Kozybayev University мен Аризона университеті ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде
Kozybayev University мен Аризона университетінің стратегиялық серіктестігі академиялық жобадан өңір мен бүкіл ел үшін ауқымды ғылыми-өндірістік қозғаушы күшке айналып келеді.

Осы мәселелер Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы – ректор Ербол Исакаевтың Arizona International білім беру серіктестіктері жөніндегі аға директоры Рикки Салазар бастаған Аризона университетінің делегациясымен және университет профессорларымен кездесуінде талқыланды. Ербол Исакаевтың айтуынша, Аризона университетімен төрт жылдан астам уақытқа созылған бірлескен жұмыс жобаның тиімділігін көрсетті. Бүгінде Петропавлдағы микрокампус тек мамандар даярлап қана қоймай, қолданбалы ғылыми зерттеулерді тәжірибеде жүзеге асыруға көшіп отыр.
Биыл Kozybayev University-де қос дипломды білім беру бағдарламаларына рекордтық көрсеткішпен 165 студент қабылданды. Жақында ашылған бизнес және менеджмент бағыттарына да сұраныс жоғары.
«Биыл жазда бағдарламаларымыздың алғашқы түлектеріне диплом табыстадық. Бұл біз үшін үлкен оқиға болды. Сонымен қатар, бұл Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелланың шетелдегі микрокампусқа жасаған алғашқы халықаралық сапары еді. Мұнда жүзеге асырылып жатқан академиялық бағдарламалар ынтымақтастығымыздың өзіндік орталығы әрі негізі болып табылады. Дегенмен біз өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бұл ғылыми зерттеулерді, өнеркәсіппен серіктестікті, кадрлық әлеуетті дамытуды, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын қамтиды», – деді Arizona International білім беру серіктестіктері жөніндегі аға директоры Рикки Салазар.
Серіктестік Солтүстік Қазақстан облысының шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Жуырда Аризона университетінің зерттеушілері – Чарльз Герба, Ирина Панюшкина және Шамиль Саиев – Қазақстан өңірлеріне жасаған бірқатар ғылыми сапарын аяқтады.
Алда серіктестер алдында бірнеше ірі ғылыми-технологиялық жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Олардың қатарында күріш геномикасы – ауыл шаруашылығы дақылының жаңа, төзімді сорттарын шығару бойынша бірлескен жоба және күкіртті полимерлеу технологиясын әзірлеу бар.
Жылдың басты оқиғасы желтоқсан айына жоспарланған Аризона университеті делегациясының Қазақстанға ауқымды сапары болмақ. Кездесу аясында химияалық инженерия бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу туралы ресми келісімге қол қою жоспарланып отыр. Бұл жоба ғылымды экономиканың нақты секторымен байланыстыруға мүмкіндік береді.




Comments