top of page

Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

7 hours ago
4 min read

Алматыда Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды. Жаңа ҒЗИ Қазақстанның азаматтық авиациясы алдында тұрған қолданбалы ғылыми және технологиялық міндеттерді шешу үшін отандық ғылымның, авиация саласының және халықаралық серіктестердің мүмкіндіктерін біріктіруге бағытталған.



Институттың құрылуы Қазақстанда өзіндік авиациялық зерттеулер жүйесін қалыптастыру және Мемлекет басшысының   отандық авиация ғылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жолындағы маңызды қадам болды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Көлік министрлігінің қолдауымен Академия базасында жаңа ҒЗИ-дың ұйымдастырушылық және ғылыми-зерттеу негізі қалыптастырылды.

 

Қазіргі заманғы авиация өте жылдам өзгеріп келеді. Жасанды интеллект, үлкен деректер, цифрлық егіздер, ұшқышсыз және автономды жүйелер, жаңа материалдар, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи әдістері және тұрақты авиациялық отын енді алыс болашақтың технологиялары емес, біртіндеп авиация саласының нақты тәжірибесіне еніп келеді. Технологиялардың дамуымен қатар мамандарға қойылатын талаптар мен саланы дамыту тәсілдері де өзгеруде.

 

Сондықтан жаңа ҒЗИ жұмысының негізгі қағидаттарының бірі ғылыми кооперация болады. Академия нөлден бастап параллель ғылыми инфрақұрылым құруды көздемейді. Керісінше, Қазақстанда қалыптасқан ғылыми мектептерді, ғалымдардың құзыреттерін, зертханалар мен технологиялық мүмкіндіктерді біріктіріп, оларды азаматтық авиацияның нақты міндеттерін шешуге бағыттау басты мақсат болып отыр.


Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

 

Институттың ашылуы аясында Академия Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен және бейінді ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастығын нығайтты. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев іргелі ғылымды авиация саласының практикалық қажеттіліктерімен ұштастырудың маңыздылығын атап өтті.

 

«Біздің миссиямыз – ұлттық іргелі ғылымды саланың қолданбалы қажеттіліктерімен байланыстыру», – деді Асқар Жұмаділдаев.

 

Мұндай тәсіл елімізде қалыптасқан ғылыми мектептер мен зертханалық инфрақұрылымды жаңа, қайталама құрылымдар құрмай-ақ тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының қатарында жасанды интеллект және күрделі есептеулер, авиациялық деректерді талдау, авиациялық материалдарды зерттеу, заманауи диагностика және бұзбай бақылау әдістері, сондай-ақ авиациялық отын мен тұрақты авиациялық отын – SAF бағыттары бар.


Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

 

Атап айтқанда, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтымен жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және авиациялық деректерді талдау салаларындағы зерттеулерді дамыту жоспарлануда.


Ядролық физика институтымен авиациялық материалдарды зерттеу, конструкциялардың техникалық жай-күйін диагностикалау және заманауи бұзбай бақылау әдістерін қолдануға байланысты бағыттар қарастырылуда.


 

Авиациялық отын және SAF бағыты да ерекше орын алады. Бұл бағытта Жану проблемалары институты мен Д. В. Сокольский атындағы Отын, катализ және электрохимия институтының құзыреттерін біріктіру көзделген. Бұл отын мен оның компоненттерінің сипаттамаларын зерттеуден бастап, жану процестері мен тұрақты авиациялық отынның перспективалы технологияларын зерттеуге дейінгі жұмыстарды қамтиды.

 

Сонымен бірге ғылыми серіктестер шеңбері қазіргі қол жеткізілген уағдаластықтармен шектелмейді. Жаңа ғылыми және технологиялық міндеттер пайда болған сайын Академия Қазақстанның бейінді ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Нақты салалық міндетке сәйкес қажетті сараптамасы бар мамандар мен ұйымдардан зерттеу тобы құрылады.


Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

 

Осылайша, Академия ғылыми қауымдастық пен азаматтық авиация арасындағы байланыстырушы буын болуға ұмтылады. Яғни саланың практикалық мәселелерін нақты ғылыми-зерттеу міндеттеріне айналдырып, ғылыми нәтижелерді тәжірибеде қолдануға дейін жеткізу көзделеді.

 

Азаматтық авиация академиясының ректоры Дәулет Мамеков атап өткендей, ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық меморандумдарға қол қоюмен ғана шектелмеуі тиіс.


«Бізге жұмыс істейтін ғылыми кооперация қажет. Келісімге қол қойылғаннан кейін негізгі жұмыс басталуы керек: нақты міндеттерді анықтау, әр серіктестің зертханалық базасының мүмкіндіктерін бағалау, зерттеу топтарын қалыптастыру және алғашқы бірлескен жобаларды дайындау қажет», – деді ректор.

Оның айтуынша, осындай нақты жобалардың қалыптасуы құрылған модельдің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің біріне айналады.


Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

 

Болашақта бір ғылыми міндетті шешуге Азаматтық авиация академиясы, бейінді ғылыми-зерттеу институты, шетелдік университет және авиация саласының кәсіпорны бірлесіп қатыса алады. Академия саланың проблематикасын түсінуді және мамандар даярлауды қамтамасыз етсе, ғылыми институттар зерттеу сараптамасы мен зертханалық базаны ұсынады. Халықаралық серіктестер қосымша ғылыми және технологиялық тәжірибемен бөліседі, ал кәсіпорындар нақты практикалық міндеттерді қойып, алынған нәтижелерді сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

 

Бұл модельде халықаралық ынтымақтастыққа да ерекше мән беріледі. Академияның Қытайдың Азаматтық авиация университетімен (Civil Aviation University of China, CAUC) серіктестігінің алғашқы практикалық нәтижелерінің бірі – «Азаматтық авиацияның қауіпсіздігі және интеллектуалды технологиялары» бірлескен ғылыми-зерттеу зертханасының құрылуы.


Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

 

Зертхананы құру туралы келісімге 2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапары аясындағы іс-шаралар барысында Шанхай қаласында қол қойылды. Бүгінде бұл уағдаластық нақты іске асып, бірлескен зертхана Академия базасында ашылды.

 

Зертхана бірлескен зерттеулер жүргізуге, халықаралық ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ оқытушыларды, зерттеушілерді, магистранттар мен докторанттарды ғылыми жұмысқа тартуға арналған алаңға айналады.

 

Бұл тәсілдің перспективалылығын Қазақстанның Авиация әкімшілігінің Бас атқарушы директоры – Басқарма төрағасы Майкл Дэниел атап өтті.

 

«Қазақстан жаңа шешімдер зерттелетін, сынақтан өткізілетін және халықаралық серіктестермен бірлесіп одан әрі дамытылатын алаңға айналу үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Қазақстан авиациялық реттеуді дамыту тұрғысынан өте қолайлы позицияда тұр», – деді Майкл Дэниел.

 

Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

Оның айтуынша, Қазақстанның Азаматтық авиация академиясы мен Қытайдың Азаматтық авиация университеті арасындағы ынтымақтастық халықаралық серіктестіктің авиациялық ғылым мен технологияларды дамытуға ықпал ететінінің жақсы үлгісі болып табылады.

 

«Халықаралық ынтымақтастық ұйымдарымызға тәжірибе алмасуға, түрлі тәсілдерді салыстыруға және барған сайын жаһандық сипат алып, жекелеген елдердің шеңберінен шығып келе жатқан міндеттерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Авиация – көпсалалы индустрия. Оның одан әрі дамуы әртүрлі ғылыми және кәсіби бағыттардағы білім мен құзыреттерді біріктіруді талап етеді», – деп атап өтті Қазақстанның Авиация әкімшілігінің басшысы.

 

Институттың ғылыми күн тәртібі бірнеше перспективалы бағытты қамтиды. Олардың қатарында жасанды интеллект, машиналық оқыту, Big Data және цифрлық егіздер, ұшқышсыз және автономды авиациялық жүйелер, авиациялық конструкциялар мен материалдар, авиациялық қызметтің қауіпсіздігі және адами фактор, авиациялық отын және SAF бар.

 

Сонымен бірге ҒЗИ жұмысының нәтижелілігі тек ғылыми қызметтің дәстүрлі көрсеткіштері – ғылыми жарияланымдар, патенттер, конференцияларға қатысу, халықаралық жобалар және гранттық қаржыландыру тарту арқылы ғана бағаланбайды.


Бұдан кем емес маңызды көрсеткіш – зерттеудің нақты практикалық әсері. Яғни жүргізілген зерттеу саланың нақты мәселесін шешуге қаншалықты көмектесе алады, жаңа әдістеме немесе технологиялық шешім ұсына ала ма, авиациялық процестердің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыра ала ма деген сұрақтар негізгі назарда болады.

 

Осылайша, жаңа Институттың басты мақсаты – ғылыми зерттеулерді, білім беруді, авиация саласын және халықаралық ынтымақтастықты бір жүйеге біріктіріп, ғылымның нақты қажеттіліктеріне жауап беретін және Қазақстанның азаматтық авиациясының дамуына практикалық үлес қосатын тұрақты авиациялық зерттеулер жүйесін қалыптастыру.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page