top of page

Ғасырлық білім ордасы: тарих, тағылым және болашақ

Білім – ұлттың ең асыл қазынасы, ал сол білімнің бастауында тұрған мектеп – ізгілікті қоғам қалыптастыруға негіз болар қайнар бұлақ. Осындай киелі білім ордаларының бірі – Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназиясы десек жаңылмаспыз. Ғасырдан астам тарихы бар білім шаңырағы – тек бір оқу орны ғана емес, тұтас бір дәуірде ұлттың рухани дамуына үлес қосқан тұлғаларды қалыптастырған іргелі білім ордасы.


Бүгінде 120 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында тұрған оқу ордасының жүріп өткен жолы – тағылымға толы, жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Сөзіміздің дәлелі ретінде осы оқу ордасынан түлеп ұшқан түлектердің арасынан академик Дүкеш Байімбетов, Қазақ Агротехникалық университетінің ректоры қызметін атқарған Айтбай Бұлашев, 1935 жылы мектепті тәмамдап, өмір бойы осы мектепте еңбек етіп «Қазақ тілі», «Әліппе» оқулықтарын құрастырған, «Халық мұғалімі» атанған Ақпөбе Бакирова, Қазақ ССР-нің ғылым–техника саласының профессоры, ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ахматуллина Назира сынды мемлекет қайраткерлерін атай аламыз.

120 жыл – бұл жай ғана сан емес. Бұл – тарих, бұл – тағылым, бұл – меже. Ұзақ та мағыналы жолдан өткерген білім ордасының әрбір кезеңі ел тарихымен астасып жатыр.

Мектептің іргетасы 1907 жылы қаланып, алғашында қазақ-татар медресесі ретінде өз жұмысын бастаған.

Бұл кезең – қазақ даласында ағартушылыққа қадам басқан шағы еді. 1909 жылы Қазан қаласынан арнайы шақырылған директор Ғалымжан Құрмашев оқу жүйесіне негізгі пәндерді енгізіп, білім беру ісін жаңаша жолға қойды. Бірінші басшының ол қадамы мектептің қалыптасуындағы маңызды рөл атқарды.

Алайда ел басына түскен қиын-қыстау кезеңдер білім ордасын да айналып өтпегені белгілі. Өткен ғасырдың бас кезінде, яғни 1918 жылы мектеп ғимараты әскери госпитальға айналып, оқу үдерісі уақытша тоқтатылды. Дегенмен, небәрі бір жылдан кейін, 1919 жылы білім ордасы қайта жанданып, өз қызметін жалғастырды. Бұл – білімге деген ұмтылыстың, сол кездегі іскер басшылардың жас ұрпаққа деген сенімінің айнасы іспеттес.



1930 жылы жетіжылдық мектепке айналып, физика, химия кабинеттері мен спорт залдары ашылады. Бұл – оқушылардың жан-жақты білім алуын көздегеннен туындаған, уақыт талабына сай өзгерістер болған еді. 1940 жылы мектепке жыр алыбы, ақын Жамбыл Жабаевтың есімі беріледі.

Соғыстан кейінгі жылдары да мектеп даму қарқынын тоқтатпаған. 1945 жылы орта мектеп болып құрылып, мектеп жанынан қыздарға арналған 120 орынды интернат ашылады. 1954 жылдан бастап 600 оқушы – ұлдар мен қыздар бірге білім ала бастайды. 1958 жылы жаңа, кең ғимарат пайдалануға беріліп, оқушыларға қолайлы жағдай жасалған екен.

Тәуелсіздік жылдары мектеп тарихында жаңа белестер басталып, 1991 жылы «Қазақ ССР оқу – ағарту ісінің үздігі» Жұмабике Әрпенованың бастауымен жаңа 3 қабатты ғимарат салынған.

1997 жылы оқу ошағының білім сапасы талапқа сай, жоғары деңгейге көтерілгенін ескеріп, сол кездегі оқу-ағарту ісінің басшылығы мектепке «мектеп-гимназия» мәртебесін берді.


Мектептің ғылым мен білімге деген ұмтылысы 1998 жылдан бастап жаңа бетбұрыс жасады. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп, тереңдетілген математика сыныптарының ашып, сонымен қоса «Абайтану» курсын енгізді. Абайды таныған оқушы, білім мен ғылымның қадірін ерте сезінеді. Сол себепті «Абайтану» курсын ашу, ақын шығармашылығына тереңдей үңілу – мемлекетшілдіктің көрінісі. Кешегі Қараөткел кезеңінен мемлекетіміздің бас қаласына дейінгі уақытта қазақ тілді жалғыз мектептің қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлын тереңдей оқуы заңдылық.

1999 жылы еліміздің тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың арнайы келіп, мектеп жұмысына жоғары баға беруі – ұжымның бір сәттік жылт етпе жылтырағына емес, ұзақ жылдар бойы жүйелі қызмет атқарған ұстаздар еңбегінің жетістігі еді.

2000 жылдан бастап оқу ордасы «Ең сапалы білім беретін мектеп» атанып, мектеп мұражайлары ашылды. Бұл – оқушылардың тек білім алып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруіне мүмкіндік береді.

2007 жылы 100 жылдық мерейтой аясында тоғыз «Алтын белгі» иегерінің шығуы – сапалы білімнің, оқу үдерісінің ғылыми негізде жүйелі құрылғанының белгісі.


Ғылыми жобалар, зерттеу жұмыстары бойынша да оқушыларымыз үздік нәтижелер көрсетуде Мәселен, 2021 жылы ғылыми жобалар конкурсының қалалық кезеңінде мектеп-гимназиялар арасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, «Үздік қалалық команда – 2021» номинациясымен, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған болатынбыз. Сол уақыттан бері, 2019-2025 жылдар арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадаларда мектебіміз «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иемденіп келеді.

2024–2025 оқу жылында жалпы білім беретін пәндерден республикалық ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде Сатыбалдин Батырхан химия секциясы бойынша І орын иеленіп, АҚШ-тың Колумбс штатында өткен халықаралық ғылыми жобалар конкурсының дипломанты атанса, Шаттыққызы Айшат республикалық қазақ тілінен өткен Қ. Бітібаева олимпиадасында ІІ орын иеленді.

2025-2026 оқу жылында жалпы білім беретін пәндерден республикалық ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңінде Саттыбаева Айлин тіл білімі секциясы бойынша ағылшын тілі пәнінен І орын иеленсе, О. Жолдасбеков атындығы халықаралық ғылыми жобалар конкурсында физика секциясы бойынша Құрбанәлі Жансейіт ІІІ орын, қола медаль иегері атанды.

Сонымен қатар, мектептің спорттық жетістіктері де жоғары деңгейде деп ауыз толтыра айта аламыз. Қыздар волейбол командасы республикалық турнир жеңімпазы атанса, ұлдар командасы 15 дүркін чемпион атанған. Жақында ғана, 2026 жылы сәуірде республикалық Ұлттық мектеп лигасында волейболдан мектеп командасы І орынға ие болып, халықаралық турнирге жолдама алды.



Педагогтер қауымы да үнемі ізденіс үстінде. Педагогтеріміз 2014 жылы республикалық «Жыл мұғалімі» конкурсында 2-орын, 2015 жылы «Үздік педагог» байқауында бас жүлдені қанжығасына байлады. 2024 жылы химия пәні мұғалімі Қожантаева Ақмарал республикалық «Үздік педагог-2024» атағын алған еді. 2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша республика деңгейінде Қазақстанның үздік 100 мектебі анықталып, білім беру ұйымы «Үздік мектеп – 2025» марапатын иеленді.

2001–2002 оқу жылынан бастап оқу орнының мұғалімдері дайындаған 78 авторлық жұмыс қала көлемінде таратылып, тәжірибеге енгізілді. Бұл еңбектер тек теориялық тұрғыда ғана емес, практикалық маңыздылығымен де ерекшеленіп, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға, оқушылардың білім сапасын жақсартуға ықпал етті.

Осы кезеңнен бастап білім ордасында педагогтердің ғылыми-әдістемелік бағыттағы жұмысына ерекше көңіл бөлініп, олардың жаңашыл бастамаларына қолдау көрсетіліп келеді. Кейінгі жылдары бұл үрдіс одан әрі қарқын алып, авторлық бағдарламалардың ауқымы кеңейе түсті. Атап айтқанда, 2022–2023 оқу жылында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Шомаев Айдар Таңатқанұлының «Волейбол үйірмесін мектептерде ұйымдастыру» атты авторлық бағдарламасы республика көлемінде таратылып, жалпы білім беретін мектептерде спорттық үйірмелерді тиімді ұйымдастыруға арналған маңызды әдістемелік құрал ретінде танылды. Бұл еңбек оқушылардың дене дайындығын жетілдірумен қатар, олардың командалық рухын, жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.



2024–2025 оқу жылында философия ғылымдарының PhD докторы, химия пәнінің мұғалімі Қожантаева Ақмарал Ғабитқызының «Ғылыми жоба – ғылыми бастама» атты авторлық бағдарламасы оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға арналған тың жоба ретінде республика көлемінде қолданысқа енгізілді. Бұл бағдарлама оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, ғылымға деген қызығушылығын оятуға, зерттеу мәдениетін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, білім ордасының жетістіктері ұстаздардың жоғары кәсібилігін, шығармашылық әлеуетін және білім беру саласына деген жауапкершілігін көрсетеді. Авторлық бағдарламалардың республика көлемінде таратылуы – оқу орнының тек аймақтық деңгейде ғана емес, ұлттық деңгейде де мойындалғанын айғақтайды.

Бұл білім ордасының басты ерекшелігі – дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі. Мұнда өткеннің өнегесі сақталып, болашақтың бағыты айқындалады. Ғасырлық тарихы бар мектеп бүгінде тек білім берумен ғана шектелмей, ғылым, мәдениет, өнер және спорт салаларында да ел дамуына үлес қосып отыр.



Бүгінгі таңда мектеп жаңа белестерге ұмтылып, болашаққа нық қадам жасауда. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау комитеті, Астана қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесімен «Жас сақшы» полиция сыныбын құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Сынып қызметінің негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, патриоттық тәрбиесін дамыту және құқық қорғау қызметіне кәсіби бағдар беру. Оқушылардың азаматтық жауапкершілігін, құқықтық, рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытып, патриотизмін және заңға құрмет сезімін қалыптастырады деп сенеміз.

Алдағы уақытта да «Жамбыл Жабаев» атындағы № 4 мектеп-гимназиясы өз дәстүрін жалғастырып, білім мен тәрбиенің жаңа белестерін бағындыра беретіні кәміл сенеміз. Білім – мәңгілік құндылық, ал мектеп – сол құндылықтың алтын бесігі. Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Мұғалім оқушысын ұлтқа қызмет етуге бағыттайды, қала берді адамзатқа қызмет қылса деп тілейді». Сондықтан оқушыларымыздың арасынан адамзатқа қызмет жасайтын, әділетті, жүректі, қайратты әрі білімді тұлғалар қалыптасса деген тілектен біз де айнымаймыз!


АННОТАЦИЯ


Столичной школе-гимназии № 4 им. Ж. Жабаева – почти 120 лет. Директор учебного заведения А. Рамазанова рассказывает о его истории с 1907 года, отмечает достижения учеников в науке и спорте, профессиональные успехи педагогов, чьи авторские разработки распространяются в масштабах города. Сохраняя исторические традиции, школа сочетает их с новыми образовательными инициативами.


Елордалық Ж. Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназиясына – 120 жылға жуық. Оқу орнының директоры А. Рамазанова мектептің 1907 жылдан бергі тарихына тоқталып, оқушылардың ғылым мен спорттағы жетістіктерін, сондай-ақ авторлық әзірлемелері қала деңгейінде таратылып жүрген педагогтердің кәсіби табыстарын атап өтеді. Тарихи дәстүрлерді сақтай отырып, мектеп оларды жаңа білім беру бастамаларымен ұштастырып келеді.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page