ASTANA POLYTECHNIC – болашаққа бастар нақты таңдау
- Болат Рысқалиев, ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжінің директоры

- 1 day ago
- 5 min read

Білім – болашақтың іргетасы. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру – елдің дамуы үшін шешуші рөл атқаратын сала. Осы орайда, ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжі – заман талабына сай, еңбек нарығына бағытталған, инновацияны тәжірибемен ұштастыратын жетекші оқу орны ретінде танылып отыр. Біздің колледж – бұл кәсіби мамандар мен көшбасшылардың қалыптасатын ортасы. Жыл сайын мыңдаған талапкер ASTANA POLYTECHNIC-ті саналы түрде таңдайды. Себебі, мұнда білім беру жүйесі еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделген.
ASTANA POLYTECHNIC колледжінің тарихы 1994 жылдан басталады. Сол уақытта әлі жас әрі қарқынды дамып келе жатқан астанамызда жаңа үлгідегі оқу орны құрылды. Бұл бастаманың басты мақсаты – елімізді заманауи жабдықтармен жұмыс істей алатын, өндіріс процесіне инновацияларды енгізе білетін білікті мамандармен қамтамасыз ету болды.
Колледждің негізін бірнеше техникалық училищелер қалады. Олар өзара бірігіп, бар ресурстарын, тәжірибелі оқытушылар құрамын және материалдық-техникалық базасын бір арнаға тоғыстырды. Уақыт өте келе колледжге жаңа білім беру бағыттары қосылып, бұл студенттерге таңдау мүмкіндіктерін кеңейтіп, заманауи талаптарға сай жан-жақты дайындық алуға жол ашты.

Құрылған күнінен бастап колледж үлкен даму жолынан өтті. Бүгінде ASTANA POLYTECHNIC – еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі ретінде танылып отыр. Бұл мәртебе – оқу орнының жылдар бойы үздіксіз ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылуының нәтижесі.
Колледжіміз бірнеше рет «Республиканың үздік колледжі» атағына ие болды, «Talap» КЕАҚ ұйымдастырған Қазақстан Республикасының ТжКБ колледждерінің арасында өткен рейтингте көш бастап, Астана қаласы әкімінің грантын 2021, 2022, 2024 жылдарының «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздігі» номинациясының жүлдегері атанды. Бұл жетістіктер – колледж ұжымының еңбегі, оқу бағдарламаларының еңбек нарығының сұранысына сай бейімделгенінің және студенттердің жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынының айқын дәлелі.
2024 жылы ASTANA POLYTECHNIC колледжі өзінің 30 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтілді. Мерекелік шаралар шеңберінде еңбек нарығына жасанды интеллекттің ықпалына арналған «Жасанды интеллект – еңбек нарығының трансформациясы» мазмұнды Халықаралық форум, бос жұмыс орындарының кең ауқымды жәрмеңкесі және «Мамандықтар қаласы» көрмесі өткізілді. Форумның спикерлер қатарында ҚР Сенат депутаттары, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, сала сарапшылары өз ойларымен бөлісті.

Бұл мерейтой – колледждің өткені мен жеткен жетістіктерін ғана емес, сонымен қатар жаңа сын-тегеуріндерге, тың бастамаларға және болашақтағы биік мақсаттарға дайындығын айшықтаған маңызды оқиға болды.
ASTANA POLYTECHNIC – заманауи инфрақұрылымы бар оқу орны. Үш оқу корпусы, өндірістік шеберханалар, цифрландырылған зертханалар мен халықаралық брендтермен бірлескен оқу орталықтары біздің білім беру жүйеміздің негізін құрайды. Студенттеріміз оқу барысында-ақ нақты кәсіпорындарда кәсіби тәжірибеден өтіп, алғашқы еңбекақысын таба бастайды.
Колледжіміз – CISCO, RedHat Academy, TP Link, Festo, GROHE, KNAUF, ТехноНиколь, ALINA, CERTIPORT, 1С сияқты әлемдік брендтердің ресми серіктесі. Осы серіктестік негізінде ашылған ресурстық орталықтарда студенттер заманауи технологияларды меңгеріп, халықаралық сертификаттарға ие бола алады.
Орталықтар жоғары технологиялық «ақылды» жабдықтармен және брендтердің соңғы топтамаларымен жабдықталған. Бұл орталықтарда барлық ниет білдірушілерге қосымша білім алуға мүмкіндік беріледі, ал бағдарлама сәтті аяқталған кезде тыңдаушылар халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болады. Ол үшін колледжде оқу процесін жетекші технологиялармен үндестіру жүргізіліп, материалдық-техникалық база үнемі нығайтылады. Жоғарыда аталған зертханалар мен оқу орталықтары WorldSkills халықаралық стандарттарының талаптарын ескере отырып, халықаралық сарапшылар мәртебесін алған Е. М. Касымов, С. А. Лапенко, Г. С. Қадыртаева, С. П. Керимов сияқты педагогтердің және сарапшы-компатриоттардың басшылығымен WorldSkills Kazakhstan қатысушыларының 21 құзыреттілігі бойынша даярлаудың жаттығу алаңына айналды.

Сондай-ақ колледжіміздің 200-ден астам әлеуметтік серіктесі бар. Олардың қатарында Kazakhtelecom, Freedom Telecom, КазТелеСистем, Бителеком, IMBC халықаралық машина жасау орталығы, Astana Invest, BI Group, Bazis Construction, SAT-NS құрылыс компаниясы, Aster Auto, Autoland, Ramada by Wyndom сияқты жетекші компаниялар бар. Бұл әріптестік студенттердің кәсіби әлеуетін толық ашуға, жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
ASTANA POLYTECHNIC-тің басты капиталы – кәсіби ұстаздар. Мұнда педагогика ғылымдарының кандидаттары, PhD докторлары, халықаралық сарапшылар, өндірістік оқыту шеберлері қызмет атқарады. Республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпаздары – Г. Ф. Абдраимова, Е. М. Қасымов және М. Т. Сембина – білім беру үдерісіне жаңа инновациялық тәсілдерді енгізіп, студенттердің қабілеті мен әлеуетін жан-жақты дамытуға айрықша үлес қосуда.
Оқытушылар тек дәріс оқумен шектелмей, тәжірибеге бағытталған әдістемелерді енгізеді, кәсіпорындармен бірлескен жобалар жүргізеді және студенттерге өздерінің жеке жобалары мен стартаптарын әзірлеуге көмектеседі.
Олардың еңбегінің арқасында түлектер тек теориялық біліммен ғана шектелмей, нақты өндірістік міндеттерді шешуге толық дайын болады. Педагогикалық құрамның кәсіби еңбегінің нәтижесінде түлектердің 70%-ы оқу бітірген бойда жұмысқа орналасса, 28%-ы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, мамандығын тереңдетеді.

Біртұтас тәрбие жүйесі – тұлға қалыптастырудың алтын арқауы
ASTANA POLYTECHNIC Жоғары колледжі – бұл тек білім алатын орын емес, жастардың арманын қанаттандырып, тұлғалық қалыптасуына жол ашатын орта. Мұнда әрбір студент тек мамандық игеріп қана қоймайды, сонымен бірге ұлттық құндылықтарға адал, заманауи әлемге бейім, шығармашыл әрі белсенді азамат болып өседі.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында колледж жастарының рухани-адамгершілік, мәдени және кәсіби дамуына айрықша көңіл бөлінеді.
Бұл бағдарлама – студенттердің жан дүниесін байытып, жүрегіне мейірім мен отансүйгіштік сезімін ұялатып, үлкен өмірге сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.
ASTANA POLYTECHNIC-тің шынайы мақтанышы – Жастар комитеті. Бұл – студенттердің армандары жүзеге асатын, идеялары қолдау табатын, таланттары жарқырайтын орта.
Комитеттің ұйымдастыруымен студенттік өмір әрдайым қызыққа толы. Креативті жобалар, мәдени кештер, спорттық сайыстар, патриоттық акциялар, ұлттық ойындар мен шығармашылық байқаулар – барлығы жастардың белсенділігін арттырып, колледж қабырғасын думанға толтырады.
«Flash Talent», «Polytech Aruy», «Random Dance», ұлттық ойындар фестивалі – осындай бастамалар студенттердің бойындағы дарынды ашып, достық пен бірлікті нығайтады. Ал қайырымдылық пен волонтерлік жобалар олардың жүрегін мейірімге, жанын жауапкершілікке баулиды.
2025 жыл – Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы». Бұл бастамаға ASTANA POLYTECHNIC студенттері белсенді қатысып, өздерінің білімі мен кәсіби дағдыларын көпшілікке паш етті. «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалінде біздің студенттер Кокетай Жантуар мен Манатбек Эльнара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке экскурсия жетекшісі болып, колледждің абыройын асқақтатты.

Сондай-ақ колледж студенттері республикалық деңгейде де озық нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, Бабаев Асанали «Топ-100 студент» байқауында үздік атанып, еліміздің ең белсенді әрі талантты жастарының қатарынан көрінді. Ал студент Манатбек Эльнара І Республикалық студенттер слетінде өз стартап-жобасын ҚР Үкімет мүшелеріне таныстырып, заманауи жастың жаңашылдыққа бейімділігін дәлелдеді.
ASTANA POLYTECHNIC – жастардың бойына сенім, жүрегіне шабыт сыйлайтын мекен. Мұнда әр студент өзін тұлға ретінде сезінеді, арманына жол табады, өз қабілетін ашады.
Бүгінде ASTANA POLYTECHNIC – бұл жай ғана білім ордасы емес. Бұл – кәсіби мамандар мен көшбасшыларды қалыптастыратын, жастардың бойына жауапкершілік пен мақсаткерлікті сіңіретін, командада жұмыс істей білу мәдениетін дамытатын бірегей орталық. Мұнда әр студент өзінің табиғи қабілетін толық ашуға, жүрек қалауына сай мамандық игеруге және табысты мансап жолын құруға мүмкіндік алады.
Колледж уақыт талабына сай үнемі жаңарып, озық технологиялар мен заманауи білім беру бағдарламаларын енгізіп отырады. Осылайша ASTANA POLYTECHNIC әрдайым бір қадам алда болып, еліміздің болашағы үшін сенімді тірек болу миссиясын лайықты түрде атқаруда.
ASTANA POLYTECHNIC – бұл болашаққа ашылатын сенімді жол. Егер сіз еңбек нарығында сұранысқа ие маман болғыңыз келсе, инновациямен жұмыс істеуге дайын болсаңыз және кәсіби мансапты ерте бастағыңыз келсе – біз сізді күтеміз.
Колледж – жай ғана білім беру орны емес. Бұл – жастарды табыс пен жауапкершілікке тәрбиелейтін орта. ASTANA POLYTECHNIC – болашаққа жасалған нақты қадам!
АННОТАЦИЯ
«ASTANA POLYTECHNIC» признан одним из ведущих колледжей страны. Здесь внедряются передовые технологии и современные образовательные программы, ориентированные на рынок труда. Директор «ASTANA POLYTECHNIC» Болат Рыскалиев рассказывает о новых иницативах колледжа, сотрудничестве с социальными партнерами, готовности к современным вызовам и высоким достижениям.



Comments