top of page
Search

Skills Enbek платформасын одан әрі дамыту және курстар санын арттыру өте маңызды

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Coursera компаниясының бас директоры Джеффри Маджонкальдпен және Bilim Media Group бас директоры Рауан Кенжеханұлымен қазақстандық нарық үшін білім беру платформасын бейімдеу мүмкіндіктерін талқылады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Современное образование» журналы хабарлайды.


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен Coursera ірі білім беру платформасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберінде ұйымдастырылған іс-шара барысында тараптар Қазақстанның еңбек нарығындағы ағымдағы ахуалды және оған жаңа дағдыларды алуға мүмкіндік беретін түрлі білім беру платформаларының әсерін талқылады.


Мысал ретінде Олжас Ордабаев Skills Enbek қысқа мерзімді оқыту порталын келтірді.

«Бұл маркетплейс 2021 жылдың ортасынан бастап жұмыс істейді. Қызмет жасап келе жатқан кезеңде порталда 280 мыңнан астам қазақстандық тіркелген. Бір ерекшелігі, белсенді қатысушылардың жартысынан көбі жастар. Skills Enbek-тің тағы бір артықшылығы – бұл платформа Enbek экожүйесінің бөлігі болып табылады. Яғни, белгілі бір дағдыларды игергеннен кейін берілген сертификат өтініш берушінің жеке кабинетінде бірден көрсетіледі. Жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс беруші оны көре алады», – деп бөлісті Олжас Ордабаев.

Вице-министр Skills Enbek платформасын одан әрі дамыту және курстар санын арттыру өте маңызды екенін атап өтті. Қазақстандықтардың өзін-өзі оқыту мүмкіндіктерін кеңейтуге отандық Coursera платформасы мен білім беру алаңын біріктіру арқылы да қол жеткізіледі деп күтілуде.


Өз кезегінде Coursera компаниясының бас директоры Джеффри Маджонкальда онлайн оқытудың ағымдағы әлемдік трендтерін, коронавирус пандемиясы кезеңінде курстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жобаның қорытындыларын және 20 мың студентті оқыту бойынша 25 қазақстандық ЖОО-мен ағымдағы жобаның аралық нәтижелерін таныстырды.




bottom of page