top of page

Абай университетінде қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады

2025 жылғы 20 маусымда 2025-2026 оқу жылына арналған талапкерлерді қабылдау науқаны аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қабылдау комиссиясы өз жұмысын ресми түрде бастады.

 


Іс-шараның ашылу салтанатына Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп қатысып, талапкерлер мен олардың ата-аналарына ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде университеттің педагогикалық білім беру саласындағы көшбасшы оқу орны екенін атап өтіп, мұнда сапалы білім беруге, заманауи инфрақұрылым мен кәсіби оқытушылар құрамына, сондай-ақ студенттердің жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Сонымен қатар ректор Қабылдау комиссиясында жұмыс істеп жатқан техникалық хатшылардың жұмыс кабинеттерін аралап, олардың жұмыс барысымен танысты.

 

Қабылдау комиссиясының ашылу салтанаты қызықты әрі ерекше форматпен басталды. Талапкерлерге құрмет көрсету мен жағымды атмосфера қалыптастыруға бағытталған дәстүрлі іс-шара бүгін де өз жалғасын тапты. Оқу ордасына құжатын тапсыруға ең алғаш болып келген талапкерге университет атынан имидждік сыйлықтар табысталды.

 

Салтанатты іс-шара барысында викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген қатысушыларға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Бұл – талапкерлер мен олардың ата-аналарына оң көңіл күй сыйлап, университетке деген қызығушылықты арттыра түсті.

 

Бүгінде қабылдау комиссиясының құрамында университеттің тыныс-тіршілігін жақсы білетін, белсенді және жауапкершілігі жоғары студенттерден құралған 18 ерікті жұмыс істеуде. Олар талапкерлер мен ата-аналарға кеңес беріп, құжат тапсыру барысындағы бағыт-бағдар көрсету, техникалық көмек көрсету сияқты маңызды міндеттерді атқаруда. Сонымен қатар, құжат тапсырушылар мен ата-аналар үшін ыңғайлы орталар – ақпараттық кеңсе, консультациялар, электрондық кезек, Back-office қызметі ұйымдастырылған. Қабылдау комиссиясы құжаттарды онлайн (университеттің виртуалды қабылдау платформасы) және оффлайн түрде қабылдайды.

 


Университеттің қабылдау үдерісі ашық және цифрландырылған жүйе бойынша жүзеге асырылып отыр. Мұндай формат – жоғары білім беру сапасын арттыру, талапкерлерге қолайлы орта қалыптастыру және халықаралық стандарттарға сай жұмыс жүргізудің жарқын үлгісі.

 

Айта кетейік, Қабылдау комиссиясы 25 маусым мен 25 тамыз аралығында жұмыс істейді.

 



Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page