top of page

Абай атындағы ҚазҰПУ-да әлемдік технологиялық көшбасшылардың бірімен бірлескен магистратураның жаңа білім беру бағдарламалары әзірленеді

Еліміздегі Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Абай университеті заманауи технологиялық алпауыт ұйымдармен ықпалдастықты арттырып келеді. Осы орайда білім ордасына әлемдік LED-технологиялар мен ақылды жарықтандыру жүйелерінің көшбасшысы – қытайлық Unilumin Group компаниясының арнайы делегациясы ресми сапармен келді. Кездесуде екі тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған бастамаларды жоспарға қойды.

Абай атындағы ҚазҰПУ-да әлемдік технологиялық көшбасшылардың бірімен бірлескен магистратураның жаңа білім беру бағдарламалары әзірленеді

Абай университетінің Академиялық істер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова бастаған университет басшылығы шетелдік меймандарға білім ордасының бүгінгі жетістіктері мен халықаралық рейтингтегі орнын таныстырды. Кездесуге Абай университеті тарапынан Зерттеу және инновациялар жөніндегі проректор Ертай Сұлтан, Цифрландыру жөніндегі проректор Нұркен Мусабаев пен Халықаралық ынтымақтастық департаментінің өкілдері, ал Unilumin Group атынан Халықаралық маркетинг департаментінің мамандары қатысты.


Кездесу барысында қытайлық тарап Unilumin Group-тың ғылыми-зерттеу мүмкіндіктері мен жаһандық жетістіктеріне тоқталды. Әлемнің 160-тан астам еліне өнім жеткізетін компания бүгінде Еуразия өңіріндегі қамту аймағын кеңейтіп, жақын арада Алматыда ресми өкілдігін ашуды жоспарлап отыр. Компания өкілдері университет студенттеріне өндірістік тағылымдамалар мен болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсынуға, сондай-ақ Қытайдағы өндірістік базаларда біріккен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.


Жиында университет басшылығы педагогикалық білім беру саласын жаңа технологиялық деңгейге көтеруге бағытталған нақты ұсыныстарды ортаға салды. Меморандум аясында университет базасында бірлескен зерттеу зертханасын құру идеясы көтерілді. Бұл ғылыми орталық мектептер мен білім беру ұйымдарына арналған, балалардың денсаулығы мен көру қабілетіне зиянсыз соңғы үлгідегі LED-экрандар жасап шығаруға және зерттеуге бағытталады.


Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, келіссөздерді ресми құжатпен растады. Серіктестіктің қорытындысы бойынша тараптар арнайы зертхананы іске қосуға, дизайн, өнер және ақпараттық технологиялар түйіскен бағыттар бойынша магистратура деңгейінде бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге келісті. Бұл өз кезегінде заманауи мультимедиялық технологияларды меңгерген жаңа буын педагогтары мен мамандарын даярлауға жол ашады.



Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page