АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТІК ФОРУМ ӨТЕДІ
Абай университетінде Орталық Азия елдерінің серіктес ұйымдары арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша қалай жұмыс істелінеді.

2026 жылы 16-18 қыркүйек аралығында Абай университетінде «Тұрақты болашақты қамтамасыз етудегі білім берудің құндылығы» атты халықаралық студенттік форум өтеді. Іс-шараға Шанхай педагогикалық университеті және ЮНЕСКО Teacher Education Centre (TEC) өкілдері, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы, жас зерттеушілер мен студенттер қатысады.
Форумның негізгі мақсаты – Орталық Азия елдерінің серіктес ұйымдары арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту, болашақ педагогтердің тұрақты білім беру құндылықтары жөніндегі түсінігін кеңейту және педагог кадрларды даярлаудың сапасы мен жаңа тәсілдерін талқылау. Үш күнге жоспарланған форум бағдарламасы білім берудегі инновациялар, мәдениетаралық диалог, педагог кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдері, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар, инклюзивті білім беру және тұрақты даму мақсаттары сияқты өзекті бағыттарды қамтиды.
16 қыркүйек күні Абай университетінің акт залында халықаралық форумның ашылу салтанаты өтеді. Іс-шара жоспарына сәйкес Шанхай педагогикалық университетінің өкілдері білім беру мен ұстаз болмысы туралы баяндама жасайды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде пайдалану, Қазақстандағы психологиялық зерттеулердің заманауи бағыттары және тұрақты даму үшін педагогикалық білім беруді трансформациялау мәселелері көтеріледі.
Халықаралық студенттік форум барысында «ТДМ: жастардың болашақ туралы диалогы» зияткерлік ойыны, «Әртүрлі елдердегі студенттік өмір» тақырыбындағы Global Open Talk және студенттер арасындағы мәдени-танымдық кездесулер ұйымдастырылады. Форумның екінші күні шетелдік қонақтар Алматы қаласындағы бастауыш және орта мектептерге барып, қазақстандық білім беру жүйесінің тәжірибесімен танысады.
Жиын қорытындысында болашақ мұғалімдер арасында халықаралық желілік қоғамдастық құру, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамыту, Тұрақты даму мақсаттары аясында бірлескен жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыру жоспары бекітілмек. Сондай-ақ конференциялар, вебинарлар, конкурстар, халықаралық білім беру бағдарламалары мен тағылымдамаларды ұйымдастыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыру көзделген..




Comments