top of page
Search

«Орталық Азияның Француз зерттеулері: қатысушылар және өзекті ахуалы» ғылыми семинары

Абай университетінің Сорбонна-Қазақстан институтында Францияның Орталық Азияны зерттеу институтымен (IFEAC) және Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Орталық Азияның Француз зерттеулері: қатысушылар және өзекті ахуалы» тақырыбында ғылыми семинары өтті.

Абай университеті өз алаңында француз зерттеушілері арасындағы ғылыми диалогты байыту және білім көкжиегін кеңейту, тәжірибе алмасу және белсенді білім мен тәжірибе алмасу мақсатында жетекші отандық және француз зерттеушілерінің басын қосты.


Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп, Францияның Қазақстандағы елшілігінің білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі аймақтық атташесі Ксавье Ле Торривеллек, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Айнұр Сәбитова, француз ғалымдары: Сорбонна-Қазақстан институтының негізін қалаушылардың бірі Катрин Пужоль, IFEAC директоры Адриен Фов, институттың әріптес-профессоры Оливье Феррандо, Орталық Азия тарихы бойынша көптеген еңбектердің авторы Ксавье Аллез, жас зерттеушілер мен докторанттар қатысты.

Болат Тілеп семинардың маңыздылығына тоқталып, Сорбонна-Қазақстан институтын бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей бірлескен жоба екенін тілге тиек етті. Осы уақыт ішінде институт үлкен жетістіктерге жетті. Атап айтқанда: қос дипломдық бағдарламалар мен студенттердің өзара алмасу тәжірибесі жаңа деңгейге көтерілді; институт жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шаралардың алаңы және түлектеріміз үшін жаңа кәсіби баспалдақ болды. Дегенмен, бүгінде университет пен елдің өз талаптары, нақты мүдделері бар. Бұл - Сорбонна-Қазақстан институтына ерекше жауапкершілік жүктейтін жаңа формациядағы педагогтарды даярлау. «Француздық әріптестерімізбен бірге ғылыми-зерттеу және білім беру бағдарламалары, соның ішінде тіл білімі саласында үлкен бастамаларды көтеретін уақыт келді деп ойлаймын», - деп сөзін қорытындылады ректор.

Семинарда осы саладағы зерттеудің өзекті тақырыптары талқыланып, заманауи зерттеу бағыттарына шолу жасалады және Орталық Азиямен байланысты ғылыми жұмыстар мен жобалар ұсынылды. Қатысушылар арасындағы пікірталастар мен диалогтар тәжірибе мен идеялар алмасуға қызмет етті. Семинардың екі тарап үшін де өте жемісті және пайдалы болғаны айтылды.



Comentarios


bottom of page