Алматыда студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана салынады
- Редакция "СО"

- 2 hours ago
- 1 min read
Алматыда Абай университетінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана салынады. Жобаны іске асыру туралы келісім Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп пен ҚХР-дың Қазақстандағы «Шэньси Ихэшеньфэнь» өнеркәсіптік тобы өкілдерінің кездесуі барысында жасалды.

Жаңа жатақхана Алматы қаласындағы Иван Шухов көшесінде бой көтереді. Заманауи студенттік кеңістікте секциялық бөлмелер, оқу және демалыс аймақтары, асхана, оқу залы, әлеуметтік нысандар мен қауіпсіздік жүйесі қарастырылады.
Жоба Мемлекет басшысының студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту және студенттік жатақханалар құрылысын кеңейту мәселесін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындаған болатын.
Осыған сәйкес Абай университеті мен Қытайдың «Шэньси Ихэшеньфэнь» өнеркәсіптік тобы арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Компания жаңа жатақхана құрылысына инвестор ретінде қатысады. Кездесу барысында компанияның бас директоры Лю Цзун Цзян Абай университетінің ғылыми әлеуеті мен тарихи маңызына жоғары баға беріп, жобаның еліміздің тұңғыш жоғары оқу орнының 100 жылдығы қарсаңындағы маңызды бастама екенін атап өтті.
Сонымен қатар университет қолданыстағы жатақханаларды жаңғырту жұмыстарын жалғастырады. Биыл Алматы қаласы, Абай даңғылы 56В мекенжайындағы №5 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек тағы төрт жатақхананы жөндеу жобасы әзірленіп жатыр.
Қазіргі уақытта Абай университетінде 13 жатақхана жұмыс істейді. Студенттер санының жыл сайын артуына байланысты университет өңірлерден келген білім алушыларды, әсіресе бірінші курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты кезең-кезеңімен күшейтіп келеді.



Comments