Абай университеті мектептерді жасанды интеллект құралдарына оқытады
Ұлттық орта білім беру жүйесі Мұғалімдер күнінде педагогикалық кадрларды даярлаудағы көшбасшылардың бірі — Абай университеті үшін жағымды жаңалықты атап өтті. Университет оқытушы-профессорлар құрамы дайындаған бағдарламалар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің реестріне енгізілді. Бұл қара шаңырақтың жасанды интеллект, «Ai-Sana», цифрландыру бағытарында сапалы жұмыс істеп отырғанын айғақтайды. Сонымен қатар Мұғалімдер күні қарсаңындағы аталған жағымды жаңалық – Абай университеті ғалымдарының еліміздегі педагог-мамандарды кәсіби деңгейде дамытуға маңызды үлес қосып отырғанын дәлелдейтіні сөзсіз.

В Естеріңізге сала кетсек, 2024–2026 жылдары университеттің оқытушы-профессорлар құрамы жалпы білім беретін мектеп, арнайы білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне арнап 53 біліктілікті арттыру курсының білім беру бағдарламасын әзірлеген болатын. Бағдарламалар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің сараптамасынан өтіп, тиісті тізілімге енгізілген. Оның негізінде мектеп мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, тыңдаушыларға сертификаттар табысталып та келеді.
Енді биылғы оқу жылында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тізілімі Абай университеті әзірлеген жаңа бағдарламалармен толықты. Олардың қатарында қазақ және орыс тілдерінде дайындалған «Педагог зерттеуші ретінде: Action Research негізінде мұғалімнің тиімді трансформациясы» (авторы п.ғ.д., профессор А. Е. Берікханова), «Жасанды интеллект – білім берудің жаңа құралы» (авторлары п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Н.Т. Ошанова, магистр, аға оқытушы П.Б. Сейсенбекова) атты курстар бар.
Бұдан өзге орыс тілінде жасалған «Прикладной анализ поведения при расстройствах аутистического спектра» (авторлары п.ғ.к., доцент Г.А. Абаева, профессор З.Камар) курсы да тізілімге енді.
Бұл бағдарламалар – бүгінгі мұғалімге қажетті заманауи зерттеу мәдениетін, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануды және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен кәсіби жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Бағдарлама ерекшеліктері – жасанды интеллект туралы теориялық түсінік берумен шектелмей, оны нақты сабақта қолдануға бағытталуында. Осы арқылы мұғалім технологияны жай пайдаланушы емес, оны оқу мақсатына тиімді бағындыра алатын маман ретінде қалыптасады.Заманауи мұғалім өзгерген сайын мектеп те өзгереді, ал онымен бірге қоғамның болашағы да жаңарады.

Comments