KAIST Kazakhstan жаңа кезеңге қадам басты
- Редакция "СО"

- 8 minutes ago
- 1 min read
Тэджон қаласында KAIST Kazakhstan жобасына арналған ресми кездесу өтті. Іс-шараға Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) Президенті мен жоғары басшылығы қатысты, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазақстан Республикасы тарапынан кездесуге Алатау қаласының ресми өкілі, Қазақстан корейлері қауымдастығының мүшесі Елена Те, сондай-ақ жоба бастамашылары мен жетекшілері Дана Молдақұлова және Данияр Ануарұлы қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар жобаның академиялық, технологиялық және экономикалық тұрғыдан орындылығын растайтын техникалық-экономикалық негіздеменің нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар бастаманы тұжырымдамалық кезеңнен практикалық іске асыру сатысына көшіру мәселесі талқыланды. Алатау қаласы ғылыми-білім беру және инновациялық экожүйені қалыптастыру үшін стратегиялық маңызы бар алаң ретінде ұсынылды.
Сондай-ақ Қазақстан корейлері қауымдастығының қатысуымен жүзеге асырылатын, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы орнықты әріптестікті бейнелейтін K-Park мәдени-іскерлік және қоғамдық орталығының тұжырымдамасына ерекше назар аударылды.
Тараптар жобаны кезең-кезеңімен іске асыру моделін, сондай-ақ KAIST пен қазақстандық тарап арасындағы одан арғы ұйымдастырушылық және институционалдық өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады.
KAIST Президенті мен жоғары басшылығы атқарылған жұмысты жоғары бағалап, техникалық-экономикалық негіздеменің сапасын, тәсілдің жүйелілігін және қазақстандық команданың үйлесімді жұмысын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша KAIST Президенті ресми хаттамаға қол қойып, қол жеткізілген уағдаластықтарды растады және Алатау қаласында KAIST кампусын салуды қоса алғанда, жобаны іске асыруға толық қолдау білдірді.
Тараптар бұл жобаны Қазақстанда озық ғылыми зерттеулер мен әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлау орталығын қалыптастыруға бағытталған стратегиялық маңызды қадам, сондай-ақ ғылым, білім беру және жоғары технологиялар саласындағы Қазақстан-Корея әріптестігін ұзақ мерзімді нығайтудың тиімді құралы ретінде қарастырады.



Comments