top of page

Абай университетінде халықаралық компаниялардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

17 hours ago
2 min read

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттер мен түлектерге арналған француз және басқа да халықаралық компаниялардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды халықаралық еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен таныстыру, олардың жұмысқа орналасуына, кәсіби тәжірибе жинақтауына және еңбек жолын бастауына қолдау көрсету.


Абай университетінде халықаралық компаниялардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңке Абай университеті жанындағы Сорбонна-Қазақстан институтында Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға CCI France Kazakhstan, Fondation Lumières, ALSTOM, Schneider Electric, Bonduelle, Legrand, Air Astana, L’Oréal, Novotel, La Tartine, Almaty International Airport, Turkish Airlines және басқа да халықаралық компаниялардың өкілдері қатысып, бос жұмыс орындары мен мансаптық даму мүмкіндіктерін таныстырды.


Іс-шараның ашылу салтанатында Францияның Қазақстандағы Бас консулы Максим Жеранже сөз сөйлеп, жәрмеңкенің жастардың кәсіби дамуы мен халықаралық еңбек нарығына шығуына мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.


«Бүгін Абай университетінде халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара өтіп жатыр. Бұл – студенттер мен түлектер үшін кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды бастама. Жәрмеңке барысында жастар жетекші компаниялардың өкілдерімен тікелей кездесіп, бос жұмыс орындары туралы ақпарат алады, түйіндемелерін ұсынып, тағылымдамадан өту мүмкіндіктерімен танысады. Сонымен қатар жұмыс берушілермен пікір алмасып, еңбек нарығының заманауи талаптары туралы жан-жақты мәлімет ала алады», – деді Бас консул.

Өз кезегінде Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова Абай университеті мен Францияның жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Сорбонна-Қазақстан институтының құрылуы және Лотарингия университеті филиалының ашылуы Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру байланыстарын нығайтып, бірлескен академиялық бастамаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашты..


Абай университетінде халықаралық компаниялардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңке аясында қатысушыларға халықаралық компаниялардың қызмет бағыттары, бос жұмыс орындары, жұмысқа қабылдау талаптары мен тағылымдамадан өту бағдарламалары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ жұмыс берушілердің кадрларға қоятын талаптарын талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында үміткерлер үшін қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде сынақ сұхбаттары өткізілді. Компания өкілдері жастарға жұмысқа орналасуға өтінім беру, түйіндемені сауатты әзірлеу және жұмыс берушімен әңгімелесуге дайындалу бойынша практикалық кеңестер ұсынды.


Сонымен қатар жәрмеңкеге қатысушылар арасында Turkish Airlines әуе компаниясының Париж-Алматы-Париж бағыты бойынша әуе билетін ұтысқа тігу шарасы ұйымдастырылды.


Абай университетінде халықаралық компаниялардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Халықаралық компаниялардың қатысуымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі студенттер мен түлектердің жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуына, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуіне және халықаралық еңбек нарығының талаптарымен танысуына жағдай жасады.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page