top of page

Абай университетінде педагогикалық білім беруді жаңарту

Абай университетінде 2026 жылғы 5-16 қаңтар аралығында «Қысқы мектеп – 2026: Педагогикалық білім беруді жаңарту және зерттеушілік дағдыларды дамыту» тақырыбында дәстүрлі қысқы мектеп өтіп жатыр. Іс-шара университеттің барлық факультеттерінің оқытушы-профессорлар құрамын, кафедра меңгерушілерін және ғылыми жетекшілерді біріктіріп, кәсіби дамуға арналған маңызды алаң ретінде ұйымдастырылды.


Абай университетінде педагогикалық білім беруді жаңарту


Бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. 5-9 қаңтар аралығында әр институт пен факультет деңгейінде мазмұнды сессиялар, 12-16 қаңтарда университет проректорлары мен департамент басшылары қатысқан академиялық процестерді жетілдіруге арналған кездесулер өтеді. Бұл формат жоғары оқу орнының білім беру мазмұнын жаңартуға, оқытушылардың зерттеушілік әлеуетін арттыруға және заманауи талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді.


Қысқы мектептің басты ерекшелігі – білім беру мәселелерін тек теориялық тұрғыда емес, тәжірибелік жағынан да талқыланады. Іс-шара барысында педагогикалық мамандық студенттерінің дипломдық жұмыстары мен жобаларын Action Research (іс-әрекеттегі зерттеу) және Lesson Study (сабақты зерттеу) әдістері арқылы орындау жолдары қарастырылады. Бұл тәсілдер болашақ педагогтардың зерттеушілік ойлауын дамытуға және нақты білім беру жағдайында шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.


Сонымен қатар, онда университеттің академиялық процестерін жаңартудың заманауи тәсілдері, білім сапасын ішкі қамтамасыз ету жүйесі және цифрлық трансформация стратегиялары зерделенеді. Жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білімнің даму трендтері мен сын-қатерлері, халықаралық рейтингтердегі оқытушы-профессорлар құрамының рөлі, заманауи білім беру модельдерінің халықаралық тәжірибесі де сессиялардың маңызды тақырыптары болды.


Қысқы мектеп барысында оқытушылар білім беру инновацияларын тәжірибеде қолдануды үйреніп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді әдістерімен таныспақ. Мұндай кәсіби алаң педагогикалық құрамның ғылыми-зерттеу дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, әріптестік байланыстарды нығайтуға және ортақ кәсіби көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Жалпы, «Қысқы мектеп – 2026» педагогикалық білім беруді жаңғыртуға, университеттің академиялық әлеуетін арттыруға және болашақ педагогтардың сапалы даярлығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әрі мазмұнды іс-шара.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page