top of page

Астанада QAIRU Inflection 2026 байқауының жеңімпаздары марапатталды

20 тамызда Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында Qazaq AI Research University (QAIRU) университетінде білім алу үшін дарынды жастарды іріктеуге бағытталған QAIRU Inflection 2026 байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, «Замануи білім беру» журналы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 


В Астане наградили победителей QAIRU Inflection 2026

Байқау қорытындысы бойынша он жеңімпаз Qazaq AI Research University ұсынған білім беру гранттарына ие болды.


Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Qazaq AI Research University басшылығы, байқау финалистері және шақырылған қонақтар қатысты.


QAIRU Inflection Қазақстанның түкпір-түкпірінен аналитикалық, бейімделгіш және стандарттан тыс ойлау қабілеті жоғары, күрделі технологиялық міндеттермен жұмыс істеп, жаңа шешімдер әзірлеуге қабілетті дарынды әрі ынталы жастарды анықтауға бағытталған.


Іріктеу үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлердің мотивациясы бейнетаныстырылым арқылы бағаланды. Екінші кезең логикалық және аналитикалық ойлау қабілетін тексеруге бағытталған онлайн-іріктеуді қамтыды. Қорытынды кезең Астанада офлайн форматта өтіп, қатысушылар командалық жұмыс дағдыларын, стандарттан тыс тәсілдерді табу және қолданбалы міндеттерді шешу қабілеттерін көрсетті.


Байқау жастар арасында жоғары қызығушылық тудырды. Барлығы 675 өтінім түсіп, оның ішінде 149 үміткер іріктеуге жіберілді. Екінші кезеңге 51 қатысушы өтті. Байқау сынақтарының қорытындысы бойынша үздік 20 үміткер финалға жолдама алып, олардың арасынан он жеңімпаз QAIRU-да білім алуға арналған гранттарға ие болды.


Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде адами капиталдың ерекше маңызға ие екенін атап өтті.


Qazaq AI Research University-ді дамыту – Қазақстанда жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесін қалыптастыру және озық технологиялар, ғылым мен кәсіпкерлік тоғысында жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлау жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі.


Inflection атауы «траекторияның өзгеру нүктесін», яғни қатысушының алдағы білім алу және кәсіби жолын айқындайтын шешуші сәтті білдіреді. Жеңімпаздар үшін QAIRU-да білім алу оқу үдерісін, зерттеулерді, индустриялық жобаларды және жеке технологиялық өнімдер әзірлеуді біріктіретін ортада дамуға мүмкіндік береді.


Кадр даярлаудың жаңа моделі қолданыстағы технологияларды тиімді пайдаланып қана қоймай, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті дербес шешімдер әзірлей алатын AI-инженерлердің, зерттеушілер мен технологиялық кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.

Comments


© 1999-2022  "Современное образование" республикалық журналының редакциясы

  • Vkontakte Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page