Азаматтық авиация академиясы: ҚХР-мен халықаралық серіктестік
- Редакция "СО"

- 14 hours ago
- 2 min read
Азаматтық авиация академиясында Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының өкілдерімен – ҚХР Бас консулдығының консулы Лю Юйхуэй және білім беру мәселелері жөніндегі консул Хуан Леймен ресми кездесу өтті.

Аталған сапар Академияның жаңа халықаралық жобасы - «Aviation Diplomacy: Navigation of Partnerships» аясында ұйымдастырылды. Бұл жоба академиялық дипломатияны дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және жетекші шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтармен ұзақмерзімді серіктестіктер қалыптастыруға бағытталған шет мемлекеттердің бас консулдарымен өтетін кездесулер сериясын қамтиды.
Кездесу барысында қонақтарға Академияның қызметі, білім беру бағдарламалары, ғылыми әлеуеті және халықаралық ынтымақтастықтағы басым бағыттары таныстырылды.
Кездесудің маңызды кезеңдерінің бірі - ҚХР Бас консулдығы өкілдерінің студенттермен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесуі болды. Ашық диалог барысында қонақтар Қытайда білім алу мен тағылымдамадан өтудің нақты мүмкіндіктері, соның ішінде шәкіртақылар мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық аясында Азаматтық авиация академиясы Civil Aviation University of China (Тяньцзинь қ.) университетімен серіктестікті жүзеге асырып келеді. Аталған серіктестік бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын, ұшқышсыз авиациялық жүйелер (UAS) мен цифрлық егіздер технологиялары саласындағы бастамаларды, сондай-ақ «Digital Twins of Airports» халықаралық жобасын іске асыруды және бірлескен ғылыми-зерттеу орталығының қызметін қамтиды.

2024 жылдан бастап Академия Honeycomb Aerospace Technologies (Beijing) Co., Ltd. компаниясымен авиациялық оқу орталықтарының (АУЦ) нұсқаушыларын және орташа жүк көтерімді ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану жөніндегі мамандарды даярлау бағытында өзара іс-қимыл орнатты. Қазіргі уақытта қашықтан басқарылатын ұшу аппараттарының пилоттарын (Remote Pilot) даярлау бағдарламасын іске қосу, тиісті куәліктерді (RPAS Licence) беру, сондай-ақ серіктестердің технологиялық базасын пайдалана отырып RPAS бағыты бойынша студенттерді оқыту мәселелері пысықталуда.
Азаматтық авиация академиясы халықаралық байланысын жүйелі түрде нығайтып, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамытуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, авиациялық персоналды даярлау және қайта даярлауға, сондай-ақ AI, Digital Twins, UAS/eVTOL және «жасыл» авиация салаларындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді ілгерілетуге бағытталған орнықты серіктестіктерді қалыптастыруды жалғастыруда. Бұл үдерісте
Қытай Халық Республикасының шәкіртақылық бағдарламалары пайдаланылып, ICAO стандарттары мен авиациялық білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы тәжірибе алмасу жүзеге асырылады.



Comments