Абай университеті «Атамекен» рейтингінде көш бастадық
- Редакция "СО"

- 6 hours ago
- 2 min read
Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз және объективті баға беріп, еңбек нарығының нақты сұранысына сай рейтинг қалыптастырады. Бұл жоба оқу бағдарламаларының сапасын, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін және мамандықтардың бәсекеге қабілеттілігін кешенді түрде бағалауға бағытталған.

Бағалау жүйесінде білім беру бағдарламасының сапалық көрсеткіштері 24 пайыз, бағдарламаның жетістіктері 16 пайыз, жоғары оқу орнының жалпы индикаторлары 11 пайыздан тұрады. Ал ең салмақты көрсеткіш – түлектердің мансаптық перспективаларына 49 пайыз үлес беріледі. Бұл көрсеткіш жұмысқа орналасу деңгейі, жұмыс іздеу ұзақтығы және орташа жалақы көлемі сияқты маңызды параметрлерді қамтиды. Осы арқылы «Атамекен» рейтингі жоғары білім мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайтып, талапкерлерге сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға нақты бағдар береді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2025 жылғы білім беру бағдарламалары рейтингісінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 45 білім беру бағдарламасы жоғары бағаланып, рейтингке енді. Бұл көрсеткіш университеттің педагогикалық кадр даярлау саласындағы тұрақты көшбасшылығын айғақтайды.
Аталған бағдарламалардың ішінде 7 білім беру бағдарламасы өз бағыттары бойынша 1-орынды иеленді. Атап айтқанда, олар – «Бастапқы әскери дайындық – дене шынықтыру және спорт», «Информатика және робототехника», «Химия», «География» (IP), «География-тарих», «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Арнайы педагогика». Бұл бағыттар бойынша білім алып шыққан түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы өте жоғары.
Сонымен қатар, университеттің 10 білім беру бағдарламасы ТОП-3 қатарына, ал 28 бағдарламасы ТОП-10 үздік бағдарламалар тізіміне енді. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы», «Математика», «Физика», сондай-ақ «Ағылшын тіліндегі информатика» бағдарламалары жоғары жұмысқа орналасу көрсеткіштерімен ерекшеленіп отыр.
Рейтинг нәтижелері бойынша Абай университеті түлектерінің орташа жұмысқа орналасу деңгейі 81,3 пайыз, ал жұмыс іздеу мерзімі орта есеппен 2,86 пайызды ғана алады. Кейбір бағдарламаларда бұл көрсеткіш одан да жоғары: «География-тарих» пен «Әлеуметтік педагогика» бағыттарында түлектердің 100 пайызға жуығы еңбек нарығына бірден бейімделсе, «Информатика және робототехника» бағдарламасында жұмысқа орналасу деңгейі 93 пайыз.
Бұл деректер Қазақстанда педагогикалық кадрларға, цифрлық технологиялар саласындағы мамандарға және арнайы білім беру қызметкерлеріне деген сұраныстың артып келе жатқанын нақты айғақтайды. Сонымен бірге университеттің оқу бағдарламаларын еңбек нарығы талаптарына сәйкес жүйелі түрде жаңартып, практикалық бағыттағы білім беруге басымдық беріп келе жатқанын көрсетеді.
«Атамекен» рейтингіндегі жоғары көрсеткіштер Абай университетінің білім беру сапасын тұрақты түрде арттырып, бәсекеге қабілетті, заманауи талаптарға сай мамандар даярлап отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл – талапкерлер үшін сапалы білім мен тұрақты болашаққа бастайтын сенімді таңдау екені сөзсіз.



Comments