Абай университетінде агробиостанция ашылды
- Редакция "СО"

- 9 hours ago
- 1 min read
11 қараша күні, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Агробиостанциясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Студентердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, сондай-ақ биология, экология, ауыл шаруашылығы және география салаларында ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған кешен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Жаңашар ауылында орналасқан, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Агробиостанция 38 гектардан астам аумақты қамтиды және заманауи оқу-лабораториялық базаны, зертханаларды, 60 орындық жатақхананы, асхананы және спорт алаңдарын қамтиды.
Жаратылыстану және география факультетінің студенттері тәжірибелік сабақтардан өтеді, ал магистранттар мен докторанттар зерттеу жобаларын жүзеге асырады. Кешеннің негізгі бағыттары топырақ және су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы дақылдарын зерттеу, экологиялық мониторинг жүргізу және жаңа агротехнологияларды сынау жұмыстарына бағытталған.
Кешен табиғи-географиялық тұрғыдан қолайлы аймақта орналасқан. Гидрогеологиялық зерттеулер барысында су ұңғымалары қазылып, егістік алқаптарын суару мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Абай университетінің Агробиостанциясы студенттердің кәсіби дайындығын нығайтуға және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға арналған оқу-тәжірибелік базаға айналды. Агробиостанцияның ашылуында университет басшылығы, оқытушы-профессорлар мен студенттер аумағына 100 түп ағаш отырғызып, оның инфрақұрылымы мен мүмкіндіктерімен танысты.



Comments