекулалық биология, стандарттау, метрология және сертификаттау зертханалары кіреді.

Университет құрылымында экология, молекулалық генетика және геномика, биотехнология, өсімдіктердің микроклоналды көбеюі бағыттары бойынша төрт зертхананы біріктіретін Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты маңызды орын алады.

Филиалдың қалыптасу кезеңінде Жетісу университеті мен Марке политехникалық университеті бірлескен зерттеулердің басым бағыттарын айқындап, ғылыми әлеуетті біріктірудің ұйымдастырушылық тетіктерін әзірлейді.

Аграрлық ғылым, ауыл шаруашылығының инновациялық технологиялары, цифрландыру, қоршаған ортаны қорғау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы негізгі тақырыптық бағыттардың қатарына жатады.

Алдағы кезеңде екі университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен зерттеушілері бірлескен ғылыми жобалар әзірлеп, ұлттық және халықаралық гранттық конкурстарға қатысады. Қолданбалы зерттеулер өңірдің өндірістік, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге бағытталатын болады.


Жетісу университетіндегі Марке политехникалық университетінің филиалы

Ынтымақтастық студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартуды, ғылыми тағылымдамалар мен академиялық алмасуларды дамытуды, бірлескен жарияланымдар мен ғылыми жобаларды дайындауды қамтиды. Бұл бағыттар филиалдың білім беру қызметін ғылыми зерттеулермен байланыстыруға және екі университеттің зерттеу қауымдастығы арасында берік кәсіби байланыстар қалыптастыруға негіз болады.

Марке политехникалық университетінің филиалы Жетісу университетінің интернационалдандыру стратегиясындағы негізгі институционалдық жобалардың бірі болып қалыптасып келеді.

Оның мазмұны өңірдің кадрлық сұранысына бейімделген қос дипломды бағдарламаларды, шетелдік профессорлардың қатысуын, студенттердің тілдік даярлығын және академиялық ұтқырлықты бір жүйеге біріктіреді.

Алдағы кезеңде университет филиалдың білім беру портфелін іске асыру сапасына, бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеуге, студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын кеңейтуге және халықаралық зерттеу байланыстарын нығайтуға басымдық береді. Бұл жұмыс Жетісу өңіріне қажетті мамандарды даярлауға, ғылыми әлеуетті арттыруға және университеттің жаһандық академиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға қызмет етеді.


Ермек БӨРІБАЕВ,

І. Жансүгіров атындағы

Жетісу университетінің басқарма төрағасы – ректоры

 

АННОТАЦИЯ

Жетысуский университет имени И. Жансугурова – ведущий научно-образовательный центр области Жетысу, работающий прежде всего на нужды региона и его аграрно-индустриальную специализацию. Вуз также готовит кадры и ведет исследования в сферах права, педагогики, IT, экономики и туризма. Одним из главных итогов его активной международной деятельности стало открытие филиала итальянского Политехнического университета Марке (Università Politecnica delle Marche).



 

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page