KFM Projekt және ҚазАТЗУ ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды
- Редакция "СО"

- Aug 18
- 2 min read
Seifullin University-не «Kompetenzförderung Milch in Kasachstan» (KFM Projekt) – «Қазақстанда сүт өндірісін тұрақты дамыту саласындағы кәсіпорындардың құзыреттерін арттыру жөніндегі қазақстандық-германиялық жоба» делегациясы келді. Аталған жобаның жетекшісі Уве Веддиге және оның орынбасары Айнагүл Аяғанова сапарының мақсаты - ҚазАТЗУ қызметкерлерін жобаның мұраттарымен таныстыру және келешек ынтымақтастық перспективаларын талқылау болды.

Айта кетейік, "Қазақстанда сүт өндірісін тұрақты дамыту саласындағы кәсіпорындардың құзыреттілігін арттыру" атты қазақстандық-германиялық жоба елімізде 2019 жылдан бері табысты іске асырылуда. Оған бірқатар өңірлердің шаруашылықтары қатысады. Жоба шикізат құн тізбегінің барлық кезеңдерінде, әсіресе нарыққа бағытталған отбасылық фермаларға кеңес береді.
Делегаттарды ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов қарсы алды.
"Сізді біздің университеттің қабырғасында қабылдау - үлкен мәртебе. Біз Қазақстанның сүт секторындағы құзыреттілікті арттыру жөніндегі жобаның қызметімен және жоспарларымен танысқанымызға қуаныштымыз. Қазақстан үшін өте пайдалы бұл жоба пилоттық сүт фермаларының техникалық және басқару персоналының біліктілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, сіздің міндеттеріңіз біздің ғылыми бағыттарымызға сәйкес келеді. Сондықтан біздің ынтымақтастығымыз жемісті болатынына сенімдімін", - деді ректор.
Қ.Тіреуов университеттің техникалық факультетінде сүт өнімдері мен азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл антиоксиданттары жоғары функционалды сүт өнімдерінің технологиясын әзірлеу, ет-сүт өнімдерін өндіруде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік өнімдерін шығару үшін ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу технологиясын әзірлеу жөніндегі жобалар.
Уве Веддиге ҚазАТЗУ-дың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ет пен сүт өнімдерінің сапасын жақсартуға бағытталған міндеттерді жүзеге асыру әлеуетін жоғары бағалады.
Кездесудің қорытындысы Seifullin University және «Kompetenzförderung Milch in Kasachstan» (KFM Projekt) арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою болды.
Құжат бірлескен білім беру іс-шараларын өткізуді, білім алушылар, ПОҚ және агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындары үшін оқу бағдарламалары мен әдістемелік материалдарды әзірлеуді және АӨК саласында ақпарат алмасуды қамтиды.
Ректор атап өткендей,"Меморандумға қол қою Қазақстанның сүт саласына елеулі пайда әкелетін, тәжірибе мен технологиялармен алмасуға жаңа мүмкіндіктер туғызатын ұзақ мерзімді және нәтижелі ынтымақтастықтың бастамасы болады".




Comments