№8 мектеп-лицей: жаңа деңгей

Білім беру жүйесінің трансформациясы мектептен жоғары технологиялық өзгерістердің катализаторы болуды талап етеді. Осы тұрғыда №8 мектеп-лицей «Z» ұрпағының мүдделері мен сұраныстарына жауап беретін бірегей білім беру мекемесі ретінде көрінеді. Біздің басты миссиямыз – жоғары IT-құзыреттілігі бар, адал, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген және өзгерістерге бейімделе алатын білімді ұрпақты тәрбиелеу.
Біздің мектептің табысты дамуының негізі – оның ішкі мәдениеті мен мұғалімдеріміздің кәсібилігінде. 2021 жылы басталған «Құндылыққа бағдарланған білім беру» жобасы мектеп ахуалын түбегейлі өзгертті. Күнделікті таңертеңгі сәлемдесу дәстүрінен басталатын қарапайым, бірақ терең қадамдар біздің мектепте білім сапасының 34%-дан 56%-ға дейін артуына ықпал етті. Озық тәжірибені тарату мақсатында біздің мектеп Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды қалаларының мектеп директорлары мен мұғалімдеріне арналған бірнеше семинарлар мен конференциялар өткізді. Сонымен қатар, лицей мұғалімдері ұлы Абайдың «өзіне өзі есеп беру» қағидатын және жапон мектептерінің тәртіп жүйесін үлгіге ала отырып, Lesson Study және Action Research әдістемелерін белсенді қолданады. Біздің мұғалімдер бір-бірінен үйренетін, зерттеулер жүргізетін және кәсіби ынтымақтастықты ту етіп көтеретін үлкен ұжымдық қозғалысқа бірікті.
Action Research (әрекеттегі зерттеу) – рефлексия мен әрекетті ұштастыратын кәсіби өсудің құралы. Ол «байқа – рефлексияла – әрекет ет – бағала – өзгерт» циклінен тұрады. Педагогикада Action Research мұғалімге оқушылардың ерекшеліктерін жүйелі түрде диагностикалауға, білім алу қажеттіліктерін анықтауға және педагогикалық стратегияны нақты уақыт режимінде түзетуге мүмкіндік береді.
Осы берік іргетастың арқасында мектеп-лицейдегі оқыту жүйесі дәстүрлі пәндердің шеңберінен шығып, бес басты ғылыми-технологиялық бағытты тиімді қамтиды. Бірінші кезекте, біздің оқушылар жасанды интеллект (AI) саласында нейрондық желілерді жобалауды, машиналық оқыту негіздерін, чат-боттар мен виртуалды көмекшілерді әзірлеуді, компьютерлік көру және табиғи тілді өңдеу (NLP) технологияларын меңгереді. Бағдарламалау және IT бағытында олар Python, Java, C++ тілдерін оқиды, Web және Mobile қосымшаларын әзірлейді, бұлтты технологиялармен, Big Data-мен жұмыс істеуді және киберқауіпсіздік негіздерін меңгереді. Робототехника және озық инженерия саласында олар Arduino және Raspberry Pi негізінде смарт-құрылғылар мен «Ақылды үй» (IoT) жобаларын іске асырады, 3D-басып шығару және инженерлік модельдеумен айналысады. Кіші сыныптар үшін алгоритмдік ойлауды дамытатын Cody Play платформасы қолданылады, ал жоғары сыныптарда ЖИ қолдауымен дрон-футбол және әртүрлі роботтарды жинау меңгерілген. Агробиотехнология және смарт-фермерлік бағытында ЖИ көмегімен жер өңдеу және топырақ сапасын мониторингілеу жүргізіледі; біздің мектепте арнайы құрылған «Ландшафттық бақ» және заманауи «Мектеп жылыжайы» жыл бойы жұмыс істейді, оқушыларымызды автоматтандырылған суару жүйелерін енгізуге және ЖИ көмегімен өсімдіктердің өнімділігін болжауға іс жүзінде үйретеді. Бұл дағдылар іргелі ғылымдар, инновациялар және кәсіпкерлік бағытымен ұштасып, математиканы, физиканы, логиканы, биоинформатиканы және цифрлық медицинаны зерттеуге, сондай-ақ STEM және стартап-инкубаторлар, хакатондар және халықаралық байқаулар арқылы кәсіпкерлік дағдыларды шыңдауға жол ашады.
Жүйелі жұмыстың және құндылыққа бағдарланған тәрбиенің нәтижелері біздің мектептің көптеген жетістіктерінде айқын көрінеді. Біздің мұғалімдер «Үздік педагог», «Үздік пән мұғалімі» сияқты қалалық және республикалық деңгейдегі беделді байқаулардың көп мәрте жүлдегерлері атанып, кәсіби шеберліктерін дәлелдеді. Біздің оқушылар АҚШ-та өткен жоғары технологиялық жарыста «Super Pilot» құрметті атағы мен I орынды жеңіп алып, көзге түсті. Мектептің робототехника құрамасы – қалалық, республикалық және халықаралық жарыстардың көп мәрте жеңімпазы және жүлдегері. Биылғы жылы біздің мектеп шахмат бойынша «Үздік мектеп» номинациясын ресми түрде жеңіп алды.

Қазіргі білім беруде тек технологияға ғана сүйену жеткіліксіз. Нағыз табыс тек жасанды интеллект, ғарыштық модельдеу және смарт-инженерия сияқты озық ғылымдар ұлттық құндылықтармен, тәртіппен және терең адамгершілікпен ұштасқанда ғана келеді.
Гульнур АЙТИМОВА,
Астана қаласы «№8 мектеп-лицей» КММ директоры
АННОТАЦИЯ
В данном материале представлены достижения КГП «Школа-лицей №8» города Астаны в воспитание образованных, честных и высоконравственных граждан, владеющих передовыми IT-компетенциями. Автор подчёркивает, что настоящий прорыв возможен лишь при гармоничном сочетании высоких технологий с нравственностью, дисциплиной и национальными ценностями.

Comments