top of page
Search

С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ғылыми-өндірістік орталықтары

Ғылымның өндіріс үшін маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес. Жоғары технологиялар, инновациялар, экологиялық мәселелерді шешу – осының бәрі және тағы басқалар ғалымдар мен зерттеушілердің еңбегінің арқасында жүзеге асады. Олар өздеріне жаңа сұрақтар қойып, кейде тіпті қоғамға білдірмей, өнеркәсіптің даму бағытын түзетеді. Кейін өз білімдерін жаңа ұрпаққа жеткізіп, Қазақстанның ғылымына өз үлестерін қосады. Қазіргі таңда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті жанынан студенттерге ғылыми зерттеулер мен оқыту жүргізетін он ғылыми-өндірістік орталық жұмыс істейді. Университет бастамасының, мемлекеттің қолдауының, Бизнестің қызығушылығының, ең бастысы – ғалымдардың еңбегінің арқасында орталықтар көптеген бағыттарда белсенді қызмет атқаруда.

 

ҚАТЗУ-дың ғылыми-өндірістік орталықтары ұжымдық пайдалану зертханалары немесе факультетішілік зертханалар ретінде жұмыс істейді. Агробиологиялық зерттеулердің ғылыми-білім беру инновациялық орталығы, Фитосанитариялық мониторинг, өсімдіктерді қорғау мен карантин ғылыми-инновациялық орталығы және агроэкологиялық сынақ орталығы агрономика факультетіне, Энергияны үнемдеу және білімді тарату орталығы энергетика факультетіне, Конструкторлық бюро техникалық факультетке, "Балық шаруашылығы" ҒЗО орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта факультетіне, Экономикалық аграрлық даму мәселелері ҒЗО экономика факультетіне, "Гуманитарлық зерттеулер және білім беру технологиялары" ғылыми орталығы гуманитарлық факультетке, АӨК цифрландыру саласындағы технологиялық құзыреттілік орталығы компьютерлік жүйелер және кәсіптік оқыту факультетіне, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасы ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетіне ведомстволық бағынышты болып келеді. Ауылшаруашылық биотехнология ғылыми зерттеу платформасы (АБҒЗП) – бұл ұжымдық пайдалану зертханасы ретінде жұмыс істейтін және жабдықтар мен әдістемелік қамтамасыз етуді ұсынатын факультетаралық ұйымдық құрылым, оған кез-келген кафедра мен факультеттің оқытушылары мен ғалымдары шығыс материалдарын алу үшін мемлекеттік немесе жоғары оқу орындарының гранты болған жағдайда АБҒЗП қызметкерлерінің құзыреті шеңберінде зерттеулерді орындау үшін жүгіне алады.

Ғылыми-зерттеу орталықтарының әрқайсысы гранттық қаржыландырудың ғылыми жобалары мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігінің нысаналы қаржыландыру бағдарламалары шеңберінде сатып алынған заманауи аппаратурамен және жабдықтармен жарақтандырылған. Техникалық мамандықтардың түрлі білім беру бағдарламаларының бейінді магистратурасының магистранттарын даярлау үшін индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы есебінен көптеген жабдықтар сатып алынды. Түрлі факультеттердің оқытушылары, студенттері мен жас ғалымдары орталықтарда бюджеттік жобалар мен бағдарламалар шеңберінде ғылыми зерттеулер жүргізеді, сондай-ақ мұнда бакалавриат студенттерінің курстық және дипломдық жұмыстары орындалады, магистрлік және докторлық диссертациялар шеңберінде зерттеулер жүргізіледі.

Орталықтардың қызметкерлері негізінен ғылымның немесе практиканың тиісті бағытында жұмыс тәжірибесі мен жеткілікті құзыреттіліктері бар университеттің оқытушылары мен профессорлары болып келеді. Қаржыландыру ғылыми гранттар есебінен және университеттің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады.

 

Ғылыми-зерттеу орталықтарындағы жұмыс оқытушыларға бакалавриат, магистратура және докторантураның жоғары дәрежелі мамандарын даярлауға, өздерінің ғылыми мектептерін құруға мүмкіндік береді.

ҚАТЗУ студенттері диссертациялық жұмыстарды әлемдік стандарттардан кем түспейтін деңгейде орындауға және өз нәтижелерін белгілі деректер базасына кіретін рейтингтік отандық немесе шетелдік ғылыми журналдарда жариялау арқылы растауға мүмкіндігі бар. Студенттердің бір бөлігі өнертабыстарға отандық немесе шетелдік патенттердің бірлескен авторлары болады.

Дәл солай 3 курс студенті Айнура Шарипова университетті бітіргеннен кейін АБҒЗП -да жұмыс істеп, төрт патенттің, оның ішінде ҚР өнертабысы және "Жыртқыштар микроспориясын серологиялық диагностикалау тәсілі" Еуразиялық патентінің бірлескен авторы болды. 4 курс студенті Мұхтар Сламия ҚР өнертабысы және "Жануарларға арналған жемшөп қоспасы" Еуразиялық патентінің бірлескен авторы болды. Мұндай мысалдар өте көп. Студенттер бакалавриаттың 3-4 курсында-ақ ғылыми студенттік үйірмелерге қатысып, ғылыми мәселелерді терең зерттейді, жабдықта жұмыс істеуді үйренеді, содан кейін магистратураға немесе докторантураға сәтті түседі және, әрине, лайықты нәтижелерге қол жеткізеді.

Әдетте, орталықтардың әрқайсысының ашылуы уақыттың және заманауи ғылым мен тәжірибенің талабымен байланысты.

 

2019 жылы университет базасында Қазақстан-Германия бірлескен жобасы аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Техникалық реттеу жүйесінде Агроэкологиялық сынақ орталығы (зертхана) ашылып, халықаралық стандарттарға сәйкестігіне аккредиттелді. Орталық топырақ пен суды физикалық-химиялық, химиялық және топырақ-агрохимиялық тексеруден өткізеді. Оның жұмысының негізгі бағыты бизнес өкілдеріне іріктеу мен талдаудың заманауи әдістері мен құралдарын пайдалана отырып, су мен топырақ үлгілерін жоспарлау, іріктеу және зертханалық талдау бойынша кешенді қызметтер жүргізу болып табылады. Егер ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, фермерлер, шаруа қожалықтары немесе басқа да кәсіпорындар егіс дақылын ауыстырар алдында, егіс компаниясы немесе егіс алқаптарын жалға алар алдында не кез-келген басқа жағдайда топырақ пен судың жай-күйін бағалауды қаласа, олар бұл қызметке шарттық негізде тапсырыс беріп, топырақтың қоректенуі мен химиялық құрамы, ауыр металл тұздарының болуы мен саны және тағы басқалары бойынша деректер алады. Барлық жұмыс зертхана қызметкерлерінің, сондай-ақ өзінің кәсіби даярлығы шеңберінде баға жетпес зерттеу тәжірибесі мен қажетті құзыреттерге ие болған докторанттар мен магистранттардың күшімен жүргізіледі. Қазіргі таңда топырақ зертханасы "АСКОП", "Солтүстік АГРО LTD", "Астық-STEM", "Солтүстік Қазақстан АШТС", "Көкшетау Астық Invest LTD" және басқа да бірқатар ірі шаруашылықтар үшін жалпы ауданы 60 000 га астам зерттеу жүргізді.

 

Энергияны үнемдеу және білімді тарату орталығы 2012 жылы ҚАТЗУ Энергетика факультетінің базасында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығымен» консорциалдық келісім бойынша құрылды. Бұл орталық электрмен жабдықтау жүйелерінің сенімділігіне зерттеулер жүргізеді, жаңартылатын энергия көздерін, энергияны үнемдейтін технологияларды зерттейді, ғимараттарға энергетикалық аудит жүргізеді. Орталық қызметкерлері өз құзыреттері шеңберінде энергия үнемдеу саласындағы мемлекеттік саясатты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға жәрдемдеседі, кадрларды даярлау және қайта даярлау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту, білім беру мен бизнес-құрылымдардың интеграциясын нығайту бойынша бірлескен қызмет жүргізеді.

 

Фитосанитариялық мониторинг, өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-инновациялық орталығы (ФМӨҚКҒИО) 2013 жылы құрылды. Оның негізгі функциялары: Қазақстан Республикасында және шет елдерде (ЕурАзЭҚ, ТМД, Еуроодақ, БҰҰ ФАО қамқорлығындағы елдер) аса қауіпті, зиянды қауіпті және карантиндік организмдер, фитосанитариялық мониторинг және болжау әдістері, өсімдіктерді қорғау мен карантиндегі инновациялық технологиялар, пестицидтер бойынша білім базасын қалыптастыру; өсімдіктерді қорғаудың, оның ішінде орман қорғаудың неғұрлым өзекті бағыттары бойынша, сондай-ақ өзекті аралас бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау. Орталық қызметкерлері шегірткеге, фитопатогенді зеңге және т. б. қарсы күрес бойынша жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеуге қатысады.

Қазіргі таңда орталық мамандары Астана қаласының Ботаникалық бағының қызметкерлерімен бірлесіп үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде, онда әртүрлі табиғи-климаттық аймақтардың өсімдіктері отырғызылды. Өсімдіктердің әртүрлі биологиясы, климаттың өзгеруі, табиғи тіршілік ету ортасының өзгеруі өсімдіктердің өсуі мен дамуын қиындатады, иммунитеттің төмендеуіне әкеледі, бұл оларды зиянкестер мен қоздырғыштардан қорғансыз етеді. Доцент, б. ғ. к. Қоныспаева Д.Т. бірлескен авторлармен бірге Ботаникалық бақ флорасы өкілдерінің иммунитетін арттыруға және метаболизм процестерін жақсартуға мүмкіндік беретін органоминералды тамақтану мен микробиологиялық биопрепараттарды кешенді қолдануды ұсынды.

 

«Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығы 2010 жылдан бастап жұмыс істейді, ол балық шаруашылығы саласында орындалатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру, балық шаруашылығын дамытудың басым бағыттарын орындауға қатысу, оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, оқу процесін жетілдіру мақсатында құрылған. Қызметкерлер шетелдік бейінді ұйымдармен, мысалы, Иркутск мемлекеттік ауыл шаруашылығы Академиясымен (Ресей), Б. М. Житков атындағы Бүкілресейлік аңшылық және аң шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен, Вятка мемлекеттік ауылшаруашылық академиясымен және отандық ғылыми-зерттеу институттары мен шаруашылықтарымен бірқатар шарттарға қол қойды. Мұнда әртүрлі аквамәдениет объектілерін өсіру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Ол үшін ғылыми орталықта жасанды су айдындары жасалған, бекіре балығы, көгілдір обыр, Амур омулі, сом, көксерке және басқа да балық түрлері өсіріледі, балықтардың абитуалдық, краниологиялық және анатомиялық белгілері зерттеледі.

«Балық шаруашылығы» ҒЗО балық шаруашылығы саласындағы мамандарды даярлауға, осы мамандық студенттерінің практикалық дағдылары мен құзыреттерін игеруге баға жетпес үлес қосады.

 

Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қолданбалы экономикалық зерттеулерді үйлестіру және олардың тиімділігін арттыру үшін 2005 жылы Аграрлық дамудың экономикалық мәселелері орталығы (АДЭМО) құрылды. Орталық өз қызметінде мынадай негізгі міндеттерді іске асырады: ауыл шаруашылығы ресурстарын пайдаланудың экономикалық және әлеуметтік тиімділігін арттыру жөніндегі ғылыми-зерттеу қолданбалы жұмыстарын орындау; экономикалық ресурстарды пайдалануды оңтайландыру жөніндегі инновациялық жобаларды әзірлеу және енгізу; экономикалық талдау, ауыл шаруашылығы ресурстарын пайдалануды оңтайландыру, кәсіпорындардың қаржылық есептілігін жасау және аудит бойынша консультациялық қызметтер көрсету; озық ғылыми жетістіктерді насихаттау және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін халық шаруашылығына енгізуге жәрдемдесу; экономикалық бейіндегі мамандарды даярлау сапасын арттыру үшін студенттерді ғылыми-зерттеу жобаларын орындауға қатысуға тарту.

Орталықтың ғылыми жобалар бойынша шетелдік серіктестері бар: Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің ауыл шаруашылығын дамыту институты-IAMO (Халле қ., ГФР); құрғақ аймақтардағы ауыл шаруашылығын зерттеудің халықаралық орталығы (ICARDA, Алеппо қ., Сирия); Institute of Environmental Decisions (Цюрих қ., Швейцария); Бүкілресейлік агроклиматтық зерттеулер ҒЗИ (Обнинск қ., Ресей Федерациясы).

2021-2022 жылдары АДЭМО жұмысының қызықты тәжірибесі кәсіпкерлік қызметке бейім студенттерді анықтау, олар үшін кәсіпкерлік негіздері бойынша курстар өткізу және студенттік ортада ЖК құруға көмектесу болды.

 

Гуманитарлық зерттеулер және білім беру технологиялары ғылыми-зерттеу орталығы 2012 жылы ашылды. Ол гуманитарлық салада ғылыми зерттеулер жүргізу; жоғары мектептің тәжірибесіне білім беру технологияларын сынақтан өткізу және енгізу; білім беруді жаңғырту мәселесін шешетін білім беру мекемелерінің инновациялық қызметін ғылыми-әдістемелік қолдау; қазіргі заманғы шындық контекстінде жоғары оқу орындары оқытушыларының кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін құрылған. Орталық қызметкерлері Болон Конвенциясының талаптарын енгізуде үлкен үлес қосты. Олар университеттің білім беру қызметіне үш сатылы білім беру жүйесін әзірлеп, енгізді. Орталық қызметкерлері үнемі С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ біліктілігін арттыру туралы сертификат бере отырып, тегін негізде оқытушыларына курстар мен семинарлар өткізеді. Антиплагиат.ру платформасының жұмысына қатысты семинарлар ерекше өзектілікке ие, себебі онда студенттер мен оқытушылар үшін академиялық адалдықтың өзекті принциптері ашылады.

 

Конструкторлық бюро техникалық факультетте 2011 жылы Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау орталығының құрылымдық бөлімшесін ашу, оқу бөлімшесін, практикалық базаны ұйымдастыру, кәсіби ынтымақтастық және «ҚазҚСҒЗИ» ЖШС-мен бірлескен қызмет туралы шарттың талаптарын орындау мақсатында ұйымдастырылды. Конструкторлық бюроның негізгі мақсаты - білім беру қызметтерінің сапасын арттыру мен университет ғалымдарының ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыруға және өндіріске енгізуге жәрдемдесу.

Осы орталықтың жұмысы нәтижесінде келесі ғылыми жобалар іске асырылды: «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» (ҚР АШМ тапсырысы бойынша Дүниежүзілік банкпен бірлесіп); «Ғарыштық навигациялық жүйені (GPS, ГЛОНАСС) пайдалана отырып, минералды тыңайтқыштарды саралап қолдануға арналған ақпараттық технологиялар мен техникалық құралдарды әзірлеу»; «Топырақты нөлдік өңдеу кезінде минералды тыңайтқыштардың негізгі дозасын енгізуге арналған технологиялар мен техникалық құралдарды жетілдіру». Қаржыландырылатын және бастамашыл ҒЗЖ іске асыру нәтижесінде минералды тыңайтқыштарды саралап қолданудың ақпараттық технологиясы және оны іске асыру үшін орталық себу жүйесі бар қопсытқыш-тыңайтқыш; чизель-топырақты нөлдік өңдеу кезінде минералды тыңайтқыштардың негізгі дозасын енгізуге арналған тыңайтқыш әзірленіп, өндіріске енгізілді.

АӨК цифрландыру саласындағы технологиялық құзыреттілік орталығы агроөнеркәсіптік кешенде заманауи геоақпараттық жүйелер мен технологияларды ілгерілетумен, сондай-ақ инновациялық технологияларды дамытумен айналысады. Орталықтың құрамына мынадай зертханалар кіреді: 1) Ауыл шаруашылығындағы ГАЖ-технологиялар, 2) Үлкен деректерді талдау (Big Data), 3) Жасанды интеллект. Орталық осы технологияларды қолдану практикасын оқыту, олардың негізінде ғылыми зерттеулер жүргізу және қызметтер көрсету, ел экономикасының инновациялық әлеуетін арттыру үшін бизнес-құрылымдармен ынтымақтастық арқылы қызметтің әртүрлі салаларындағы міндеттерді шешуге арналған.

Мысалы, «Суарудың жаңа жерлерін енгізу кезінде суарудың технологиялары мен техникалық құралдары, қолданыстағы суару жүйелерін реконструкциялау және жаңғырту» бағдарламасы аясында ҚР АШМ-нің 2021-2023 жылдарға арналған тапсырмасы бойынша DSSAT моделі - агротехнологиялар трансфері шешімдерін қабылдауды қолдау жүйесі негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрлерін өндіру үшін шешімдер қабылдау жүйесі құрылды. Сондай-ақ, ашық қолжетімді мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін (Open API) өндіру бойынша ғылыми-техникалық құжаттаманың дерекқорлары құрылды. Қашықтық әдістерімен далалық деректерді анықтау және мониторингілеу жүйесін құру үшін дрондардың ұшуын жүргізу және спутниктік суреттерді талдау жолға қойылған. Осының барлығы зерттеу жүргізу үшін өзінің материалдық базасын ұсынған ғылыми зерттеулерге қатысушылармен келешекте бірлескен жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

«Бөкейханов атындағы ҚазОШАҒЗИ» ЖШС тапсырысы бойынша Астана қаласының жасыл белдеуі аумағының, Сырдария өзендерінің тоғай ормандарының және немесе Жайық өзенінің жайылмалы ормандарының жоғары ажыратымдылықтағы ғарыштық суреттерін ГАЖ-технологиялардың көмегімен дешифрлеу жүргізілді және олардың жердегі зерттеу деректерімен арақатынасы жасалды. Бұл орман түрлерін бақылау міндеттерін қамтамасыз ету үшін жоғары кеңістіктік ажыратымдылықтағы ғарыштық түсірілімдерді дешифрлеу әдістерін жасауға мүмкіндік берді.

Ауылшаруашылық биотехнологиясы ғылыми-өндірістік платформасы (АБҒӨП) – университеттегі ең көне платформалардың бірі. Ол заманауи биотехнология мәселелері жөніндегі ғылыми-инновациялық орталықты қайта құру негізінде пайда болды және биотехнология саласындағы іргелі әрі қолданбалы ғылымдардың дамуын ұйымдастыратын және үйлестіретін негізгі ғылыми-ұйымдастырушылық бөлім болып келеді. Платформаның мақсаты - іргелі зерттеулердің негізгі бағыттарын және қолданбалы биотехнологияның неғұрлым өзекті бағыттарын дамыту басымдықтарын айқындау болып табылады.

Ауылшаруашылық биотехнологиясы ғылыми-өндірістік платформасының ғылыми қызметтің дербес және өзін-өзі қамтамасыз ететін объектісі ретінде қалыптасу тарихы қарапайым микробиология және иммунология зертханасынан нағыз ғылыми орталыққа айналу жолын көрсетеді. Платформа 2004 жылы университет ректоры А.К. Булашевтің бұйрығымен құрылды. Директор болып АБҒӨП идеялық шабыт берушісіне айналған біздің ЖОО түлегі С. Н. Боровиков тағайындалды.

Мұның бәрі университеттің биокорпусының суық және дымқыл жертөлесінен басталды, онда ғылыми қызметке бірнеше бөлме бөлінді. Дәл осы жерде студенттер мен магистранттар нағыз ғалымдар, өз ісіне берілген альтруистер және өсіп келе жатқан кәсіпқойлар болып қалыптаса бастады. Сол кездегі жұмыс негізінен иммунохимия бойынша жүргізілді. Олар моноклоналды антиденелер алды, иммуноферменттік талдаулар жүргізді, описторхоз, лептоспироз, лейкоз, туберкулез, бруцеллез, эхинококкоз, аусыл, құс тұмауы, ірі қара малдың трихофитозы, етқоректілердің микроспориясы, адамның рубромикозы сияқты ауруларға диагностикалық сынақтар жасады. Жұмыстың қатал жағдайларына қарамастан, платформа ұжымының алғашқы жылдардағы ғылыми жетістіктері адал қызметкерлер ұжымының қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қажырлы еңбек пен қол жеткізген нәтижелердің арқасында 2011 жылы университет басшылығы платформаның зерттеу бағыттарын кеңейту туралы шешім қабылдады. Платформаның бөлмелері жаңа зертханалармен, соның ішінде өсімдік жасушаларының микробиологиясы мен мәдениеті зертханасымен толықтырылды.

 

Қазіргі таңда штаттық қызметкерлер – бұл өз қызметін студенттік жылдары бастап, осы күнге дейін осында жұмыс істеп келе жатқан адамдар: А. К. Булашев, С. Н. Боровиков, Е. В. Кухар, О. С. Ақибеков, А. С. Сыздықова, А. Х. Жұмалин. Олар АБҒӨП базасында жұмыс істейді және иммунохимия, микология, паразитология, молекулалық биология салаларында өз зерттеулерін жүргізеді.

Университет пен біздің мемлекетіміздің күш-жігерінің арқасында АБҒӨП-ны материалдық-техникалық жарақтандыру бүгінде шетелдік ғылыми орталықтардан кем түспейді. Қаржыландырудың бір бөлігі жобалар мен бағдарламалар есебінен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда ұжымда бес штаттық қызметкер бар, олардың әрқайсысы өз саласында зерттеулер жүргізеді: молекулалық биология, иммунохимия, өсімдіктер мен жануарлар жасушаларының мәдениеті, микробиология. Әр қызметкерде отандық және шетелдік журналдарда көптеген жарияланымдар, өнертабыстарға патенттер мен авторлық куәліктер бар. Қазір платформа базасында ғылымның барлық бес бағыты бойынша жұмыс жүргізілуде, «Қоңыр су» жануарларға арналған жемшөп қоспасын, әртүрлі мал ауруларын диагностикалауға және олардың сүт және ет өнімдеріндегі антибиотиктерді анықтауға арналған ИФА және ИХА диагностикалық тест-жүйелерін әзірлеу мен өндіру жолға қойылған.

Платформада көптеген семинарлар, шетелдік ғалымдармен және серіктестермен кездесулер, БҰҰ, ФАО аясында жұмыстар жүргізілуде. Ресей, Түркия, Қытай Халық Республикасы, Финляндия, Жапония, Германия, Италия университеттерімен және ғылыми ұйымдарымен байланыс орнатылды. Қызметкерлер шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтарда оқыту мен тағылымдамадан өтіп, өз зерттеулері саласындағы білім деңгейін үнемі арттырып отырады. Мысалы, 2023 жылы қызметкерлер А.С. Сыздықова, А. М. Гаджимурадова Тимирязев атындағы РМАУ-МАУ-да, Е. В. Кухар, А. Смағұлова - РҒА СФАҒО-да тағылымдамадан өтті (Ресей).

 

Болашағын ғылыммен байланыстырған студенттер көп нәрсені үйренеді және көп нәрсе біледі. Олардың қызметі ғылыми жарияланымдар түрінде лайықты бағаланады.

Мысал ретінде 2 курс магистранты Айнаш Даниярованы немесе 4 курс студенті Ченчер Шинді келтіруге болады, олар «Биотехнология» мамандығы бойынша оқуды аяқтай отырып, жарияланған кезде Q1 квартилі бар «Journal of Fungi» және «Frontiers in Veterinary Science» журналдарында мақалалардың бірлескен авторлары болды.

Ғылыми зерттеулер әдіснамасын тамаша меңгерудің және технологияларды табысты игерудің тағы бір мысалы ретінде университетіміздің түлегі Владимир Киянды келтіруге болады, ол 4 курс студенті бола тұра, спецификалық моноклоналды антиденелерді синтездейтін шибридомаларды шығарды. Бұл нәтиже ірі қара малдың трихофитиясын диагностикалау үшін тест-жүйені құруға, Қазақстан Республикасының өнертабысына патент беруге және ДЗМҰ алтын медалін алуға мүмкіндік берді.

4 курс студенті Нұртай Губайдуллин өсімдіктердің жасушалық биотехнологиясы саласында тамаша маман атанды. Ол өз бетінше каллус тінін алып, дәнді өсімдіктердің эмбриондарымен АБҒӨП зертханасында жұмыс істеді. Жоғары біліктілік пен құзыреттіліктің болуы магистратураға түсуге және оны сәтті аяқтауға негіз болды. Қазір жас ғалым Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығының зертханасында табысты еңбек етуде. Н. Губайдуллин бакалавриат түлектерімен кездесуде ғылыми зертханалардың жұмысын жақсы түсінетінін, бакалаврлар мен магистраттар арасында беделге ие екенін, докторантураға түсуге дайын екенін көрсетті.

ҚАТЗУ ауылшаруашылық биотехнологиясының ғылыми-өндірістік платформасының тарихы ғалымдардың кез-келген жағдайда дамып, табысқа жетуге және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылатынының дәлелі болып табылады.


Е. В. Кухар,

С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ

ауылшаруашылық биотехнологиясының

ғылыми-өндірістік платформасының директоры, б. ғ. д, доцент


 

АННОТАЦИЯ

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде студенттерді түрлі бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер мен оқытуды жүзеге асыратын он ҒЗО жұмыс істейді. Олардың бірі – осыдан жиырма жыл бұрын құрылған және қарапайым микробиология және иммунология зертханасынан биотехнология саласындағы іргелі және қолданбалы ғылымдардың дамуын ұйымдастыратын және үйлестіретін нағыз ғылыми орталыққа дейінгі үлкен жолды жүріп өткен ауылшаруашылық биотехнологиясының ғылыми-өндірістік платформасы.

Comments


bottom of page