«Balapan» телеарнасында жаңа танымдық және анимациялық жобалар эфирге шықты
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамындағы «Balapan» телеарнасы балалардың танымын кеңейтуге, шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға және ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыруға арналған жаңа анимациялық сериалдар мен телебағдарламаларды ұсынды, «Замануи білім беру» журналы Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

15 қарашада Ұлттық валюта күніне орай қаржылық сауаттылыққа баулитын «Теңгетай» анимациялық сериалы алғаш рет эфирге шықты. Жоба ойын арқылы балаларға ақшаны ұқыпты жұмсауды, шығынды жоспарлауды және қаражат жинауды үйретеді.
Жаңа жобалар қатарында балаларды ғылымға қызықтырып, зерттеуге баулитын «Әл-Фараби. Уақыт кілті» анимациялық сериалы мен «Жас ғалым» бағдарламасы бар. Ал «Кел, балалар, оқылық!» бағдарламасы жас көрермендерді жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен және заманауи цифрлық технологиялармен таныстырады.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінген. «Құмай тазы. Жаңа достар» анимациялық сериалы қазақы тазының ерекшеліктері туралы баяндайды. Ал «Кітаптар патшалығы» жобасы Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында балалардың кітапқа қызығушылығын оятуды көздейді.
Сондай-ақ күзгі маусымда қауіпсіздік ережелерін үйретіп, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіндіретін «Тұлпарлар. Құтқару жасағы» анимациялық сериалын көрсету жоспарланған. «Ойсалмақ» бағдарламасы балалардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, түрлі жағдайды талдап, өз бетінше шешім қабылдауға көмектеседі.
Жаңа ойын-сауық жобаларының бірі – музыка мен биден тұратын «Биле Battle» шоуы. Онда жас қатысушылар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, би қойылымдарын ұсынады.
Жалпы, 2026 жылы «Balapan» телеарнасы жеті анимациялық сериал, он телебағдарлама және бір телехикая әзірледі.

Comments