top of page

DKU-да халықаралық Nexus Forum өтті: Орталық Азия сарапшылары табиғи ресурстарды орнықты басқару мәселелерін талқылады

4 hours ago
3 min read

2026 жылғы 19-20 қарашада Қазақстан-Неміс университетінде (DKU) Ханнс Зайдель қорының қолдауымен Орталық Азиядағы су және жер ресурстарын орнықты басқару, энергетика және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне арналған халықаралық Nexus Forum өтті.


DKU-да халықаралық Nexus Forum өтті: Орталық Азия сарапшылары табиғи ресурстарды орнықты басқару мәселелерін талқылады

Форум экология және орнықты даму саласындағы ғалымдар мен сарапшыларды, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің университеттері, халықаралық ұйымдары мен бейінді мекемелерінің делегаттарын біріктірді.


Nexus бастамасын дамытуға ерекше мән беретін DKU президенті, профессор Волрад Роммель форумды құттықтау сөзімен ашып, «Nexus және климаттың өзгеруі» панельдік пікірталасының модераторы болды. Іс-шараның спикерлері мен құрметті қонақтары қатарында Ханнс Зайдель қорының Орталық Азиядағы өкілі Константин Блашке, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Абай Серікқанов,ТИИИМСХ (Өзбекстан) халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Абдулхаким Салохиддинов, Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің өкілі Алмаз Иманалиев, Алматыдағы ЮНЕСКО-ның криосфера жөніндегі ҒЭҚ (ГЭФ) жобасының менеджері Лариса Когутенко және басқалар болды.


DKU-да халықаралық Nexus Forum өтті: Орталық Азия сарапшылары табиғи ресурстарды орнықты басқару мәселелерін талқылады

Бірінші күннің «Nexus және климаттың өзгеруі» атты басты панельдік пікірталасында сарапшылар климаттық өзгерістердің табиғи ресурстарға әсерін, су тұрақтылығы мәселелерін және өңірдің экологиялық проблемаларын шешуде кешенді тәсілдің қажеттілігін талқылады. Келесі пікірталас Nexus тәсілі мен Орталық Азиядағы жер пайдаланудың өзара байланысына арналды. World Café интерактивті сессиясы барысында қатысушылар төрт негізгі бағыт бойынша тәжірибе алмасты: су ресурстарының орнықтылығы, ауыл шаруашылығы және жер пайдалану, энергетикалық қауіпсіздік, биоалуантүрлілік және экожүйелер.


«Nexus тәсілі әртүрлі бағыттағы ғалымдарды өз зертханасында тұйықталып қалмай, кеңірек ойлауға және көшенің арғы бетінде не болып жатқанын – инженерлер мен сабақтас пәндердегі әріптестердің немен айналысатынын көруге, бірлесе жұмыс істеуге үйретуімен маңызды. Біз мұнда әртүрлі ғылым салаларының зерттеушілерін мақсатты түрде жинап, аграрлық сектор мен сумен жабдықтау жөніндегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерін де шақырдық. Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне бейімделу мен суды басқарудан бастап орнықты индустриялық дамуға дейінгі міндеттерді тек осылай кешенді түрде шешуге болады.

Форумның екінші күнін серіктестермен бірлескен нақты практикалық жұмысқа арнадық. Біз оны шартты түрде екі бағытқа бөлеміз: біріншісі – су ресурстарын басқару саласында бүкіл Орталық Азияға арналған оқу бағдарламаларын әзірлеу, екіншісі – климат, суды басқару және биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы нақты жобалар. Бүгінде Ғылым академиясымен бірлесіп бірнеше тақырып бойынша жұмыс істеп жатырмыз: Каспий теңізі, жасыл сутегі, жасыл технологиялар мен энергетика, сондай-ақ көпшілікті толғандыратын Алматы апортын қайта жаңғырту жобасы», – деді DKU президенті, профессор Волрад Роммель.


DKU-да халықаралық Nexus Forum өтті: Орталық Азия сарапшылары табиғи ресурстарды орнықты басқару мәселелерін талқылады

Форумның екінші күні екі параллель сараптамалық семинар форматында өтті. Профессор Волрад Роммельдің жетекшілігімен бірінші жұмыс тобы су ресурстарын басқару саласындағы бірлескен білім беру бағдарламасының тұжырымдамасын әзірлеуге назар аударды. Орталық Азия жоғары оқу орындарының өкілдері болашақ бағдарламаның құрылымын, түлектердің негізгі құзыреттерін, оқу модульдерін өзара тану мүмкіндіктерін және қос дипломды магистратура құру перспективаларын талқылады.


DKU Табиғи ресурстар және орнықты даму орталығының ғылыми директоры, доктор Юлия Ефремованың жетекшілігімен екінші топ биоалуантүрлілікті сақтау және өңірдің бірегей табиғи әрі мәдени ресурсы ретінде Алматы апортының әлеуетін дамыту мәселелерімен жұмыс істеді. Талқылау өзегінде жергілікті табиғи ресурстар негізінде қосылған құн қалыптастыру мүмкіндіктері, алма бақтары мен экожүйелерді сақтау, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобалар мен оларды қаржыландыру перспективалары болды.


«Nexus институтының мәртебесін заңды түрде ресімдеу жақында ғана аяқталғанына қарамастан, біз оны құру идеясы пайда болған бір жыл бұрынғы сәттен бастап мазмұнды жұмысты тоқтатқан жоқпыз: қазірдің өзінде бастамашыл зерттеулер, соның ішінде Каспий теңізі бойынша зерттеулер жүргізіп, жобалық өтінімдер дайындап жатырмыз. Форумда біз барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын практикалық арнаға бұруға тырыстық – ғалымдар, сарапшылар және өндірушілермен бірге Алматы апортының дәстүрін сақтау мен дамытуды,биоалуантүрлілікті, экожүйелік өнімдер мен жаңа жобалық тұжырымдамаларды талқыладық», – деп пікір білдірді Юлия Ефремова.

Форум өңірлік ғылыми және білім беру ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болды. Жұмыс кездесулерінің қорытындысы бойынша қатысушылар білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, ғылыми жобаларды дайындауды және оларды іске асыру үшін қаржыландыру көздерін іздеуді қоса алғанда, одан әрі бірлескен қызмет бағыттарын айқындады.


DKU-да халықаралық Nexus Forum өтті: Орталық Азия сарапшылары табиғи ресурстарды орнықты басқару мәселелерін талқылады

Nexus Forum өткізу Ханнс Зайдель қорының қолдауымен DKU, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және ҚазҰАЗУ-дың (KazNARU) бірлескен ғылыми-білім беру бастамасы – Қазақстан-Неміс Nexus институтын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Жер, су, энергия және биоалуантүрліліктің тығыз өзара байланысын түсіну Nexus тәсілінің негізінде жатыр. Қазіргі заманғы экологиялық және климаттық сын-қатерлерді шешу пәнаралық өзара іс-қимылды, ғылыми әлеуетті біріктіруді және білім беру мекемелерінің, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық серіктестердің бірлескен күш-жігерін талап етеді.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page