top of page

Auezov University: Іле педагогикалық университетімен бірлескен ғылыми-білім беру орталығы ашылды

14 hours ago
2 min read

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Қытайдың Іле педагогикалық университетімен (Yili Normal University) білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде. Бүгін екі жоғары оқу орнының бірлескен Білім беру, ғылым және технология орталығының салтанатты ашылуы өтті.


Auezov University: Іле педагогикалық университетімен бірлескен ғылыми-білім беру орталығы ашылды

Бұл бастама халықаралық әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, жастарға тың мүмкіндіктер ұсынбақ. Университетке Қытай Халық Республикасының Іле педагогикалық университеті делегациясы арнайы сапармен келді. Оны университет ректорының орынбасары Цао Хунцинь бастап жүрді. Қытайлық меймандарды Мұхтар Әуезов атындағы университеттің Басқарма төрағасы -ректор Мұхтар Төлеген қарсы алды. Кездесу барысында Қазақстан мен ҚХР арасындағы достық қарым-қатынасты және екі елдің өзара байланысын бейнелейтін арнайы бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ ректор аспан асты еліне жасаған сапары, оның аясында өткен кездесулер мен қол жеткізілген уағдаластықтар туралы қысқаша айтып өтті. Делегация университеттің ғылыми және мәдени инфрақұрылымымен танысып, "Абайтану және Мұхтартану" ғылыми орталығына барды. Мұнда қонақтарға ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы, қазақ әдебиеті мен әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы құнды деректер ұсынылды. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы мен шығармашылық жолы жөнінде әңгіме өрбіді. Бұдан бөлек, шетелдік меймандар оқу үдерісін ұйымдастыру және бақылау орталығын, университет музейі мен кітапханасын аралады. Ынтымақтастықтың нақты нәтижесі ретінде екі университеттің бірлескен Білім беру, ғылым және технология орталығы ашылды. Салтанатты рәсімде тараптар тиісті келісімге қол қойды.


Auezov University: Іле педагогикалық университетімен бірлескен ғылыми-білім беру орталығы ашылды

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген екі мемлекет басшыларының сарабдал саясаты елдер арасындағы достық пен стратегиялық әріптестіктің нығаюына негіз болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа орталық білім мен ғылым бағытындағы байланысты тереңдетіп, жастарға тың мүмкіндіктер ұсынады. Ректор алдағы уақытта студенттердің осы алаңда білім алып, ғылыми жобаларға қатысуына, тәжірибе алмасуына жағдай жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ қытай тілін үйренуге ниетті жастар үшін орталықтың маңызына тоқталды. Мұнда олар тілдік білімін жетілдіріп қана қоймай, Қытайдың мәдениеті мен білім беру жүйесін тереңірек тануға мүмкіндік алады. Жаңа орталықтың негізгі қызметі бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруды, білім беру бағдарламаларын дамытуды, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруды және мәдени байланыстарды нығайтуды қамтиды. Бұл бастама қос оқу ордасының ғылыми әлеуетін біріктіріп, халықаралық тәжірибе алмасуға кеңінен жол ашпақ.


Auezov University: Іле педагогикалық университетімен бірлескен ғылыми-білім беру орталығы ашылды

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық университет мәртебесі берілген болатын. Осыған орай халықаралық әріптестікті кеңейту, шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды дамыту оқу орнының стратегиялық басымдықтарының біріне айналып отыр. Қазақстан мен Қытай университеттері арасындағы жаңа бастама Шымкенттің ғылыми-білім беру әлеуетін арттыруға да үлес қосады. Ал орталықтың ашылуы екі ел жастарының білім мен ғылым жолындағы ынтымақтастығын нығайтып, болашақ бірлескен жобаларға негіз қалайды.


Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page