top of page

Абай университетінде «Заң және тәртіп» бастамасы аясында маңызды кездесу өтті

2025 жылдың 19 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Президенттің «Заң және тәртіп» бастамасын қолдау аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі мен Сорбонна–Қазақстан институтының бірлесіп ұйымдастыруымен маңызды іс-шара өтті.


Абай университетінде «Заң және тәртіп» бастамасы аясында маңызды кездесу өтті

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы, полиция генерал-лейтенанты Алик Жаткамбаевич Шпекбаев қатысып, профессор-оқытушылар құрамына және студенттерге «Көшбасшылық» тақырыбында дәріс оқыды.


Кездесу барысында университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Құрманғазы Мәдиев қоғамдағы жемқорлық тәуекелдеріне тоқталып, оған қарсы күресте мониторинг жүргізу, тәуекелдерді талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мүдделер қақтығысын реттеу сияқты кешенді шаралардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, семинарға қатысушыларға университетте осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен нақты нәтижелері таныстырылды.


Іс-шарада Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Кездесу барысында осы тақырыпқа арналған бейнеролик көрсетіліп, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасының (2025–2030 жылдар) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысына негізделген негізгі бағыттары таныстырылды. Сонымен қатар, спикер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың заманауи аспектілеріне – адалдық, заңдылық және ашықтық қағидаттарына ерекше назар аударды.


Спикер өз сөзінде ата-бабадан келе жатқан рухани-адамгершілік құндылықтарды тілге тиек етіп, Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы» деген даналық сөзін мысалға келтіре отырып, тәрбие, білім, заң мен рухани-адамгершілік құндылықтардың маңызын ерекше атап өтті.


Іс-шара соңында Алик Шпекбаев студенттерді адалдық пен әділеттілік қағидаттарын ұстануға, адамгершілік пен еңбекқорлықты дамытуға, қарапайым болуға, үлкенге құрмет көрсетуге және сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне төзбеушілік танытуға шақырды.


Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын дамытуға қосқан үлесі, адалдық, әділеттілік, заңдылық және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын кеңінен насихаттағаны, жастар арасында парасаттылық идеологиясын қалыптастыруға ықпал еткені үшін Алик Шпекбаев Абай университетінің «Абай» төсбелгісімен марапатталды.


Айта кетейік, 2019 жылы Алик Шпекбаевтың тікелей қолдауымен Абай университетінде екі жобалық кеңсе – Сорбонна–Қазақстан институтындағы «Акселератор добра – Ізгілік елшісі» жобасы мен «Парасат» орталығы (сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі) құрылған болатын. Бүгінде бұл құрылымдар өз қызметін белсенді әрі нәтижелі түрде жалғастырып келеді.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page