Алматыда Еуропалық ғылыми бағдарламалар таныстырылды
- Редакция "СО"
- 3 hours ago
- 1 min read
ҚР ҒЖБМ «Ғылым қоры» АҚ және Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Орталық Азиядағы тұрақты энергетикалық байланыстар (SECCA)» жобасы Horizon Europe бағдарламасының ақпараттық күнін бірлесе ұйымдастырды, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Іс-шара 2025 жылғы 20-21 мамыр күндері Алматы қаласындағы Satbayev University базасында өтіп, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.
Info Day аясында ЕО мен өңір елдерінің жетекші сарапшылары Horizon Europe бағдарламасына қатысу мүмкіндіктерін, серіктестерді тиімді іздеу стратегияларын, ұлттық үйлестіру орталықтарының жұмысын және климат пен тұрақты энергетика бағыттарындағы бірлескен жобаларды іске асыру жолдарын таныстырды.
Іс-шарада Италия, Исландия және Орталық Азия елдерінен келген сарапшылар, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар ұлттық байланыс өкілдері қатысты. Ашылу салтанатында Еуропалық комиссияның Ғылым басқармасының өкілі Кремена Милева сөз сөйледі.
Қазақстандағы Horizon Europe бағдарламасының ұлттық координаторы Алия Сембаева еліміздің аталған еуропалық бағдарламаға қатысу тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастықтың тұрақты даму мен инновацияны енгізудің негізгі құралы ретіндегі маңызын атады.
«Іс-шараның Алматыда өтуі – біз үшін ерекше қуаныш. Бұл қала академиялық және технологиялық жетістіктердің орталығына айналып келеді. Соңғы екі жылда Қазақстан Еуропалық ғылыми ынтымастық жүйесінде маңызды қадамдар жасады. 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бастамасымен ЕО негіздемелік бағдарламалары бойынша Ұлттық үйлестіру орталығы құрылды. Содан бері біз тақырыптық тренингтер, халықаралық воркшоптар мен институционалдық әріптестік арқылы мықты іргетас қалыптастырып келеміз», – деп атап өтті Әлия Сембаева.
Comments